"Тыныштық сыйлайтын күн пайда болды." Армения премьері Әзербайжан халқын құттықтады

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pp46Mvs6Kh1c0m8Ioo6igPClKrxfPlUd8ov0AEu3.webp

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс кезеңі аяқталып, екі ел арасында бейбітшілік орнағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, премьер-министр бейбітшілікке қол жеткізу оңай болмағанымен, оны бұзу өте жылдам жүзеге асуы мүмкін екенін айтқан.

«Кез келген бейбітшілікті орнату қиын. Біздің бейбітшілігімізді орнату да оңай болған жоқ. Алайда кез келген бейбітшілікті бұзу және жою өте оңай. Мұны қысқа уақытта жасауға болады. Бұл жағдайда 35 жылдан кейін бейбітшілікті қайта қалпына келтіре аламыз ба деген сұрақ туындайды», – деді Армения үкіметінің басшысы.

Пашинян бейбітшілік үдерісіне қосқан үлесі үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа алғыс білдіріп, Армения және Әзербайжан халықтарын 8 тамыздағы тарихи оқиғамен құттықтады.

«Ақыры бізде алауыздықты қоздырмайтын, керісінше тыныштық сыйлайтын күн пайда болды. Қақтығыстың барлық құрбандары бейбітшілікпен тыныштық тапсын. Енді ешқашан қайталанбасын. Жасасын бейбітшілік» – деді ол.

Премьер-министр 2025 жылдың 8 тамызында Вашингтонда АҚШ, Армения және Әзербайжан басшыларының қатысуымен өткен үшжақты кездесуді екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихындағы бетбұрыс кезең деп атады.

Оның айтуынша, енді 8 тамыздағы кездесуді «Бейбітшілік саммиті», ал Армения мен Әзербайжан көшбасшылары қабылдаған және АҚШ президенті куәгер ретінде қол қойған бірлескен декларацияны «Бейбітшілік декларациясы» деп атауға болады.

Пашинян қол жеткізілген бейбітшілік нәтижелері қазірдің өзінде сезіліп отырғанын атап өтті. Дегенмен екі ел арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды түпкілікті бекітетін келісімге әлі қол қойылып, ол ратификацияланған жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік шекараны делимитациялау процесі де аяқталмаған.

Армения премьер-министрі саммиттің негізгі нәтижелерінің бірі ретінде «Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» (TRIPP) жобасын атады. Оның пікірінше, бұл жоба жақын арада Арменияның блокададан шығуына мүмкіндік беріп қана қоймай, ел мен өңір экономикасының маңызды тірегіне айналуы мүмкін.

Пікірлер