ҰБТ басталғалы 246 талапкер тыйым салынған затпен ұсталды

97
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hMqkPZWocHQqrcYkqKGhkq1pRwzAWa4tclgyMqYK.webp

2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ 187 мыңға жуық рет тапсырылды. Төртінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже — 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады, деп хабарлайды "Адырна".

Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 556 талапкер қатысты.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

"ҰБТ-ны өткізудің төрт аптасында 391 ереже бұзушылық анықталды. 246 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 145 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ", – делінген хабарламада.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Еске салсақ, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.

Пікірлер