Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Кездесуге Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев, Қарағанды облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұркен Кобжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Бекзат Алтынбеков пен Әйгерім Исбекова қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер, білім беру жүйесін дамыту, әлеуметтік саясат, жастарды қолдау және адами капиталды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов кездесудің ашық диалог форматында өтуінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Жолдауда көтерілген мәселелерді талқылаумен қатар, нақты ұсыныстар әзірлеуге де мүмкіндік бар. Әсіресе мемлекеттік және жергілікті басқару, заң және экономика бағытында білім алып жатқан жастардың пікірін ескеру маңызды.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы мазмұны мен маңызы жағынан ерекше. Өйткені бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдау. Конституциялық өзгерістерден кейін еліміздің саяси жүйесінде елеулі жаңару болды. Ендігі мәселе – осы өзгерістерден кейін Қазақстанның даму бағыты қандай болмақ, алдағы уақытта қандай міндеттер жүзеге асырылуы керек деген сауалдарға жауап табу, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат әлемдегі геосаяси ахуал мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы елдің жаңа сын-қатерлерге бейімделуін талап ететінін жеткізді. Оның сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқушылардың 70 пайыздан астамы жасанды интеллектіні жиі қолданады. Бұл білім беру жүйесінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, Жолдауда көтерілген Қазақстанның жаңа ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу бастамасына тоқталды. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан – 2030» стратегиясының ел дамуының негізгі бағдарын айқындағанын атап өтіп, жаңа стратегиялық құжатты әзірлеуге академиялық қауымдастықтың, ғалымдар мен студенттердің белсенді қатысуы қажеттігін айтты.
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Депутаттың пікірінше, жасанды интеллектіні енгізу мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру басқару жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік басқару құрылымын заман талабынасай жетілдіріп, реформалар әзірлеуде университеттердің ғылыми әлеуетін пайдалану маңызды. Білім беру саласына қатысты сөзінде Асхат Аймағамбетов педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерден босатылуы керектігін атап өтті. Мұғалімдердің артық есептілігі мен қағазбастылығын азайтып, олардың негізгі жұмысына – білім беру мен тәрбиеге басымдық беру қажет. Бұл бағытта арнайы заң жобасы әзірленгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселесі де қозғалды. Депутат кейбір елді мекендерде арнайы мамандардың, оңалту орталықтары мен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, әр балаға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы көмек алуға мүмкіндік жасау қажет. Осы бағытта оңалту және түзету орталықтарын ашу, қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелері пысықталуда.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекзат Қомарұлы өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған сананы жаңғырту мәселесіне тоқталып, қоғамдағы өзгерістер еңалдымен әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, заңдарды жетілдірумен қатар, «Адал азамат» қағидатын қалыптастырып, заң мен тәртіпті сақтайтын адамдарды дәріптеу маңызды. Сондай-ақ, құқық бұзушыларды жазалаумен ғана шектелмей, қоғамға үлгі болатын азаматтарды құрметтеу арқылы жастардың бойында жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға болатынын жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері Президент тапсырмаларының мәні мен оларды іске асыру бағыттарына тоқталды. Жиынға университеттің 130-ға жуық студенті мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
