Ақтөбеде бұрын жеке автотұрақтар орналасқан аумақтың орнына жаңа демалыс орны пайда болды.
Бөкенбай батыр көшесінің бойында «Сәлем» деп аталатын аллея ашылды. Оның басты ерекшелігі — жер шары пішініндегі жарық инсталляциясы. Онда «сәлем» сөзі әлемнің 30 тілінде жазылған.
Бұған дейін бұл аумақта ескі көліктер мен түрлі техникалар сақталған екі жекеменшік автотұрақ болған. Жалпы аумағы 7 671 шаршы метрді құрайтын екі жер учаскесі Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынып, қаланың жер қорына қайтарылған.
Биыл демеушінің қолдауымен аумақ толықтай абаттандырылды. Бұрын қараусыз қалған алаңның орнына жаяу жүргіншілер жолы, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылған заманауи аллея салынды. Сондай-ақ жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, балалар ойын алаңы мен спортпен шұғылдануға арналған воркаут алаңы жабдықталды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының өтініші ескеріліп, көлік қоюға да орын қарастырылған.
Көгалдандыру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Аумақта суару жүйесі тартылып, 4 қараша күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 түп ағаш отырғызылды. Олардың қатарында шырша, жөке, қайың, шаған және терек бар.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін бұл жер қоқысқа толып, балалардың ойнауына қолайсыз болған.
«Бұрын балалардың ойнайтын жері жоқ еді. Бұл алаң бос жатты, қоқысқа толып тұратын. Енді балалар үшін осындай әдемі орын жасалды. Мұнда таза әрі қауіпсіз, ойын алаңы да бар. Қазір ағаштар отырғызылып жатыр. Уақыт өте келе нағыз жасыл баққа айналатын түрі бар», — деді қала тұрғыны Мұхаррам Байзақов.
Аллеяның ашылу салтанатында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет бұл жер телімдерінің қаладағы халық тығыз орналасқан аумақта, сондай-ақ Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға апаратын негізгі көшелердің бойында орналасқанын атап өтті.
«Осыған байланысты бұл аумақта тұрғындардың демалуына арналған қоғамдық кеңістік қалыптастырып, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту туралы шешім қабылданған болатын. Биыл демеуші тартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда мұнда тұрғындардың серуендеуіне арналған жаяу жүргіншілер жолы салынып, брусчатка төселді. Орындықтар, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылды. Сондай-ақ саябақ шамдары қойылып, бұған дейін көктем-күз мезгілдерінде батпаққа айналып, қараңғы болып тұратын аумақ жарықтандырылды.
Бұдан бөлек, суару жүйесі тартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Балалар ойын алаңы мен спортпен шұғылдануға арналған воркаут алаңы орнатылды.

Қала бойынша жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Биылдың өзінде 125 жер учаскесі қайтарылды. Олардың жалпы аумағы 90 гектарды құрайды. Бұл — әртүрлі мақсаттағы жерлер. Оның ішінде бас жоспарға сәйкес келмейтін немесе игерілмеген учаскелер де бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», — деді қала әкімі Азамат Бекет.
Осылайша, бұрын қараусыз қалған аумақ тұрғындардың демалысы мен серуендеуіне арналған жаңа қоғамдық кеңістікке айналды. Ал 30 тілде жазылған «Сәлем» сөзі бар жарық инсталляциясы аллеяның ерекше нышаны болмақ.


