Үндістанда Қазақстан азаматы бар кеме ұсталды

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BXGKxyIicIXJjoPlQybCET2aiqghjjFnAEtirSh5.jpg

Үндістанның Парадип портында бортында 23 теңізшісі бар MT UNITY кемесі ұсталды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Бұл туралы Қазақстанның СІМ хабарлады. 

Экипаж құрамында Қазақстан Республикасының азаматы бар.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің мәліметінше, кемені ұстауға оның иесінің жергілікті жанармай жеткізуші алдындағы қаржылық берешегі себеп болған.

«Қазақстандық дипломаттар азаматымыздың елге қайтуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деді Жанболат Үсенов.

Оның айтуынша, жағдайды реттеуге жәрдем көрсету үшін Үндістанның сыртқы істер министрлігіне тиісті дипломатиялық нота жолданған.

Сонымен қатар СІМ аталған Қазақстан азаматы мен оның отбасы мүшелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап жүгінбегенін хабарлады.

Бұған дейін БАҚ Камерун туы астында жүзетін MT UNITY танкерінің 11 мамырдан бері Үндістанда ұсталып тұрғанын хабарлаған. Кеме жүк түсіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін оның иесіне қатысты қаржылық талаптарға байланысты қамауға алынған. Даулы іске қатысы бар екі компания да Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген. Қазір істі Үндістанның Орисса штатының соты қарап жатыр.

Пікірлер