"Туған жері — Қазақстан". Жеке куәлікте елді-мекен жазылмайды, неге?

248
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8c0JbKZnQciEILGmkmjFh3uCxbPlKla3ts5VMaZV.webp

Фото: gov.kz

Қазақстанда жаңа жеке куәлік алған кейбір азаматтар құжаттағы «Туған жері» деген бағанға елді мекеннің орнына мемлекет атауы жазылғанын байқаған. Ішкі істер министрлігі бұл өзгерістің себебін түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа тәртіп 2025 жылдың наурыз айынан бастап қолданысқа енгізілген. Енді жеке куәліктегі «Туған жері» бағанында адамның туған қаласы немесе ауылы емес, дүниеге келген елінің атауы көрсетіледі.

Осыған сәйкес, Қазақстанда туған азаматтардың құжатында «Қазақстан» деген жазу болады. Ал шетелде дүниеге келген қазақстандықтардың жеке куәлігінде туған мемлекетінің атауы көрсетіледі. Мәселен, АҚШ-та туған азаматтың құжатында «АҚШ» деп жазылады.

Ішкі істер министрлігі бұл жаңашылдық құжаттарды рәсімдеу тәртібін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында енгізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар азаматтардың туған жеріне қатысты толық мәліметтер, соның ішінде облыс, аудан және елді мекен туралы ақпарат цифрлық жүйеде сақталады.

Министрлік жаңа талапқа байланысты бұрын берілген жеке куәліктерді міндетті түрде ауыстырудың қажеті жоқ екенін еске салды.

Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 1,5 миллионнан астам азаматқа паспорт пен жеке куәлік берілген.

Comments