Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 6 мамырда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды»,-делінген хабарламада.
Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуірінен бүгінге дейін Қызылорда облысын басқарған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары лауазымын Роман Скляр атқарған еді.
Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Еңбек жолын 1997–1998 жылдары аралығында «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған. 1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, 2008-2013 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданының әкімі болған. Ал 2013-2021 жылдары Қызылорда облысы, Қызылорда қаласының әкімі, 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарған. Cодан беріде Қызылорда облысы әкімі болған.
Көбіне аймақта әкімдік қызметінде болған Нұрлыбек Нәлібаевтің белгілі шенеунік марқұм Бердібек Сапарбаевтың немере інісі екені айтылады.
