Депутат жеке Қазақ әдебиеті институтын ашу керегін айтады

1689
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Rby207zLsSFa0OTNWHQ3ZRixeNsAOOVmZZmqzeMr.jpg

Бүгін, 29 қазанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ әдебиеті мен руханият саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Депутат өз сауалында мемлекет пен әдебиет арасындағы диалогтың әлсіреуін сынға алып, әдебиетті ұлттық идеологияның «жұмсақ күші» ретінде дамыту қажеттігін айтты.

«Әдебиет пен мемлекет арасындағы байланыс – рухани даму деңгейінің айғағы. Мемлекет әдебиетке назар аударса, қоғамның рухани иммунитеті күшейеді. 2025 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысыТөлен Әбдіктің «Егемен Қазақстандағы» сұхбатына жоғары баға беріп, оның айтқан ойлары ұлт руханияты үшін аса маңызды екенін атап өтті. Президент: «Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын. Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды»,—деп жазды. Бұл сөздердің астарында қандай маңызды ұстанымдар бар? Олар — мемлекеттің рухани саясатында әдебиеттің өзіндік орны бар екенін білдіру, қаламгердің қоғам алдындағы миссиясына құрмет көрсету, жас буынға әдебиет арқылы тәрбие берудің маңызын айқындау»,—деді депутат.

Қазыбек Иса мемлекет пен әдебиет арасындағы байланыс мәдени саясаттың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

«Әдебиет – мемлекеттің рухани коды, ғылымның идеялық тірегі және ұлттың мәңгілік жаны.Әлемдік дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен мемлекет басшысы “әдеби дипломатия” арқылы көптеген мемлекеттердің  өз ықпалын жүргізіп отырғанын жақсы біледі. Әдебиет – ұлттық идеологияның жұмсақ күші деген осы. Халықтың елдік санасын және ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын — әдебиет. Мемлекеттің дамуы да, ғылымның дамуы да, ең алдымен, әдебиеттен, яғни руханияттан басталады. Ғылым мен техника қанша өркендесе де, әдебиетсіз руханият негізі жоқ, қоғамның жаны болмайды. Кешегі билік басындағы бір адамды ғана Нобель сыйлығына ұсыну мақсатыдарынды жазушыларымызға тосқауыл болған отыз жыл артта қалды. Енді мемлекет басшысының өзі әдебиетке қолдау жасауда»,—деді ол.

Сондай-ақ депутат қазіргі қазақ әдебиетінде заманауи кейіпкердің толық қалыптаспауын және жастардың әдебиетке қызығушылығының төмендеуін атап өтіп, бұл бағытта жүйелі мәдени саясат қажет екенін жеткізді.

Қазыбек Иса Үкімет пен әдеби қауым арасындағы мәдени серіктестікті күшейту үшін бірнеше нақты бастаманы ұсынды:

1. Қазақ әдебиеті институтын ашу;

2. Қаламгерлердің еңбекақысын жүйелеу және қаламақыны арттыру;

3. Қазіргі заман әдебиетінің жарнамасын мемлекеттік деңгейде қолдау;

4. 100 прозалық және 100 поэзиялық әлемдік туындының сапалы аудармасынжасау;

5. Үкімет пен Жазушылар одағы арасында тұрақты “Рухани кеңес” құру;

6. “Қазіргі қазақ әдебиетіндегі кейіпкер” тақырыбын оқу бағдарламасына енгізу;

7. Қазақ әдеби мұрасын цифрландыру, электронды әдеби платформа жасау;

8. Әр облыста жазушылар мен жастардың тұрақты кездесуін ұйымдастыру.

 

 

Пікірлер