Ресейдегі отын тапшылығына байланысты Моңғолия Қазақстаннан жанармай сұрады

138
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OJ3JSoyUOLNeiig2ZcBhQPo0P3CU4Vn5OkCKFkqA.jpg

Моңғолияда туристік және ауыл шаруашылығы маусымы қызған шақта жанар-жағармай тапшылығы күрделене түсті. Жаз мезгілінде елдегі отынға сұраныс әдеттегі деңгейден 2–3 есеге дейін артқан. 

Ресейден келетін жеткізілімдердегі тұрақсыздық жағдайды ушықтырып, Ұлан-Батырды импорт бағыттарын әртараптандыруға мәжбүр етті.

Отын бағасын тұрақтандыру үшін Моңғолия билігі жанармай импортына салынатын кедендік және акциздік баждарды уақытша алып тастады. Сонымен қатар Орталық банк кәсіпорындарға жаңа отын қоймаларын салуға 360 млрд тугриктен астам, яғни шамамен 100 млн доллар көлемінде жеңілдетілген несие беріп отыр.

Дағдарыс кезінде авиациялық отын мәселесіне ерекше басымдық берілді. Моңғолия тарихында алғаш рет Қытайдан 1 мың тонна авиациялық керосин сатып алды. Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореямен ай сайын кемінде 50 мың тонна отын жеткізу жөнінде келісім жасалды. Қазір Ұлан-Батыр Қазақстан және Беларусьпен де келіссөз жүргізіп жатыр.

Бұл жерде Қазақстанның рөлі ерекше болуы мүмкін. Екі ел арасында жылына 1 млн тоннаға дейін қазақстандық мұнай өнімдерін Моңғолияға жеткізуді көздейтін негіздемелік келісім бар. Яғни қазіргі отын тапшылығы Қазақстан үшін де жаңа экспорттық нарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр.

Дегенмен Моңғолия билігі Ресейден толықтай бас тартуды мақсат етіп отырған жоқ. Негізгі міндет – жеткізілім көздерін көбейтіп, сыртқы нарықтағы кез келген өзгеріске төтеп бере алатын қауіпсіздік қорын қалыптастыру.

Жағдайдың күрделілігін мұнай саласын премьер-министр Ням-Осорын Учралдың жеке бақылауына алуы да аңғартады. Үкімет қысқа мерзімді шаралармен қатар, елдің отын импортына тәуелділігін азайтатын ұзақмерзімді шешімге де үміт артып отыр.

Оның негізгісі – Моңғолиядағы алғашқы мұнай өңдеу зауытының құрылысы. Жобаның іске қосылуы құрылыс жұмыстарының кешігуіне байланысты 2028 жылға шегерілді. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін жылына 300 мың тоннадан астам бензин және шамамен 800 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланып отыр.

Кәсіпорын елдің ішкі отын қажеттілігінің 55 пайызына дейін қамтамасыз етіп, импортқа жұмсалатын шығынды шамамен екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Осылайша, Моңғолиядағы қазіргі отын дағдарысы бір ғана елден келетін импортқа тәуелділіктің осал тұстарын көрсетіп отыр. Ұлан-Батыр қысқа мерзімде Қытай, Оңтүстік Корея, Қазақстан және Беларусь бағыттарын қарастырып, жеткізу тізбегін әртараптандыруға кірісті.

Бұл Қазақстан үшін де маңызды мүмкіндік. Моңғолияның ішкі өндірісі толық жолға қойылғанға дейін елдің отын нарығында жаңа серіктестерге сұраныс жоғары болуы ықтимал. Егер келіссөздер нақты жеткізілімдермен жалғасса, Қазақстан Орталық Азиядан тыс жаңа энергетикалық нарықтағы позициясын күшейте алады.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей тамыз айында Моңғолияға қосымша 25 мың тонна АИ-92 маркалы бензин және 5 мың тонна авиациялық отын жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарладық.

Бұл туралы Моңғолияның өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Гонгорын Дамдиннямның Ресейге жұмыс сапары барысында белгілі болған едң. Сапар кезінде министр Ресей энергетика министрлігінің өкілдерімен, «Роснефть» және «Газпром нефть» компанияларының басшылығымен кездескен.

Кездесулер барысында Моңғолияға мұнай өнімдерін жеткізу көлемін арттыру мәселесі талқыланды. Тараптар елдегі жанар-жағармай нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша жеткізілімдер бойынша келісімге келген. Келісімге сәйкес, Ресей тамыз айының ішінде Моңғолияға 25 мың тонна АИ-92 бензинін және 5 мың тонна авиациялық отын жөнелтеді.

Comments
Other materials