Ақмола облысының тұрғыны, 70 жастағы әжей полиция қызметкерлеріне ұлын тауып бергені үшін алғысын білдірді. Іздеу жұмыстарына учаскелік инспекторлардың әлеуметтік желілерде таратқан хабарламасы үлкен көмек болыпты.
Астрахан ауданының орталығы Астраханка ауылында 7 мыңға жуық адам тұрады. Сол себепті мұнда үш бірдей учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді. Адам жоғалды деген хабар түскенде олардан бөлек аудандық полиция бөлімінің кезекшіліктегі жеке құрамы да жұмылдырылды.
«Қарашаның 25-і күні кезекші бөлімге Зоя Абасова есімді 70 жастағы әйел телефон шалды. «Кеше кешке сағат 21.00-де ұлым Сергей үйден шығып кетіп еді, содан хабар жоқ. Балыққа кетті деп естідім. Мұз әлі бекімеген, суға батып кетеді ғой. Бұрын мұндай айтпай кететіні жоқ еді. Үйге де тез оралатын» деп қатты алаңдаулы ана уайымын айтты. Осының алдында ғана біздің ауданда 3 балықшы жоғалып, бірі батып кеткен болатын. Ол туралы республикалық ақпарат құралдарына дейін жазды», – дейді Ақмола облысы Астрахан аудандық ПБ Астраханка ауылдық учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Сәлімжан Ержанов.
Содан іздеу жұмыстарына кірісіп кеткен топ ауыл тұрғындарына сұрау салып, оның достарынан, Молодежный көшесіндегі көршілерден жауап алған. Әлеуметтік желілерде аудан халқымен байланысып отыратын топтарға да шұғыл хабарлама жіберген. Өзенді жағалап, балықшылар отырады-ау деген жерлерді шолып шыққан. Кездескен балықшылардан сұраған. Бірақ екі күн бойы хабар шықпайды.