15 млн қазақстандықтың жеке мәліметтерінің тарауы. Министрлік түсініктеме берді

127
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Yvdi585pJ7EG87yMuUST8tOvitHtrLsBW6cGLZLL.png

eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ. Сонымен қатар біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. Және ЕGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды»,–делінген хабарламада.

Министрлік мұны растайтын басқа да фактілер бар екенін жеткізді.

«Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады»,– делінген хабарламада.

Бұған дейін Даркнетте 15 млн қазақстандықтың жеке деректері сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тараған еді.

Пікірлер