Қамшыбек Тәшиевтің інісі депутаттық мандатынан бас тартты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WW5TpYWsZpmES5VPZx0Kf4LokIB3nJLBDX4kaHRq.jpg

14 наурызда Қырғыз Республикасының Жоғары кеңесінің (Жогорку Кеңеші) депутаты әрі бұрынғы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің інісі Шаирбек Тәшиев өз еркімен депутаттық мандатынан бас тартты.

Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы оның жеке өтініші негізінде депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Комиссияның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, осыдан кейін депутаттық куәлігі жарамсыз деп танылған.

Шаирбек Тәшиев сайлаушыларға жолдаған үндеуінде бұл шешімнің оған оңай тимегенін айтты. Оның сөзінше, ол мемлекет мүддесі мен халық сенімін басшылыққа алып, елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдағы тыныштық үшін осындай қадам жасауға мәжбүр болған. Сонымен қатар соңғы уақытта әлеуметтік желілерде өзі мен отбасы туралы жалған ақпараттар мен жала кеңінен таралып, жақындарының тыныштығына әсер еткенін атап өтті.

Оқиғалар алдында, 13 наурыз күні Шаирбек Тәшиев Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасына жауап беруге шақырылған. Алайда оның қандай іс бойынша шақырылғаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Бұл жағдай интернетте бірнеше компромат материалдардың таралуымен қатар жүрді. Әлеуметтік желілерде оның казинода 1,32 миллион доллардан астам қаржы ұтылғаны туралы видео тарады. Кейбір деректерде қарыздың бір бөлігін қылмыс әлемінде беделді тұлға саналатын Қамшы Көлбаев өтегені айтылған. Бұдан бөлек, мұнай базасын сатып алу, Pepsi зауытын салу жобасы және жұбайына қымбат сыйлықтар беру туралы ақпараттар да жарияланған.

Айта кету керек, ақпан айында Қамшыбек Тәшиев ҰҚМК төрағасы қызметінен кеткеннен кейін Шаирбек Тәшиев мандатынан бас тартпайтынын айтып, «қорқақтардың қатарынан емеспін» деп мәлімдеген болатын.

Қырғызстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты пікірлер екіге бөлінді. Кейбір қолданушылар депутат мандатын тапсыру компромат видеолар мен тергеу қысымынан кейін болғанын айтып, мұны Тәшиевтің айналасындағы адамдарды «тазалау» деп бағалады. Ал басқалары бұл шешімді қолдап, осындай көлемдегі айыптаулардан кейін оның қызметтен кеткені дұрыс болғанын айтады.

Пікірлер