Қостанай облысының құтқарушылары судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салу мақсатында қалалық жағажайда инсталляция орнатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, акция аясында жағажайға өңірдегі су айдындарында қаза тапқан адамдардың жасы жазылған құтқару кеудешелерінің макеттері қойылған. Бастаманың негізгі мақсаты – демалушылардың назарын судағы қауіпсіздікке аударып, қайғылы оқиғалардың алдын алу.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, инсталляциядағы әрбір кеудешеде суға кеткен адамның жасы көрсетілген. Осы арқылы құтқару кеудешесінің адам өмірін сақтап қалудағы маңызын еске салу көзделген.
Ведомствоның хабарлауынша, көрсетілген қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу, мас күйінде шомылу немесе өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау салдарынан болған. Қаза болғандардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар.
«Соңғы жүзу» деп аталған профилактикалық акция судағы қауіпсіздік талаптарын бұзудың салдарын көрнекі түрде көрсетуге және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл бастамаға әртүрлі пікір білдірді. Бірі мұндай ескерту тәсілін тиімді деп бағаласа, енді бірі оны тым әсерлі әрі үрейлі әдіс деп санаған.
