Каспий теңізінде қазақстандық әскери кемелердің оқу-жаттығуы басталды

59
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zlHM36g70S6CVYaj1CeJr5X9JKs14KWtLFe1yZuN.webp

Фото: Report

Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінде жоспарлы оқу-жаттығу жұмыстарын бастады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

«Каспий теңізінің Қазақстан секторында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері жоспарлы оқу-жаттығуын бастады. Экипаждар Қазақстан секторындағы теңіз айдынын толық жүріп өтіп, түрлі жағдайларда әрекет ету дағдыларын пысықтайды және практикалық атыс жаттығуларын өткізеді», – делінген ведомство хабарламасында.

Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Әскери теңізшілер кемелер арасындағы өзара іс-қимылды, навигация мен байланысты, кемені басқаруды және қару-жарақты қолдануды пысықтайды. Сондай-ақ экипаждардың жағалаудан едәуір қашықтықтағы әрекеттеріне ерекше назар аударылады.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, 1-ранг капитаны Арман Сатқановтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында экипаждардың практикалық дағдыларын одан әрі жетілдіруге басымдық беріледі.

«Жорық-жаттығу барысында экипаждар кемедегі қару-жарақты қолдана отырып, практикалық атыс жүргізеді және бірлескен іс-қимылдарды пысықтайды. Кезеңдер өткен сайын тапсырмалар күрделене түседі, сондай-ақ оқу-жаттығуға қосымша бөлімшелер тартылады. Бұл оқу-жаттығу кеме экипаждарының түрлі жағдайларда қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексеруге және Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.

Пікірлер