Президент Тоқаев Конго және Лихтенштейн басшылығын құттықтады

155
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sBKyhMcXUKPFi2AmHzlSTVOeUi5u4R0gwLwzaKzx.png

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессо мен ел халқын Ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастар алдағы уақытта да бірлескен күш-жігердің арқасында халықтардың игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу-Нгессоға жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Конго халқына бақыт пен бақ-береке тіледі.

Конго Республикасының Тәуелсіздік күні жыл сайын 15 тамызда атап өтіледі. 1960 жылы дәл осы күні ел Франциядан тәуелсіздігін жариялаған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Лихтенштейн Князьдігінің Ұлттық күніне орай тақ мұрагері Алоизге құттықтау жеделхатын жолдады.

Құттықтау жеделхатында Қазақстанның Лихтенштейнмен көпжылдық достық және өзара құрметке негізделген қарым-қатынастарды жоғары бағалайтыны айтылған. Президент екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да халықтардың игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тақ мұрагері Алоизге жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Лихтенштейн Князьдігінің халқына амандық, әл-ауқат және өркендеу тіледі.

Пікірлер