Фото: Abdul Saboor / Reuters
Францияда өмір сүру құнының өсуіне және биліктің ішкі саясатына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. 17 қазанда елдің бірнеше қаласында ұйымдастырылған шерулерге билік мәліметінше, шамамен 550 мың адам қатысқан. Ал кәсіподақ өкілдері қатысушылар саны 800 мыңға жуықтағанын мәлімдеді. Бұл туралы DW жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Шерулер Парижден бөлек, Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларында өтті. Қатысушылар биліктің ішкі саясатына қарсылық білдірді. Алайда кейбір қалаларда акциялар тонау, өрт қою және мүлікті бүлдіру оқиғаларына ұласты.
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорнюдің мәліметінше, ел бойынша 1 200 адам ұсталған. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 150-і шерушілермен болған қақтығыстар кезінде жарақат алған.
Париж, Лион және Страсбург қалаларында полиция демонстранттарға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Франция астанасында қару-жарақ пен өзге де тыйым салынған заттарды алып жүрген шамамен 100 адам ұсталған.
Марсельде наразылық білдірушілер мэрия ғимаратына кіріп, бірнеше дүкенді талқандаған және полиция бөлімшесіне басып кіруге әрекеттенген. Лионда туристік ақпарат орталығы өртенсе, Авиньонда шерушілер префектураның ішкі ауласына өткен. Гренобльде мэрия ғимараты бүлінген.
Ал Лимож қаласында шамамен 140 жылдық тарихы бар мэрия ғимаратына өрт қойылып, соның салдарынан қоңырау мұнарасы құлаған.
Франция үкіметі шұғыл жиын өткізді
Наразылыққа қатысушылар саны билік күткен межеден едәуір асып түсті. Алдын ала болжам бойынша, 17 қазанда Парижде шамамен 40 мың адам, ал елдің басқа өңірлерінде 150 мыңға жуық адам шеруге шығуы мүмкін еді.
Оқиғаларға байланысты Франция үкіметі сенбі күні кешке шұғыл кеңес өткізді. Премьер-министр Себастьен Лекорню тәртіпсіздіктерге «аса солшыл топтарды» кінәлады.
«Бұл зорлық-зомбылықты президент сайлауы алдындағы дайындық ретінде пайдаланғысы келетіндерге ашық айтамын: бізді қорқытуға жол бермейміз. Ешкім зорлық-зомбылық арқылы өзінің саяси жоспарын таңуға қол жеткізе алмайды», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Франция президенті Эмманюэль Макрон да жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзып, префектуралар мен дүкендерге шабуыл жасаған, тіпті мэрияларды тонаған адамдар заң алдында жауап береді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, өмір сүру құнының өсуі Бельгия, Португалия және Италияда да жаппай наразылықтарға себеп болған.
Брюссельде өткен акцияға бірнеше жүз адам қатысып, полициямен қақтығыстар тіркелді. Ал наразылық бірнеше күннен бері жалғасып жатқан Лиссабонда 17 қазанда ондаған мың адам көшеге шықты.
Италияның Милан қаласында демонстрациялар тәртіпсіздікке ұласып, полиция көзден жас ағызатын газ қолданды. Болоньяда құқық қорғау органдары су шашатын арнайы техника пайдаланып, жеті адамды ұстады.
Бұдан бөлек, 17 қазанда Албанияда да соңғы бір айдағы кезекті наразылық акциялары өтті. Шерушілер үкіметтегі сыбайлас жемқорлыққа, жұмыс орындарының қысқаруына және білім беру сапасының төмендігіне қарсылық білдірді.
