XI Baiqonyr Film Festival өтінім қабылдауды бастайды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/blbkjXdLR9dQGqlFwyXSxYte8FsQUsPSjAs09m9Y.jpg

2026 жылғы 1 наурызда XI Халықаралық Baiqonyr Film Festival (BFF) кинофестиваліне қатысуға өтінім қабылдау басталады. Барлық байқау бағдарламасына фильмдерді 1 шілдеге дейін тапсыруға болады. Фестиваль 2026 жылғы 19–25 қыркүйек аралығында өтеді.

Биыл фестиваль бағдарламасы төрт бағыттан тұрады: 

  • Дебюттік толықметрлі көркемсуретті фильмдердің халықаралық байқауы

  • Халықаралық қысқаметрлі фильмдер байқауы

  • Ұлттық қысқаметрлі фильмдер байқауы

  • Baiqonyr Pitching (сценарийлер байқауы)

Фильмдер түпнұсқа тілде, ағылшын тіліндегі субтитрмен қабылданады. 

Қатысушыларға жас шектеуі жоқ. Байқауға 2025–2026 жылдары түсірілген және бұған дейін Baiqonyr-ға ұсынылмаған жұмыстар қабылданады. Қысқаметрлі фильмдер байқауына ұзақтығы 30 минутқа дейінгі туындылар қабылданады. Сондай-ақ бір автордан немесе сценаристер тобынан берілетін өтінім санына шектеу жоқ.

«2026 жылы фестиваль аясын кеңейтіп, Еуразия елдерінен де өтінім қабылдаймыз. Бұл фестивальдің халықаралық ауқымын едәуір ұлғайтады», – деп атап өтті фестивальдің негізін қалаушы әрі президенті Ануар Кенжибаев.

Сондай-ақ, биыл Baiqonyr Pitching байқауы қайта оралды. Бұл жоба жас авторларға өз идеясын сценарийден дайын фильмге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қатысушылар менторлардан кеңес алып, продюсерлік қолдауға ие болады, сондай-ақ саладағы ресурстарға қол жеткізеді. Питчинг кураторы – танымал продюсер Әсел Ержанова. Pitching Day 21 қыркүйекке жоспарланған.

Фестивальдің толық бағдарламасы мен күнтізбесі арнайы презентацияда жарияланған.

Айта кетсек, былтыр фестиваль 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Халықаралық байқауға 865 өтінім, ұлттық байқауға 171 өтінім келіп түсті. Бұл көрсеткіш фестивальге деген қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын және оның киноэксперименттерге арналған маңызды алаңға айналғанын көрсетеді.

Фестиваль 2020 жылдан бері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өткізіліп келеді.

Фильмдерді FilmFreeway платформасы арқылы жіберуге болады.

Фестиваль жаңалықтарын baiqonyr.kz ресми сайтынан және Instagram парақшасынан бақылап отырыңыз.

 

Пікірлер