Цирк – көзге көрінген ғажайыптың ар жағында көзге көрінбейтін үлкен еңбегі бар өнер. Манежде бірнеше минутқа ғана созылатын көріністің артында жылдар бойғы дайындық, темірдей тәртіп, табандылық пен өнерге деген шексіз сүйіспеншілік жатады.
Әсіресе аңдармен жұмыс істейтін цирк әртісінің кәсібі – ерекше жауапкершілікті талап ететін мамандық. Қазақ цирк өнерінің өзіндік мектебін қалыптастыруға үлес қосқан өнерпаздардың қатарында Тунгалаг Өселбаеваның орны бөлек. Бурят елінің қызы болып дүниеге келген Тунгалагтың тағдыры оны Қазақстанмен байланыстырып, кейін қазақ циркінің сахнасында өзіндік қолтаңбасы бар кәсіби маманға айналдырды. Ол – цирк өнеріндегі нәзіктік пен батылдықты, сабыр мен қайсарлықты қатар алып жүрген өнер иесі.
Тунгалаг Өселбаеваның шығармашылық жолы бірден аң үйретушіліктен басталған жоқ. Ол алғашында цирк өнерінің басқа жанрларында еңбек етті. Мәскеудегі цирк училищесінде білім алып, гимнаст ретінде өнер көрсетті. Кейін жолдасы Мұрат Өселбаевпен бірге Алматы циркінде ұзақ жылдар қызмет атқарды.
Цирк әртісі болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – адамның бүкіл өмір салтын өнерге бағындыруы. Тунгалаг Өселбаеваның тағдырынан осыны анық көруге болады. Ол Қазақстанға келгеннен кейін жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, қазақ тілін үйренуге ерекше көңіл бөлген. Бір сұхбатында күн сайын бірнеше сөз жаттап, түсінбегенін сұрап, біртіндеп қазақша еркін сөйлей бастағанын айтқан. Бүгінде оның қазақ тілінде сөйлегені, қазақ мәдениеті мен өнеріне деген құрметі – елге деген шынайы ықыласының бір көрінісі.
Өнер адамы үшін туған елдің мәдениетін жүрекпен қабылдау – үлкен қасиет. Тунгалагтың өмір жолы да осыны дәлелдейді. Ол қазақ шаңырағына келін болып түсіп, Қазақстанды өзінің туған жеріндей қабылдады. Астанаға көшкеннен кейін елорданы өзінің жаңа Отаны ретінде бағалағанын айтқан. Оның шығармашылық жолындағы маңызды кезеңнің бірі – 2005 жылы Астана циркінің ашылуы. Сол кезеңде Өселбаевтар отбасы жаңа цирк ұжымын қалыптастыруға атсалысты. Астана циркінің алғашқы директоры Балтабек Жұмағұловтың шақыруымен Мұрат Өселбаев жаңа ұжымның құрылуына үлес қосты. Ал Тунгалаг осы шығармашылық ортаның белсенді мүшесіне айналды.
Тунгалаг Өселбаеваның есімі көпшілікке ең алдымен арыстан үйретуші әртіс ретінде танымал. Ол Қазақстандағы арыстан үйретуші әйелдердің бірі ретінде цирк тарихында өзіндік із қалдырды. Оның бұл жанрға келуі де өмірдің кездейсоқ шешімі емес, отбасы тағдырымен, өнерге деген адалдығымен тығыз байланысты.
Бастапқыда Тунгалаг арыстандармен жұмыс істеуге аса ықыласты болмаған. Өйткені цирктегі гимнастика мен жануарларды үйретудің арасы жер мен көктей. Гимнастикада адам өз денесін басқарса, дрессурада адам жануардың мінезін, психологиясын, әдетін түсінуі керек. Жолдасы Мұрат арыстандарды үйретуді бастағанда, Тунгалаг оған көмекші болды. Кейін бұл жұмыс оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл өнердің қиындығын Тунгалаг ханымның өз сөзінен де аңғаруға болады. Арыстандармен жұмыс істеген жылдары ол жануарлардың әрқайсысының мінезі әртүрлі екенін, бірінің тез үйренетінін, екіншісінің адамға бірден бауыр баса қоймайтынын айтқан. Дрессурада дайын рецепт болмайды. Мұнда басты ұстаз – тәжірибе. Сондықтан Тунгалагтың арыстан үйретушілік мектебін тек трюк көрсету өнері деп қарау дұрыс емес. Бұл – жануарды түсіну, оның мінезін тану, оған қамқорлықпен қарау және сонымен бірге кәсіби тәртіпті сақтай білу өнері. Оның манеждегі бейнесі көрерменге батылдықтың символындай әсер етеді. Арыстанның жанында тұрған нәзік әйелдің сабырлы қалпы цирк өнерінің сыртқы эффектіден әлдеқайда терең екенін көрсетеді.
Цирк көрерменді таңғалдырады. Бірақ көрерменнің көз алдында бірнеше минутта орындалатын көріністің артында жылдар бойғы еңбек тұрады. Тунгалаг Өселбаева үшін де манежге шығу – күнделікті қалыпты жұмыс болғанымен, әрбір қойылымның өз жауапкершілігі бар. Ол әртістің сахнаға шығар алдында толқуы заңды екенін айтқан. Оның пікірінше, толқу – өнерпаздың жауапкершілігін сезінетінін білдіреді. Ал тордың ішіне кірген кезде әртіс өзінің эмоциясын басқара білуі керек. Мұнда қорқынышқа беріліп кетуге болмайды. Жануар адамның қобалжуын да сезуі мүмкін. Сондықтан аң үйретуші ең алдымен өзін тәрбиелейді. Тунгалагтың кәсіби ұстанымының өзегі де осында: батылдық – қорықпау емес, қорқынышты жеңе білу. Тунгалаг апай, алғашқы кезде арыстандардан қорыққанын жасырмайды. Бірақ уақыт өте келе тәжірибе, күнделікті еңбек және жануарлармен орнаған байланыс бұл қорқынышты кәсіби сенімге айналдырған.
Арыстан үйретуші үшін әр жануар – жай ғана цирк реквизиті емес, өзіндік мінезі бар тіршілік иесі. Тунгалагтың жұмысындағы ең маңызды ерекшеліктің бірі де осы – жануарларға деген жауапкершілік пен қамқорлық. Тунгалаг Өселбаеваның өмір жолын жолдасы Мұраттың шығармашылығынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Екеуі цирк өнерінде бірге еңбек етті. Мұрат – акробат, Тунгалаг – гимнаст ретінде өнер көрсеткен. Кейін олардың шығармашылық тағдыры аң үйрету жанрымен тоғысты. Мұрат Өселбаевтың өмірден өтуі Тунгалаг үшін үлкен қайғы болды. Бірақ ол жолдасының бастаған ісін тоқтатпады. Керісінше, оның өнердегі аманатын жалғастырып, арыстандармен жұмысын әрі қарай алып кетті. Бұл тұста өнердің отбасылық дәстүрге айналғанын көреміз. Кейін олардың ұлы Мұхтар да әкесінің жолын жалғастырып, анасына серік болды. Осылайша Өселбаевтар отбасының цирктегі кәсіби жолы бір адамның емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына айналды.
Тунгалаг Өселбаеваның өмірінен біз қазақ циркінің көпұлтты табиғатын да көреміз. Қазақ циркі – әртүрлі ұлт өкілдерін бір өнердің төңірегіне біріктіретін үлкен шығармашылық орта. Мұнда адамның ұлты емес, өнерге деген адалдығы, кәсіби шеберлігі бағаланады.
Бурят қызы Тунгалагтың қазақ мәдениетіне жақындауы, қазақ тілін үйренуі, қазақ шаңырағына келін болуы және Қазақстан циркінің дамуына еңбек сіңіруі – мәдениеттер сабақтастығының жарқын мысалы. Ол қазақ циркінің көрерменіне өзінің өнерімен ғана емес, адамдық болмысымен де жақын болды. Астана циркінің қалыптасу тарихында Өселбаевтар әулетінің есімі де аталады. Бұл – бір отбасының кәсіби еңбегі арқылы тұтас өнер саласына қызмет етудің үлгісі. Тунгалаг Өселбаеваның өмір жолы бізге бір маңызды шындықты ұқтырады- цирк – жеңіл-желпі көңіл көтеру емес, үлкен кәсіби мектеп. Манежде көрінетін әрбір қозғалыстың, әрбір трюктің артында тәртіп бар. Әрбір қойылымның артында жаттығу бар. Ал әрбір жеңістің артында жылдар бойы жинақталған тәжірибе бар. Тунгалаг осы жолдың ауыртпалығын да, қуанышын да көрді. Ол гимнастикадан аң үйретуге дейінгі шығармашылық жолдан өтті. Алматы циркінен Астана циркіне дейінгі кезеңді бастан өткерді. Отбасылық қайғыны жеңіп, жолдасының кәсіби мұрасын жалғастырды. Ұлымен бірге цирк өнерінің күрделі жанрын дамытты. Оның есімі қазақ циркінің тарихында ең алдымен еңбекқорлық, батылдық және өнерге адалдық ұғымдарымен сабақтасады. Ол қазақ циркінің манежінде өз тағдырын, өз мектебін, өз қолтаңбасын қалдырған өнер иесі. Оның өмірі – цирк өнеріне деген адалдықтың, отбасы дәстүрінің және Қазақстан мәдениетіне қызмет етудің тағылымды үлгісі.
Бахтияр Тұрсын
«Астаналық цирк» МКҚК шығармашылық-әртістік бөлімнің басшысы, театртанушы
