Жетісу облысының Алакөл ауданында қол жетуі қиын таулы аймақта тұтанған құрғақ шөп өртімен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлауынша, өртті сөндіруге кей учаскелердің қолжетімсіздігі кедергі келтіруде.
Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардан 52 адам мен 11 техника жұмылдырылған. Таулы аймақта ҰҚК Шекара қызметінің авиациясы және ТЖМ-нің «Қазәуеқұтқару» қызметі де жұмыс істеп жатыр.
Әуеден өрт аумағына жалпы көлемі 33 тонна болатын 11 рет су төгілген.
ТЖМ мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай ведомствоның бақылауында.
Бұған дейін Қарағанды облысының Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарында да дала өрттері тіркелген. Оларды оқшаулау және елді мекендерді қорғау жұмыстарына 620 қызметкер мен 134 техника тартылған.
