Щучинск қаласындағы «Палау орталығында» болған жойқын жарылыстан кейін мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олар бейне түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
Қайғылы оқиға салдарынан жеті адам қаза тауып, ондаған тұрғын түрлі деңгейдегі жарақат алған еді. Дәмхана өкілдері қаза тапқандарды соңғы сапарға шығару шығындарын өз қаражатына өтеп, зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екенін айтты.
Мекеме қызметкерлері дайындаған арнайы бейнеүндеуде оқиғаның орны толмас қасірет екені, қызметкерлердің де жағдайды ауыр қабылдап жатқаны атап өтілген.
«Сөз дәрменсіз болып, тыныштықтың салмағы кез келген қайғыдан ауыр тартатын күндер болады. Бүгін бәріміздің де жүрегіміз қан жылап тұр. Палау орталығында болған бұл қасірет жай ғана жазылмайтын жара емес. Ол әрқайсымызға, әрбір отбасы мен еліміздің әрбір тұрғынына ауыр тиді», – делінген үндеуде.