«Ел аралап ән салғым келеді». Тоқтаусыз 102 ән шырқаған Қайраттың құпиясы

274
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qcdwCihgmExnazXtr5txNhH8tjqAZ7mYV6Iq7lpm.png

Құрманбек Жандарбековтен кейін араға 101 жыл салып дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда 10 маусым күні өткен ерекше өнер жобасында, 5 сағат 29 минут бойы үздіксіз 102 дәстүрлі әнді шырқады. Бұл бастама GBR (Global Best of Records) халықаралық ұйымының қарауына ұсынылып, әлемдік рекорд ретінде тіркелді. 

«Адырна» тілшісі Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, – осы өнер иесімен сұхбаттасып, оның рекордқа жету жолы, өнерге келу тарихы, ұзақ дайындық кезеңі және ұлттық ән өнерін халықаралық деңгейге танытудағы мақсаттары туралы кеңінен әңгімелесті. Қайрат Қабышев – әйгілі әнші Жәнібек Кәрменовтің соңғы шәкірті.

– 102 әнді тоқтаусыз орындап, рекорд орнаттыңыз. Сол рекорд орнағанын білген сәттегі сезіміңіз қандай болды?

– Әнді шырқамас бүрын, ең алдымен, абырой туралы ойладым. Рекордтан бұрын маған маңыздысы – бастаған істі аяғына дейін жеткізу болды.

Әрине, сахнаға шыққанда аздап қобалжу болады. «Айта алмай қалсам ше?» деген ой келеді. Өйткені бұл тек менің емес, ұйымдастырушылардың, облыстың, жалпы өнерсүйер қауымның ортақ үміті еді.

Бірақ ән басталып кеткеннен кейін бар ойым өнерге ауысты. Өзімді бәйгеге қосылған тұлпардай сезіндім. Бар күшімді салып, тоқтаусыз орындап шықтым.

Ал рекордтың тіркелгенін, сарапшылардың жоғары бағасын естіген сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Ол тек менің жеңісім емес, мені қолдаған отбасыма, туған-туыстарыма, достарыма және бүкіл өнерсүйер қауымға ортақ қуаныш болды.

«ӘНІМДІ ТОҚСАНҒА ЖУЫҚ ЕЛ ТЫҢДАДЫ»

– Осы 100 әнді үздіксіз орындау идеясы қалай туды? Бұл бастамаға кім, не түрткі болды?

– Бұл идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Біз бала кезімізден Құрманбек Жандарбеков ағамыздың жүз ән орындағаны туралы әңгімелерді естіп өстік. Алайда ол кезеңде қазіргі түсініктегі рекорд тіркеу жүйесі болған жоқ. Мұндай бастамалар көбіне халықты өнерге ұйыстыру, белгілі бір рухани мақсатқа қызмет ету немесе мәдени шараларды қолдау үшін ұйымдастырылатын.

Сондықтан бұрынғы әншілердің өнер көрсетуі бүгінгі форматтан өзгеше еді. Олар арнайы рекорд орнатуды мақсат етпеді. Халықтың ортасында отырып, ән айтып, жыр шертіп, өнердің қадірін арттырды.

Менің ойымша, егер сол заманда бүгінгідей халықаралық деңгейде рекорд тіркейтін жүйе болғанда, Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов сынды алыптардың талайы әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізер еді. Өйткені олардың табиғи дарыны, дауыс қуаты мен орындаушылық мүмкіндігі ерекше болатын.

Қазақтың бұрынғы ән айту дәстүрінің өзі бөлек әлем еді. Кешкісін мал жайғасып, ауыл адамдары жиналған соң, қонақ күтіліп, ән мен жыр басталатын. Қазіргі тойлардағыдай емес, ол кезде өнер кештері көбіне үйде өтетін. Әнші мен жыршыны арнайы төрге шығарып, үлкен құрмет көрсеткен. Біржан сал мен Ақан сері секілді өнер иелерінің келуі халық үшін үлкен мереке саналған. Ән кешкі уақытта басталып, таң атқанша жалғасатын кездер болған. Алайда ол үздіксіз орындалмайтын. Ән арасында әңгіме айтылып, әннің тарихы шертіліп, түрлі тақырыптар қозғалып отырған.

Ал менің орындауымның ерекшелігі – оның заманауи форматта өтуінде. Бұл арнайы ұйымдастырылған жоба болды. Концерт залында өтті, халықаралық талаптарға сай сарапшылар шақырылды, барлық рәсім ресми түрде тіркелді.

Ең әсерлі сәттердің бірі – өнер кешінің әлемнің түкпір-түкпіріне таралуы болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл өнер сайысын 90-ға жуық елден көрермен тамашалаған. Бұл – қазақтың дәстүрлі ән өнеріне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Заманауи технологиялардың арқасында ұлттық өнеріміз шекара асып, әлемдік аудиторияға жол тартты.

Менің алдыма қойған басты мақсатым – жүз әнді тоқтаусыз орындау болды. Кіріспеден кейін бес жарым сағат бойы тапжылмастан үзіліссіз ән айттым. Орнымнан тұрған жоқпын, демалыс алған жоқпын. Бұл жағынан бұрынғы орындаулардан ерекшеленді деп ойлаймын.

Ал «жүз ән» санының таңдалуына келсек, қазақ өнерінде «жүз күй тарту», «жүз ән орындау» секілді үлкен межелер бұрыннан бар. Мен де өзіме сондай биік мақсат қойдым. Өйткені жүз саны – жай ғана сан емес, өнердегі табандылық пен төзімділіктің белгісі. Сондықтан бұл бастама мен үшін тек рекорд орнату емес, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің мүмкіндігін көрсету, оның өміршеңдігін дәлелдеу және ұлттық өнерді әлемге таныту жолындағы маңызды қадам болды.

– Ал дайындық барысы қалай болды?

– 2014 жылы сол кездегі Шығыс Қазақстан облысына қараған, қазіргі Абай облысындағы Абай ауданына көшіп барған кезімде «Қаламқас» ән-би ансамблінде жұмыс істедім. Негізі мамандығым мұғалім болғанымен, ол уақытта ұстаздықпен емес, толықтай өнермен айналыстым.

Ансамбльде күн сайын жүйелі дайындық жүретін. Таңертеңнен түске дейін, түстен кейін кешке дейін ән айтып, дауысымызды шынықтыратынбыз. Бұл мен үшін ауыр жұмыс емес, керісінше, ән айту арқылы демалатынмын.

Күнделікті жаттығудың нәтижесінде дауысым біртіндеп қалыптасып, шыңдала түсті. Әріптестерім кейде қалжыңдап: «дауысың шаршамай ма?» деп сұрайтын. Бірақ мен тұрақты дайындықтың арқасында оған әбден үйреніп кеттім.

Жеті жылдай еңбек еткеннен кейін үлкен фестивальдерге қатыса бастадым. Көкшетауда өткен Ақан сері мен Біржан салға арналған байқауда Семей атынан өнер көрсеттім. Сол жерде Біржан салдың «Сырғақты» әнін және Абайдың бірнеше әнін орындадым.

Осыдан кейін ауылдарды аралап концерт қою басталды. Әр ауылда халықпен жақын араласып, концерттер кейде таңға дейін жалғасатын. Сондай сәттерде
«әніңізге қанбай қалдық, неге көбірек концерт бермеске?» – деп айтатындар болатын.

Сондай сәттердің бірінде менің ойыма үлкен идея келе қалды. «Неге жүз ән орындап, рекорд жасамасқа?» деген ой пайда болды. Кейін бұл бастама 2017 жылы ЭКСПО кезінде де көтерілді, бірақ ол кезде ресми тіркеу мүмкін болмады.

Уақыт өте келе бұл идея қайта жанданып отырды. Бірнеше жылдық дайындықтан кейін жоба нақты жүзеге аса бастады. Университет мерейтойларында, түрлі мәдени іс-шараларда сынақ ретінде орындалып жүрді.

Ақырында барлық құжаттар рәсімделіп, ресми түрде бекітілді. Мәдениет басқармасы мен тиісті органдар қолдау көрсетті. Осылайша жоба үлкен концертке ұласты.

Мен өз мамандығымды шын жүректен жақсы көрдім. Ән шырқау мен үшін тек өнер емес, демалыс, тынығу тәсілі болды. Күн бойы шаршап келгенде, кешке домбырамды алып, ән шырқасам, барлық шаршауым басылып, қайта күш жинайтынмын.

«120 ӘНГЕ ДЕЙІН ОРЫНДАҒЫМ КЕЛГЕН...»

–   5 сағаттан астам уақыт бойы сахнада үздіксіз ән айту физикалық әрі психологиялық тұрғыдан қаншалықты қиын болды? Ең ауыр сәт қайсы еді?

–  Сахнадағы ең қиын сәт – алғашқы минуттар болды. Кондиционер қосылып тұрғандықтан, дауыс бірден ашыла қоймады. Дауысым қарлыққаннан, ұйымдастырушылар «Қайрат көпке бармайды» деп ойлаған. Бәйге аттары секілді денемнен тер шықпаған соң, бірден қыза алмадым. Кейін салқындатқышты өшірді ме, әлде шабыттана түстім бе, денем қызып, дауыс та ашылып, концерт өз арнасымен кетті.

Көрерменнің ықыласы ерекше болды. Сол энергия мені шабыттандырып, концертті тоқтаусыз жалғастыруға күш берді.

Негізі 25 ән орындағаннан кейін, 15 минут демалып отыру керек деген. Бірақ мен демалған жоқпын. 5 сағат 29 минутта 100 ән орындап, артынан тағы екі ән орындап жібердім. Тіпті, 120 әнге дейін апарайын дегенмін. Бірақ сарапшылар менің жағдайымды ойлап, сахнаға шығып, тоқтатты.

Орындаған 102 әннің репертуарын қалай таңдадыңыз? Әндерді іріктеуде қандай қағидаттарды ұстандыңыз?

– Мен негізінен халықтық және классикалық мұраға сүйендім. Репертуардың басым бөлігі – қазақтың дәстүрлі ән өнері мен әдеби-музыкалық мұрадан құралды.

Атап айтқанда, Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Кенен Әзірбаев, Әсет Найманбаев, Қасым Аманжолов, Мейрамбек Жанболатов сынды ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың әндерін орындадым.

Репертуар таңдаудағы басты қағидатым – ұлттық болмысты сақтау, халықтың жүрегіне жақын, терең мазмұнды және рухани салмағы бар шығармаларды ғана алу болды. Әр әннің өз тарихы, өз мәні болуы мен үшін маңызды еді.

Тек кейінгі кезеңде ғана халықтық стильге жақын, табиғи әуезі сақталған Мейрамбек Жанболатовтың әнін қостым. Оның орындау мәнері де дәстүрлі ән өнерінің табиғатына үйлесіп тұрғандықтан, репертуардың тұтастығын бұзған жоқ.

– Орындаған 102 әннің ішінде жүрегіңізге ең жақыны қайсы?

– Шынымды айтсам, бір ғана әнді бөліп-жару қиын. Орындаған әндерімнің бәрі де жүрегіме жақын. Әсіресе, халық әндері мен ұстазым Жәнібек Кәрменовтің репертуарындағы шығармаларды орындауға ерекше мән бердім.

Әр әннің өз тарихы, өз тағдыры бар. Сондықтан олардың барлығы да құнды. Мен үшін ең бастысы – әнді шынайы жеткізу. Ән айтқанда өзім рахаттансам, тыңдарманға да сол әсер жетеді деп ойлаймын.

«ХАЛЫҚ ӘНІНІҢ ДЕҢГЕЙІ ТАҒЫ БІР МӘРТЕ ДӘЛЕЛДЕНДІ»

– Егер бұл рекорд әлемдік деңгейде мойындалса, оның қазақ өнеріне қандай пайдасы болуы мүмкін?

– Бұл – уақыт көрсететін дүние. Бірақ ең бастысы, осы жоба арқылы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің мүмкіндігі тағы бір мәрте дәлелденді.

Көпшілік бес жарым сағат бойы орнынан тұрмай, жүз әнді үздіксіз орындауға болады деп ойлаған жоқ. Біз соны іспен дәлелдедік. Бұл – тек менің жетістігім емес, қазақ әнінің қуатын көрсететін нәтиже.

Қазір көптеген өнер адамдары хабарласып, «халық әнінің деңгейі тағы бір мәрте дәлелденді» деп айтып жатыр. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш.

Алдағы уақытта осы бастамаға қызығушылық танытып, әрі қарай жалғастыратын азаматтар табылып жатса, оның пайдасы одан сайын арта түседі деп ойлаймын.

ӘУЛЕТТЕН ДАРЫҒАН ӨНЕР

–  Аға, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Өнерге келген жолыңыз қалай басталды? Дәстүрлі әнге деген қызығушылығыңыз қайдан пайда болды?

– Өнер жолына келуіме ең алдымен өскен ортам әсер етті деп ойлаймын. Мен үнемі айтып жүремін: өнер адамы қалыптасуы үшін оның ортасы мықты болуы керек. Құдайға шүкір, мен сондай отбасында өстім.

Әкем де, анам да өнерді жақсы көретін жандар болды. Әкем домбыра тартып, ән айтатын. Анам да халық әндерін жақсы білетін. Олар кәсіби сахнаға шықпаса да, өнердің қадірін терең түсінді.

Біз – сегіз ағайындымыз. Барлығымыз домбыра тартып, ән айттық. Солардың ішінде ағам Қалқаман кәсіби өнер жолын таңдады. Ол Алматыдағы консерваторияны бітіріп, опера саласында білім алды, қазір Абай атындағы опера және балет театрында өнерін шыңдап жүр. Кейін мен де консерваторияға түсіп, дәстүрлі ән мамандығын таңдадым.

Үйдің кенжесі болғандықтан, ағаларым мен туыстарым өнер жолын жалғастыруды маған аманат еткендей болды. Үйге қонақ келсе де, отбасылық басқосуларда да мені ән айтуға шақырып, үнемі қолдап отырды. Сол қолдау менің жігерімді жанитын.

Қазір де жанұямның қолдауын сезінемін. Жұбайым да дәстүрлі әнші, балаларым да музыкаға жақын. Олар әрдайым менің өнерімді бағалап, қолпаштап жүреді. Өнер адамы үшін мұның маңызы өте зор.

–  Өзіңіздің өнер жолындағы ұстаздарыңыз бен сізге ерекше әсер еткен дәстүрлі әншілер туралы айтып берсеңіз.

– Ұстаздың орны ерекше. Қазақта «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Біздің жеткен жетістігіміздің бәрінде ұстаздарымыздың еңбегі жатыр.

Өнер жолында өзім алдын көріп, тікелей шеберханасынан тәлім алған Жәнібек Кәрменовтей тұлғалардың шығармашылығы бізге үлкен әсер етті. Сонымен қатар Бекболат Тілеухан, Қайрат Байбосынов секілді ағаларымыздың өнерін көріп өстік. Олардың орындауындағы әндерді тыңдап, сол кісілердей әнші болуды армандадық.

Ұстаздарымыздың тәлімі мен өнерге деген адалдығы бізге үлгі болды. Солардың жолын көріп, соларға еліктеп өскендіктен бүгінгі деңгейге жеттік.

Қазір өзіміз де шәкірт тәрбиелеп жүрміз. Ертең шәкірттеріміздің арасынан үлкен өнер иелері шықса, оған аз да болса үлес қосқанымызға қуанамыз.

– Айтқаныңыздай, өзіңіз де ұстазсыз.  Бүгінде дәстүрлі ән өнеріне жастардың қызығушылығы қандай деңгейде?

– Қазір кей жастар дәстүрлі өнердің болашағына күмәнмен қарайды. Кейде олардың қызығушылығы төмендеп кететін жағдайлар болады. Осындай кезде нақты нәтижемен, іспен дәлел көрсету маңызды.

Мен жүз әнді үздіксіз орындауға болатынын дәлелдедім. Демек, адам мақсат қойып, еңбек етсе, үлкен жетістіктерге жете алады.

Шәкірттерімнің өзі «Біз де осындай деңгейге жеткіміз келеді» деп айтып жүр. Сондықтан бұл бастама жастардың бойында сенім мен құлшыныс оятса, соның өзі – үлкен жетістік.

 «ДӘСТҮРЛІ ӘНДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ТАНЫТУ ҮШІН ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ»

–  Сіздің ойыңызша, қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде таныту үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет?

– Қазақ әнін әлемге танытып жүрген өнерпаздарымыз бар. Соның ең жарқын мысалы – Димаш Құдайберген. Ол өз концерттерінде міндетті түрде халық әндерін орындайды, домбыраны таныстырады, қазақ мәдениетін насихаттайды. Соның арқасында әлем жұртшылығы қазақтың ән өнеріне қызығушылық танытып отыр.

Меніңше, қазақтың дәстүрлі әндерін халықаралық деңгейге шығару үшін ең алдымен талантты өнерпаздарға қолдау қажет. Өнердің тілі ортақ. Музыканы бүкіл әлем түсінеді. Біз шетелдің әндерін тыңдаймыз, сол сияқты шетелдіктер де біздің әндерімізді тыңдай алады.

Алайда үлкен сахнаға шығу үшін таланттың өзі жеткіліксіз. Оның артында кәсіби ұйымдастырушылар, продюсерлер, демеушілер және қаржылық қолдау болуы керек. Өнер адамы өз өнерін көрсетеді, ал оны үлкен деңгейге көтеретін – сол саланың мамандары.

Менің ойымша, қазақтың дәстүрлі әндерін халықаралық деңгейге шығаруға толық мүмкіндік бар. Тек жүйелі қолдау мен дұрыс ұйымдастыру қажет.

– Осы рекордтан кейін қандай жаңа шығармашылық жоспарларыңыз бар? Тыңдарманды тағы қандай жобалармен қуантпақсыз?

– Жоспар көп. Бұл жоба өте қысқа уақыт ішінде ұйымдастырылды. Кейін көптеген адамдар «естімей қалыппыз, барар едік» деп хабарласып жатты.

Сондықтан ендігі арманым – ел аралау. Жүз әннің ішінде қазақтың әр өңірінен жиналған әндер бар. Біржан салдың, Ақан серінің, Мәди мен басқа да халық композиторларының мұрасын халыққа кеңінен насихаттағым келеді.

Әрине, жүз әнді түгел орындамаймын, бірақ екі-үш сағаттық концерттер беріп, халықтың сұранысына сай ән айтқым келеді.

Әсіресе Арқа әншілік мектебінің отаны саналатын Көкшетау өңірінен бастасам деген ниетім бар. Сол жерден бастап, қазақтың барлық өңірін аралап, халықпен жүздесіп, ән өнерін насихаттағым келеді.

Мен үшін өнердің ең үлкен мәні – халықпен қауышу. Сондықтан ендігі мақсатым – кабинетте немесе жабық ортада емес, ел аралап, көрерменмен жүздесіп, халқымның ықыласына бөлену.

Алла қаласа, аздап тынығып алған соң осы жоспарларды жүзеге асыруға кірісемін.

– Аға, соңғы сұрақты қойсам, рекордтан кейін өзіңізде қандай өзгеріс байқадыңыз? Дауысқа, жалпы жағдайыңызға әсері болды ма?

– Жаман жағынан ешқандай өзгеріс болған жоқ. Керісінше, спортшылар «формада болу» дейді ғой, мен де сондай бір жақсы күйде болдым. Дауысым керісінше ашылып, жақсы шығып тұрды.

Кеше қонақта отырғанда да бәрі «дауысыңыз өте жақсы естіледі» деп айтты. Дегенмен, әрине, күтім керек, демалыс та қажет.

Бірақ жалпы алғанда бұл тәжірибенің тек жақсы жағы ғана болды деп ойлаймын. Бес жарым сағат тоқтамай ән айту – үлкен тәжірибе. Спорттағыдай, мұнда да төзім, шыдам, дайындық қалыптасады. Әр әннің диапазонынан өту арқылы үлкен тәжірибе жинайсың. Сондықтан бұл процесс адамға тек пайда әкеледі, өсуге мүмкіндік береді.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Comments
Other materials