Қазақстанның белгілі сәулетшісі Алмас Ордабаев өмірден өтті

129
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tYieFSWjbaxEZZwLWtbTeQdO3EMOgM4QVtimODUt.jpg

Белгілі қазақстандық сәулетші, дизайнер және сәулет тарихын зерттеуші Алмас Баймұханұлы Ордабаев 88 жасында өмірден өтті. Қаралы хабарды оның жұбайы Ольга Даугалиева жеткізді, деп абарлайды "Адырна". 

«Бүгін менің әкем, Алмас Ордабаев өмірден өтті. Ол мен үшін қалай өмір сүрудің де, қалай бұл дүниемен қоштасудың да үлгісі болып қалды.

Өткен күні жары Ольгаға қоштасатынын айтып, соңғы салған картиналарына қолтаңбасын қойды. Кеше менімен қоштасты. Бүгін Прагадағы немерелерімен қашықтан қоштасып, оларға қол бұлғап, соңғы рет амандасты. Жымиып тұрып, бәрімізді жақсы көретінін айтты.

Арада жарты сағат өткенде әкемнің жүрегі тоқтады», деп жазды қызы Жәмила Стехликова.

Алмас Ордабаев 1959 жылы Ленинград инженерлік-құрылыс институтының сәулет факультетін, ал 1962 жылы Қазақ политехникалық институтының өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1960-жылдардың басында белгілі сәулетші Николай Рипинскийдің жетекшілігімен «Қазқалақұрылысжоба» институтында бастаған.

1975–1976 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бейнелеу өнері және тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімін басқарды. Осы кезеңде ол Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы мен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Кейін бұл жобалар туралы естеліктерін «Власть» редакциясына берген бейнедәрістерінде баяндаған.

1980-жылдары Алматыдағы «Самал» ықшамауданын жобалау жұмыстарына атсалысты.

Алмас Ордабаев ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметпен айналысты. Қазақ политехникалық институтының сәулет кафедрасында дәріс оқып, философия кафедраларында мәдениеттану пәнінен сабақ берді. Сондай-ақ Каспий университетінің сәулет және дизайн кафедрасының профессоры болды.

Пікірлер