Шымкент тұрғыны 70 жастағы зейнеткерді зорламақ болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Шымкент қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
2020 жылдың 17 желтоқсанында шамамен сағат 23:15-те Еңбекші аудандық Полиция басқармасының кезекші бөлімінің "102" сымтетігіне қоңырау түсіп, қарт әйелге көмек керек деген шақырту келген. Оқиға орнына шұғыл барған жедел-тергеу тобы үйдің кіреберісінде белгісіз тұлғаның 70 жасар әйелді зорламақшы болғанын анықтады.
Сол күні аталған жайт ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 1-бөлігі (зорлауға әрекет ету) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қабылданған шаралардың арқасында күдікті адамның жеке басы анықталды. Ол – Шымкент қаласының тұрғыны. Бұған дейін бірнеше рет сотты болған.
Айта кетейік, қазіргі таңда күдікті адамды ұстауға бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
«Адырна» ұлттық порталы