Мұхтар Мағауин өзінің 2012 жылғы мақаласында Валерий Михайловтың Ашаршылық туралы жазған еңбегі мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын айтады. Ол Михайловтың кітабын «қасірет жылдарының біршама толық тарихы» деп бағалайды.
Қазақ даласындағы Ашаршылық туралы кітаптың авторы жазушы Валерий Михайловтың таяуда І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғаны белгілі. Ол 7 қыркүйекте 80 жасқа толды. «Хроника великого джута» деректі повесі (1990, 1996), бірқатар очерктер жинағы, «Прямая речь» (1983), «Весть» (1994), «Немерцающий свет» (1996), «Ограда» (1999), «Молитвенный дым» (2003), «Колыбельная из-под небес» , «Молчун-трава», «Золотая дремота» (2005), «Пыльца», «Годовая свеча» (2006), «Русский хаос» (2007), «Паслён», «Тысячелетие другое», «Угол сердца» (2008) өлеңдер жинағы жарық көрген.
Ашаршылық туралы кітабы «Ғаламат жұт шежіресі», «Ұлы жұт жазбалары» деген деген атпен қазақ тіліне аударылған. 15 шақты мәрте қайтара басылып шықты. Тәуелсіздік қарсаңында жазылған бұл кітап мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылып өтпей қалған екен. Бұл туралы жазушы Мұхтар Мағауин « Кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған еді – ғұзырлы жиырма бірдеңе кісіден бес-алты-ақ дауыс жақтап шықты; бұл да сонау алапат жылдардың зардабы - алыс пен жақынды айыра алмайтын, тек бір сәттік пайдасын ғана ойлайтын көрсоқырлық, буынымызды бойлап, қанымызға сіңген тексіздіктің нақты бір көрінісі»,- деп жазды. Мұхтар Мағауиннің Абай сайтында 2012 жылы жарияланған «Ғаламат апат шындығы» жазбасынан ықшамдап, Валерий Михайловтың осы еңбегі туралы айтылған тұсын назарларыңызға ұсынамыз.
Зұлымдық империясы тырапай асып құлаған жылы дүние ғажайып еді. Сол жыл ғана емес, соған жалғас тағы бір-екі жыл. Көңіл қандай, үміт пен тілек қандай, мақсат-мұрат қандай. Бірақ алакеуім кезеңде айрықша ептілік танытып, өкіметті басып қалған билеуші тап - бұрынғы коммунистік номенклатураның ниеті де, жоспары да басқаша болып шықты. Олар өз бетінше - қарпып қалу, қамтып қалу бағдарындағы жанталас үстінде, біз өз бетімізше - тәтті қиял, орындалмас арман жетегінде, әрекетсіздік емес, қарбалас жұмыс астында. Зиялы қауым, оның ішінде жазармандар тарабынан жаңа тақырыпты, жаңа емес, ескі, бірақ тиым салынған, жабық жатқан, сан-салалы мәселелерді айқындап, көмескінің бетін ашуға жаппай ұмтылыс басталды. Соның ішінде ең бір өзекті, қызығы жоқ, тек дерт-қайғысы ғана бар өзгеше желі - Қазақ Ашаршылығы болатын. Әуелі әрқилы өлеңдер жазылды, бірді-екілі хикаят дүниеге келді. Мұның бәрі - кейін де, тіпті, жүз жылдан соң да жүзеге асуы мүмкін нәрселер. Ең бастысы - Ашаршылықтың шынайы тарихын қалыптау болатын. Осы орайда, талапкер ізденушілер тарабынан жекелеген мақалалар жазылды, бірді-екілі архив деректері мағлұм болды. Мәселен, жер аударылған оқымысты профессордың бойжеткен қызы Татьяна Невадовская жан түршігерлік деректер және нақты фото-айғақ қалдырған екен, архивші ғалым Марат Хасанаев жарыққа шығарды. Әйткенмен, атаулы тақырып мүлде игерілмей жатқан. Біздегі тарих ғылымының өріс-қауметі белгілі. Дәрежелі оқымыстымыз тінтінектеп, ырғатылып, сүйретіліп, ақыры шалағай бір мақала жазып біткенше қаншама заман. Саны мен сапасын айтпай-ақ қояйық. Жетпіс жыл бойы тек нұсқаумен ғана жүрген, ал 1951 жылғы зобалаңнан соң мүлде жоққа сайған мүгедек, жарымжан ғылымнан не күтуге болады. Қазақ Ашаршылығы күні бүгінге дейін толық зерттелмеген, бар сұмдығы ашылмаған, шалғай тақырып күйінде қалуы заңды. Жан-жақты, түбегейлі зерттелуі үшін партиялық жаңа қаулы керек екен. Онымен де дүние түзелмесі анық, тарихшы ғалымдардың жас, әлуетті, жаңа бір толқыны керек екен. Қайткенде, қалған жұрт кеше ғана колхоз құрылысы мен кәсіподақ тарихын зерттеген оқымыстыларымыз қашан жазады, немене жасайды деп күтіп отырмайтын еді. Ең алдымен республикалық әдеби «Жұлдыз» журналы, сол тұстағы «қайта құру» және «жариялылық» ұранын пайдаланып, 1989 жылдың бірінші санынан бастап, Қазақ Ашаршылығы тақырыбына айрықша бет бұрды. Көркем шығармалармен қатар, көзкөрген естеліктерге кеңінен жол ашылыпты. 1932 жылы ес білген, жеті жасар баланың өзі бұл кезде алпысты орталағанын айтсақ, әлденедей әңгіме шығуы мүмкін кісілердің саны шектеулі екені түсінікті, көп ұзамай-ақ бұлардың барлығы да өтіп кетерін ойласақ, мейлінше асығу қажет еді. Ақыры, 1989-1994 жылдар орайында «Жұлдыз» журналы қасіретті «Сары кітап» айдарымен, мүмкін болған, арнайы жүктелген, соған жалғас өз аяғымен келіп түскен қаншама естелік жариялады, жинақтап, қайыра бастырса, екі томға тартар еді. Бұл кезде «Жұлдыз» ғана емес, қазақ тілді басқа да басылымдар шама-шарқынша, үзік-үзік естеліктерге орын берген. Тасқа басылған жазу ешқашан өшпейді десек, ертелі-кеш бұл жазбалардың барлығы да қайта теріліп, қасірет кітабының қатарын толтыруға тиіс.
Міне, осы кезде, ешкім күтпеген, өзгеше бір еңбек дүниеге келіпті. 1993 жылы. «Хроника великого джута» деп аталады. Яғни «Ғаламат жұт шежіресі». Орыс тілінде. Авторы - қазақ емес, орыс. Кәдімгі, сары орыс, таза орыстың өзі. Қазақстандық зиялы, ақын әрі жазушы Валерий Михайлов. Игі жақсы адамзатқа ортақ деген осы. Валера бауырымның маған, жекелей бір әңгіме үстінде, ағынан жарылып айтқаны бар еді: «Сен қазақтың ұлтшылысың, мен орыстың ұлтшылымын, - екеуміздікі де дұрыс!» - деген. Шын ұлтшыл - өз ұлтын сүйетін, сонымен қатар басқа жұртты сыйлайтын адам. Өз халқын қалтқысыз жақсы көрген тұлға бүкіл адамзатты құрмет тұтпақ. «Жақсыда жаттық жоқ», - деген баяғы қазақ.
«Ғаламат жұт шежіресі» - Қазақ Ашаршылығына арналған ең алғашқы және бүгінде бірден-бір деректі еңбек. В.Михайлов бұл кітабын жаңа мағлұмат, тың толғамдармен үстемелеп, 1996 жылы қайыра бастырды. Осы қалпында, қасірет жылдарының біршама толық тарихы деп айтар едім. Бүгінде 1932-1933 жылдарғы Ашаршылық тақырыбына арналған ең сүбелі, ең елеулі шығарма. Тарихи құжаттар, архив деректері алға тартылады. Сонымен қатар, осы ауыр жағдайды өз басынан өткерген, тікелей куә болған қаншама жанның нақты естеліктері бар. Автордың өзі жүздескен, ауызба-ауыз сөйлескен кісілері. Негізінен ұлт зиялылары, белгілі қаламгерлер. Кейінгілермен қатар, сол замандағы куәліктер де көрініс тапқан. Басқа ұлт өкілдері, ең алдымен орыс зиялыларының жан айқайы. Бір сөзбен айтқанда, Валерий Михайлов «Ғаламат жұт шежіресі» кітабында 1932-1933 жылдарғы Қазақ Ашаршылығы тақырыбын еркін игеріп, шынайы таңбаға түсіріпті.
Бірақ ешбір қазақ жазбаған бұл ерекше кітап өз ортамызда қалай бағаланды десек - жекелеген зиялылардың ілтипатынан аспапты. Тек «Жұлдыз» журналында ғана бірер тарауы аударылып басылды және тұтас кітап турасында ұнасымды пікір айтылды. Кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған еді – ғұзырлы жиырма бірдеңе кісіден бес-алты-ақ дауыс жақтап шықты; бұл да сонау алапат жылдардың зардабы - алыс пен жақынды айыра алмайтын, тек бір сәттік пайдасын ғана ойлайтын көрсоқырлық, буынымызды бойлап, қанымызға сіңген тексіздіктің нақты бір көрінісі. Сөзіңді сөйлеп отырған марғасқаны сыйламасаң, құның белгілі болды, сені ешкім де сыйламақ емес. Алайда, айттық – Валерий Михайлов өлмес, өшпес еңбек жасады және бұл тақырыпта, баяғы Роберт Конквесттің «Үлкен террор» кітабындағы тиесілі тарауды айтпасақ, бірінші болды. Валерий Михайловтың қолынан шыққан Ашаршылық шежіресін толқымай оқу мүмкін емес.
Қазақ өз тарихын жөнді білмейді. Жаугершілік замандағы арпалыс, ұлт-азаттық көтерілістері, ашаршылық, геноцид…
