Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әңгімелесу барысында екі ел басшысы қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ тараптар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту және биыл сәуір айында Бұхара қаласында өткен жоғары деңгейдегі кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру мәселелерін талқылады.
Президенттер әкімшіліктері, үкіметтер және салалық ведомстволар арасындағы байланыстың жандануы екіжақты ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға және бірлескен жобаларды тиімді ілгерілетуге ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы уақытта өткізілетін ортақ іс-шаралардың кестесін қарастырды.
Көшбасшылар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық, тату көршілік және өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
