Мәскеу қаласындағы «Кеңестер қанаты» спорт кешенінде кәсіпқой бокс кеші өтіп жатыр. Онда қазақстандық спортшы Фируза Шәріпова (11-1, 6 КО) өнер көрсетті. Бұл туралы Sports.kz сайтына сілтеме жасап "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.
Шәріпова сербиялық Сара Марьяновичпен (7-7, 3 КО) кездесті. Сегіз раундқа жоспарланған жеңіл салмақтағы жекпе-жек төрешілердің бірауызды шешімімен қазақстандық боксшының жеңісімен аяқталды. Осылайша, Фируза Шәріпова профи-рингтегі 12-інші жеңісіне қол жеткізді.
26 жастағы спортшымыз үшін бұл – 2020 жылғы екінші кездесу. Бұған дейін ол тамыз айында Танзания өкілі Хэппи Даудиді (9-7-1, 4 КО) бесінші раундта нокаутқа жіберген болатын.
Сербиялық Сара Марьянович бүгін өз мансабында сегізінші рет жеңілді. Мәскеудегі бокс кешін «Qazsport»телеарнасы мен SHAMO BOXING Youtube-арнасынан тікелей эфирден көруге болады.
Кеш хедлайнерлері – ресейлік боксшылар Шәміл Хатаев (4-0, 1 КО) пен Грачья Маргарян (7-1-1, 5 КО). Олар орта салмақта WBA Asia чемпионы титулы үшін айқасады.
Сурет авторы Серикжан Ковланбаев
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін Мәскеуде соңғы 20 жылдағы ең қысқа парад тіркелді. Рашаның парадқа қатысатын әскері мен техникасы таусылған сияқты.