Голливудта киноға түскен алғашқы қазақ

209
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LOodfZ3KRA3HvLh7DmkEozAujB0MEeZjtInNddm6.webp

14 мамырда қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақ КСР халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев 85 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жарты ғасырдан астам уақытын кино саласына арнаған актер ұлттық кинематографияның дамуына өлшеусіз үлес қосып, қазақ өнерінің тарихында өзіндік із қалдырды.

Нұржұман Ықтымбаев Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Алтынемел өңірінде дүниеге келген. Бала кезінен халық ауыз әдебиетіне жақын болып өскен ол «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» секілді жыр-дастандарды жатқа айтып, ауыл арасындағы өнер кештеріне қатысқан.

1957 жылы Алматыға келіп, хореографиялық училищеге түскен. Ол қазақ өнерінің белгілі өкілдері Ғарифолла Құрманғалиев пен Ұлықпан Құбышев ұстаздардан тәлім алды.

Актердің кино әлеміне келуіне Сара Жорабаева ықпал еткен. Кейін Абдолла Қарсақбаев түсірген Қилы кезең фильмі арқылы оның кинодағы жолы басталды.

Нұржұман Ықтымбаев "Атаманның ақыры", "Мәншүк туралы жыр", "Нан дәмі", "Көксерек", "Балалық шаққа саяхат" секілді туындылардағы рөлдері арқылы кеңінен танылды. «Нан дәмі» фильміндегі рөлі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленіп, қазақ актерлері арасындағы беделді марапат иелерінің біріне айналды.

Өнер иесі халықаралық кино жобаларына да қатысып, Жерар Депардье мен Кэри-Хироюки Тагава секілді әлемдік деңгейдегі актерлермен бірге жұмыс істеді. Ол Голливуд жобаларына қатысқан алғашқы қазақ актерлерінің бірі ретінде аталады.

Пікірлер