2025 жылы Қазақстанда адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«ІІМ деректері бойынша, 2025 жылы адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген. «STOP трафик» операциясы аясында рейдтердің 4 кезеңі өткізілді. ҰҚК Шекара қызметі заңсыз көші-қонның 29 арнасының жолын кесті, ал Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында шетелдік азаматтардың үш кәмелетке толмаған қазақстандықты заңсыз алып кетуіне жол берілмеді»,- делінген хабарламада.
Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өтті. Қатысушылар 2025 жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, төрағалықты екі жыл мерзімге ІІМ-ге беру мәселесін талқылады.
2025 жылы адам саудасынан зардап шеккен 171 адамға, оның ішінде шетел азаматтарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Оларға уақытша баспана, медициналық және психологиялық көмек, сондай-ақ жұмысқа орналасуға және құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем берілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, 2024 жылдың шілдесінде қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берген.
«Адамға бағдарланған тәсіл – енді біздің басты назарымызда. Тек 2025 жылдың өзінде адам саудасының 171 құрбанына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Бүгін біз одан әрі ведомствоаралық жұмыс үшін берік іргетас қалай отырып, төрағалық ету эстафетасын ІІМ-дегі әріптестерімізге береміз», – деді Асқарбек Ертаев.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Захарованың Украинаның Қазақстандағы елшісіне қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді