«Әр ауыл – бір балуан тас» атты Үндеу жарияланды

263
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ca9mjGN0hCihre6hYMPjCBu5ufN0J3eUsHOtsGFK.jpg

Ұлттық спорт пен мәдениетті дамытуға бағытталған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров «Әр ауыл – бір балуан тас» атты жалпыхалықтық Үндеу жариялады.

Үндеудің негізгі мақсаты – Қазақстан аумағындағы тарихи балуан тастарды іздеу, ғылыми тұрғыдан тіркеу, сақтау және кеңінен насихаттау арқылы ұлттық материалдық мұраны келер ұрпаққа жеткізу.

Автордың айтуынша, балуан тастар – қазақ халқының дәстүрлі күш мәдениетінің бірегей жәдігерлері. Олар ғасырлар бойы ел ішінде батырлар мен алыптардың күш сынасуына пайдаланылып қана қоймай, тарихи жадының, ерлік дәстүрінің және ұлттық рухтың материалдық айғағы ретінде сақталып келген.

Үндеуде соңғы жылдары көптеген балуан тастардың құрылыс жұмыстары, жол салу және немқұрайдылық салдарынан жойылып немесе жоғалып бара жатқаны айтылып, оларды сақтап қалу бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіледі.

«Алып та жыққан, шалып та жыққан» атам қазақтың бүгінге жеткен материалдық-жәдігерлік мұрасы, өзі – онсыз да аз. Ең болмаса солардың ішінде күш иелерінің көзі – балуан тастарды сақтап қалайық», – делінген Үндеуде.

Құжат аясында бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақ күшінің картасы» жобасы да таныстырылған. Жобаның мұраты – Қазақстандағы және тарихи қазақ қоныстанған өңірлердегі балуан тастарды анықтап, оларды бірыңғай ғылыми дерекқор мен картаға енгізу.

Сонымен қатар Үндеуге балуан тастарды іздеу, тіркеу, сақтау және насихаттау бойынша арнайы әдістемелік нұсқаулық қоса берілген. Онда балуан тастарды анықтау, тарихи мәліметтерді жинау, тұғыр-постамент орнату, ақпараттық тақтайша әзірлеу, туристік бағыттарға енгізу және жоғалған мұраларды көшірме арқылы қайта жаңғырту тәртібі ұсынылған.

Үндеу соңында қазақстандықтар туған өлкесіндегі балуан тастар туралы мәліметтерді жинап, олардың сақталуына үлес қосуға шақырылады.

Қазақстанның есті, ар-намысы бар, заманында ел қорғап өткен батыр-палуандар әруақтарын ардақтайтын барша азаматтарына «Балуан тас» жәдігерлерін іздеп табу, тіркеу, сақтау және насихаттау бойынша «Әр ауыл – бір балуан тас» атты бірінші Үндеу.

Құрметті отандастар! 
Қымбатты ағайын!
Мен сіздерге бүгін ерекше бір жайт жайлы, жүрегімді сыздатқан, ұйқымды бөлген бір мәселе жайлы сөз қозғағалы отырмын. Бұл – біздің Тарғытай-Мөде қағандар дәуірінен бастау алып, сақ пен ғұн, түркі-моңғол, қазақ ұлыстары мықтыларының ерлігі мен күш-қуатының куәсі болған, ғасырлар бойы дала төсінде үнсіз жатқан балуан тастар туралы.

Балуан тас деген не?

Балуан тас – қазақ халқының дәстүрлі күш мәдениетінің ХХ ғасырға дейін жеткен теңдессіз мұрасы. Ауыл-ауылда, көпшілік жиналған жерде алыптар күш сынасып, елді де, ерді де мойындату үшін, ерек мәртебе алу үшін, ел намысын қорғау үшін көтерген осы зіл тастар – төл тарихымыздың тас бетіне басылған беттері. Салмағы 50 келіден бір жарым тоннаға дейін баратын мұндай әр тастың артында бір-бір ерліктің, бір батырдың, бір өңір мен аймақтың, ауылдың мақтанышының тарихы жатыр. Ол тастарды көтерген қуатты қолдар – бүгінгі модерн ұрпақтың арғы тегі, олардың есім-сойлары көбіне ұмыт қалып, тастары жоқ болып бара жатыр.
Бүгінде біз тарихи ескерткіш дегенде сәулетті ғимараттар мен қашалған я құйылған мүсіндерді елестетеміз. Алайда тас қашау, мүсін құю өнері кенже дамыған замандарда түркілер Ұлы дала кеңістігінде осындай табиғи тастарды қандай да бір оқиғаға байланысты атап, оны рухани ескерткіш пен ақпарат таспасына айналдырған. 
Біле білсек, бұл – біздің бабаларымыздың өзіндік «ескерткіш қалдыру технологиясы» еді.
Сондықтан, қайсы «Балуантас» болмасын, жай тастар емес, Баба Түкті Шашты Әзизден бастап Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сынды нешеме жүздеген әулие-баһадүрлердің қолының табы қалған жәдігерлер. 

«Қазақ күшінің картасы» жобасы

Осы қасиетті мұраны сақтап қалу мақсатында біз – 2019 жылдан бейресми, ресми 2025 жылдың наурызынан «Қазақ күшінің картасы» атты ауқымды жобаны бастадық. Жобаның мақсаты қарапайым әрі терең: Қазақстанның әр өңірінде сақталған балуан тастарды тауып, олардың толық тарихын жазып, есімдері байланысты батыр-палуандарды анықтап, осы мирас-мұраны Тәуелсіздік идеясына қызмет ететін әрі бүкіл ел төбесіне тұтатындай етіп картаға түсіру.
Жылдар бойы жинақтаған дерек, өткізген зерттеу нәтижесінде, біз, балуан тастарды мән-мазмұнына қарай бес топқа бөліп жіктедік. Бұл – жәй ғылыми топтастыру ғана емес, әр таспен байланысты тарихты дұрыс түсінудің, дұрыс тіркеудің және дұрыс насихаттаудың кілті:
Біріншіден – жаттығу үшін көтерген балуан тастар. Бұл – бүгінгі гантель мен штанганың арғы атасы, ата-бабамыздың бұлшық етін шыңдап, дене күшін дамытқан қарапайым да қасиетті құралы. Айталық, Қожан және Мәнжі батырлар мұрасы осыған жатады. 
Екіншіден – ойын тастары. Оның ішінде Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді алпауыттарымыз күш ойыны ретінде ұстаған тастар бар. Бұл тастар – сахналық-далалық ойын-сауық пен күш көрсетудің, ерлердің қауымға қосылу салтының куәсі.
Үшіншіден – өтініш-тілек бойынша көтерген тастар. Мысалы, Қажымұқан бабамыз көтерген, бүгінге дейін жоғалмай жеткен көптеген тас осындай. Баянауыл жерінде тігінен шаншылып тұрған әйгілі тас – дәл сол қауым тілегінің материзацияланған ізі. Халық мұндай тастарды жүрекжарды тілек-мұратпен, ізгі көңілмен байланыстырады.
Төртіншіден – ерегес-бәсеке үшін көтерген тастар. Айталық, Кенесары ханымыздың інісі Наурызбай батыр мен Қоңырат Төлебайдың Созақта сайысып көтерген атақты Қызыл тасы. Мұндай сынақтарда тек ер-азаматтың күш-қайраты ғана емес, оның әлеуметтік беделі, тіпті ел мен ел, жер мен жер арасындағы абырой сынға түсті.
Бесіншіден – дау шешу үшін көтерілген мәміле тастары. Бұл тастар еларалық дауды әділ шешудің құралы болған. Керей Көбегеннің Зайсан өңірінде қалмақтармен жер дауын шешкен Көкшұбар тасы, Күршімдегі Көкжал Барақтың «Қамал тасы» – осындай әділдік таразысының мәңгілік ескерткіштері.
Міне, осы бес санаттың әрқайсысы – халқымыздың күштік тарихындағы бір-бір беттің ашылуы. Біреуі денсаулық пен күш философиясын, біреуі ойын-сауық дәстүрін, біреуі тілек пен сенімді, біреуі ерлік пен намысты, ал біреуі әділдік пен медиация, бітімгершілікті паш етеді. Осы бес санаттың біреуі әлі орнында тұр, біреуі музей қорына өткен, ал біреулерінің тек естелігі ғана қалған.

Ащы шындық: жәдігерлеріміз жоғалып барады

Бірақ қымбатты жұртым, ащы шындықты да айтпасқа болмайды. Жыл өткен сайын, ай өткен сайын, тіпті күн өткен сайын біз бір тастан айырылып жатырмыз. Кейбірі үй немесе жол салу, құрылыс жүргізу кезінде байқаусызда жойылып кетті. Кейбірі жай ғана «бос жатқан тас» деп саналып, орнынан көшіріліп, із-түссіз кетті. Кейбір ауылдарда балуан тас туралы тек қарттардың есінде ғана сақталған әңгіме қалды. Тас та жоқ, белгі де жоқ.
Біз – әрбір айналымда жаңа тас табамыз, алайда сол сәтте-ақ басқа бір өңірден бір тастың жоғалғаны туралы хабар келеді. Мысалы, «Қазақ күшінің картасы» жобасы ресми жарияланған уақыттың өзінде-ақ екі киелі тастан айрылып қалдық. Біріншісі – Жаңақорғанда үй қоршауының фундаментіне трактор кобышымен үстінен ұрылып, майдаланып, цементтеліп құйылып кетті. Тағы бірі – әйгілі «Дәлелхан палуан тасы» үстінен автобан түсіп, асфальтталып, ұшты-күйлі жоғалды. Бұл – таразының екі басы тең түспей жатқан аяусыз жарыс. Ал уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр.
Менің жеке есептеуімше, балуантастар физикалық түрде бұл күнге өте аз жетті. Бүгінгі қазақ мемлекеті шекарасынан кеңірек, Ресей, Моңғолия мен Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түркіменстандағы қандастарымыз мекендейтін шет өлкелерді қоса алғанда, асса 300 шамасында ғана бар. Одан азырақ та, көбірек те болуы мүмкін. Бірақ таздың селдір шашындай өте аз. 

Неге жалғыз іс атқарғаннан, көп болып кіріскен тиімді?

Мен өз басым, әріптестерім және аз ғана топ адаммен бірге бұл жолда бірнеше жыл жүрдім. Аймақтан-аймаққа сапар шектім, қарттармен сөйлестім, мұрағаттарды ақтардым. Алайда мойындауым керек: жалғыздың күші жеткіліксіз. Бір адамның, тіпті бір топтың аясы бүкіл Қазақстанның кең-байтақ жерін түгел аралап шығуға жетпейді. Ал тас жоғалу – күте тұрмайды. Біз баяу қозғалсақ, тарих бізден бұрын марафоншы тәрізді екпіндеп жүгіріп кетеді.
Сондықтан мен бүгін нақты, ашық түрде айтамын: бұл іс – жалғыз кісінің емес, бүкіл ұлттың ісі болуы керек. «Жалғыздың жағы жоғалса да табылмас, көптің оғы жоғалса да табылар». Сол себепті, «Әр ауыл – бір балуан тас» ұранын ортаға тастаймын!

Немқұрайлылық – ең үлкен жау

Мұны айтқанда жүрегім қатты ауырады: біз кейбір өңірлерде билік иелерінің, кейбір қалталы, мүмкіндігі мол азаматтарымыздың бұл іске деген немқұрайдылығына тап болдық. Облыс, аудан мен ауыл басшылары, мәслихатшылар «Менің ісім емес» деп қол сермейді, ал бір мейрамханаға аққолтығын ертіп барғаны бір сәулет ескерткішін тұрғызуға жететін қаржымен тең ірі кәсіпкер балуан тасқа қарапайым ғана бір тұғыр орнатуға жарамайды.
Ал ең қынжылтатыны – сол тасты бір кездері көтерген батыр-палуандардың өз ұрпақтары, немере-шөберелері, жекжаттары бұл мұраға селқос қарайды. Әулет естелігіне жарты тиын шығармақ түгілі, титімдей дерек беруге уақыт таппайды. Олардың кейбірінің түсінігінше, айдаладағы Астанадан Абылайхан ұшып келіп, бәрін түгендеп, түгелдеп, хаттап реттеп кетуі керек. Атасының ерлігімен байланысты жәдігер тас топыраққа көміліп, шөп басып, ұмыт болып жатқанда, үндемей сыртынан ғана бақылап қарап отыру – ұяттың ұяты. Ата-баба аманатын сақтамау – келер ұрпақ алдында жауапсыздық.
Бұл ретте туризм мен спортқа, мәдениетке құзіреті бойынша тікелей жауапты басшыларды тілге тиек етудің өзі артық. Қаптаған күштік спорт түрлері төңірегіндегі қорлар мен федерациялар, ассоциациялар өкілдерінің сол жарыс өткізуден әзірге қолы тимей жатыр. Шет-шегі жоқ сайыстары мен жарыстары, турнирлерін өткізіп алуын күтіп жүрміз. Қазақ күресі айналасындағылар «үнді мен парсы, куба-бразилиялықтарға ұлттық күресімізді үйретіп, тәлімінен өткізіп болсын» деп, оларды да мазаламай жүрміз. 
Амал нешік, оларға біздің бастамаларымыз заманауи жазушы Ерлан Оспан айтпақшы, «туынды емес, қуынды» көрінеді. Өз кезегінде мұның бәрінің мән-маңызын түсіну үшін деңгей керектігі де рас. 

Енді не істеу керек?

Дәл осы себептен біз жалаң сөзбен шектелмей, халыққа арқа сүйеуді жөн көріп, нақты, жүйелі әрекет жоспарын – толық нұсқаулықты әзірледік. Онда әрбір идеялы азамат, әрбір топ, әрбір өңір өкілі не істеу керектігі қадам-қадаммен көрсетілген:
1. Іздеу және тіркеу – өз аймағыңыздағы балуан тасты тауып, оның тарихын, өлшемін, есімі байланысты тұлғаларды толық анықтап, бізге хабарласу;
2. Насихаттау – тапқан ақпаратты әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізу;
3. Сақтау және абаттандыру – тасқа тұғыр орнату, айналасын көркейту, тарихын жазу арқылы оны туристік-спорттық нысанға айналдыру;
4. Жоғалған жәдігерлерді қалпына келтіру – тас жоғалған, бірақ дерегі сақталған жағдайда макет-көшірмесін жасап, жергілікті музей не мектепте орнату;
5. Бұрыннан белгілі жәдігерлерді жаңғырту – музейде немесе тұғырда тұрған тастардың мәліметін толықтырып, жалпы дерекқорға қосу.
Бұл нұсқаулықты біз оп-оңай, әркім пайдалана алатындай етіп жасадық. Оны оқы, түсін, өз ортаңа тарат.

Түпкі сөз

Құрметті отандас пен қандас! 
Сізден сұрайтыным көп емес – өз ауылыңызды, өз ауданыңызды бір барла. Балалық шағыңызда естіген «Мына тасты пәлен батыр көтерген екен» деген әңгімені еске түсіргін. Сол тас әлі тұр ма? Тұрса – оны қорғау парыз Тұрмаса – оның ел есінде қалған мәлімет-ақпаратын жазып алып, бізге жібер не жарияла!
Балуан тас – тек жатқан құр тас емес. Ол – біздің кім екенімізді, қандай күш-қуатқа ие болғанымызды бір ауық еске салатын тарихымыздың нақты айғағы. Оны сақтамасақ, біз тек тасты емес, өзіміздің кім екеніміздің бір бөлігін де, ілкі қаһармандық әлеміміздің бір мозайкасын да жоғалтамыз.
Ел болып жұмылайық. Уақыт өтіп барады. Тас жоғалып барады. Бірақ ерік болса, амал табылады.
«Алып та жыққан, шалып та жыққан» атам қазақтың бүгінге жеткен материалдық-жәдігерлік мұрасы, өзі – онсыз да аз. Ең болмаса солардың ішінде күш иелерінің көзі – балуан тастарды сақтап қалайық!
«Қазақ күшінің картасы» – бұл сіздің де іс! 
Қалыс қалма, атсалыс!

Құрметпен, 
Абылайхан Қалназаров, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші

 

Комментарии