Қазақ режиссерінің фильмі Шанхай кинофестиваліне жолдама алды

97
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uNVQcGF5J3w49poFtSYjkhA4PS0kNj2eXJlnvjP3.jpg

Қазақстандық режиссер Әліби Мұқышевтің «No Good In Sight: A Story»фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына енді, деп хабарлайды "Адырна".

Фильмнің алғашқы көрсетілімі 16 маусым күні Шанхай қаласында өтеді. Осылайша туынды Азиядағы ең беделді кинофорумдардың бірінде Қазақстан киноөнерін таныстырмақ.

Картинаның түсірілімі 2023 жылы басталған. Сценарий авторы әрі режиссері – К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Әліби Мұқышев. Жобаға аталған оқу орнының 70-ке жуық студенті қатысқан.

Фильм әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты арқау етеді. Кейіпкерлер тағдыры арқылы отбасының адам өміріндегі маңызы, өткен шақтың ізі мен өмірлік тәжірибенің тұлға қалыптасуына ықпалы көркем түрде көрсетіледі. Сонымен қатар туынды жалғыздық, сағыныш, жауапкершілік және ар мәселелерін қозғап, көрерменді отбасы құндылығы, тағдыр таңдауы мен жан тыныштығы жайында ойлануға жетелейді.

Айта кетейік, 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Шанхай халықаралық кинофестивалі – Қытайдағы Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) «А» санатына аккредиттеген алғашқы кинофестиваль.

Пікірлер