Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, қоғамдағы қолданысы мен болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна".
Президент ана тілінің ел бірлігін нығайтудағы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және Қазақстанның халықаралық беделін арттырудағы маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілі – Тәуелсіздіктің нышаны, мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірі әрі ұлттың рухани тірегі. Сондықтан мемлекеттік тілге құрмет көрсету – әр азаматтың азаматтық және адамгершілік борышы. Сонымен қатар тілдің абыройы елдің экономикалық, технологиялық және өркениеттік дамуымен тығыз байланысты.
«Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент білім беру саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанын айтты. Оның мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарын таңдаған. Сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім беретін бөлімдердің саны артып келеді.
Мәдениет пен шығармашылық индустрияда да қазақ тіліндегі өнімдердің үлесі көбейген. Былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шыққан.
Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер қазақ тіліне деген қоғамдық сұраныстың артып келе жатқанын аңғартатынын айтып, жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар Президент қазақ тілінің халықаралық деңгейде Қазақстанның мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін танытатын маңызды құралға айналып келе жатқанына тоқталды. Ол тарихи тұлғалар Бейбарыс сұлтан, Абай Құнанбайұлы, Қаныш Сәтбаевпен қатар, бүгінгі таңда әлемге танылып жүрген Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, сумо балуаны Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI стартапының жетекшісі Ерзат Дулатовты атап өтті.
Президенттің пікірінше, бұл азаматтар Қазақстанның мәдениетін, өнерін, руханияты мен зияткерлік қуатын әлемге танытып жүрген рухани елшілер.
Қазақ тілінің технологиялық даму үдерісіндегі мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ана тіліміз цифрлық платформалар мен жасанды интеллект жүйелерінде кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, OpenAI зерттеуіне сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы қарқынды кеңейген тілдердің қатарына енген. Ал Yandex мәліметінше, компанияның белгілі бір өнімін қазақ тілінде пайдаланатын адамдар саны бір жылда 30 пайызға артқан. Google компаниясы да өткен жылы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.
Мемлекет басшысы өткен кезеңдерде саяси қысымға қарамастан, қазақ тілінің зиялы қауым, тіл мамандары, журналистер мен қарапайым азаматтардың еңбегі арқасында сақталып, дамығанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің болашағына қатысты орынсыз күмән мен теріс пікірден арылуға шақырды.
«Қазақ тілінің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті», – деді Президент.
Президент Тоқаев қазақ тілінің барлық саладағы қолданысын кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
"Мәзірді қазақша түсіндіргеніміз үшін 10% обслуживание аламыз" - Шымкеттегі Eldorado қазақ тілін шеттетуде
