Әзербайжан Арменияның жаңа Конституциясына оң баға берді

192
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/G9nwOX1tekzY0jv7aBnVOZR4IYpRojASj4u7M5Qo.webp

Фото:  Sputnik / Murad Orujov

Әзербайжан билігі Арменияның жаңа Конституция жобасында Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптардың жоқтығын оң бағалап отыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Армения үкіметі елдің жаңа Конституция жобасын жариялады. Құжатта Таулы Қарабаққа қатысты аумақтық талаптардан бас тарту және мемлекеттің халықаралық деңгейде танылған шекарасын бекіту көзделген. Бұл бастаманы оппозиция Әзербайжанның талабын орындау деп бағаласа, билік оны ұзақ мерзімді бейбітшіліктің кепілі санайды.

Дүйсенбі күні Армения премьер-министрі Никол Пашинян үкімет әзірлеген жаңа Конституция жобасын таныстырды. Оның айтуынша, негізгі заңды жаңарту елдің мемлекеттік құрылымын қайта қалыптастырып, демократиялық және егемен мемлекет ретінде дамуына мүмкіндік береді.

Пашинян жаңа Конституция елге бейбітшілік, тәуелсіздік, әл-ауқат пен демократия әкелетінін мәлімдеді. Сондай-ақ ол 2018 жылғы «Барқыт революциясынан» кейін халық билігін заң жүзінде бекітетін уақыт келгенін атап өтті.

Жаңа құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі – Таулы Қарабаққа қатысты аумақтық талаптардан бас тарту. Қолданыстағы Армения Конституциясының кіріспесінде 1990 жылғы Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жасалған. Ал декларацияда Армения мен Таулы Қарабақты біріктіру туралы ереже бар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев осы сілтемені алып тастауды талап етіп келеді. Баку бейбіт келісімге қол қою үшін Арменияның аумақтық талаптардан заң жүзінде бас тартуы қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде Армения аумағы халықаралық деңгейде танылған шекарамен шектелетіні көрсетілген. Осылайша, құжатта Таулы Қарабаққа қатысты болашақ аумақтық талаптарға құқықтық негіз қалдырмау көзделген.

Report агенттігінің хабарлауынша, министр Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда екі ел өкілдері параф қойғанын еске салды.

Джейхун Байрамовтың айтуынша, Баку құжатқа қол қоюға дайын. Алайда ол үшін Армения Конституциясынан Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар алынып тасталуы керек. Ал бұл мәселені шешу мерзімі Арменияның басшылығы мен қоғамына байланысты.

Министр Армения премьер-министрі Никол Пашинян жариялаған жаңа Конституция жобасында Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар жоқ екенін атап өтті.

«Жаңа жобада мұндай ереженің болмауын оң бағалаймыз», – деді Байрамов.

Пікірлер