Тест тапсырудан босатылады. Министр қуанышты жаңалығымен бөлісті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yeZSjfBnQ8FPnCEkdsrwRxR7IX4MVf0hhMuGP91q.jpg

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестациялау төңірегіндегі көп жылдық дауларға нүкте қоятын шешім туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің пәндік білімін тексеру толықтай тоқтатылғанын жеткізді.

«Менің ойымша, мемлекет басшысы сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытуда. Баршаңызды құттықтаймын. Осы шешім туралы ресми хат білім басқармаларына жолданды», – деді министр Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

Айтуынша, бұл қадам мұғалімдердің кәсібилігін мойындауды және оларды артық күйзеліс пен бюрократиялық қысымнан арылтуға деген мемлекеттің ұмтылысын көрсетеді.

Пәндік білімді бағалау рәсімі бастапқыда оқыту сапасын бақылау үшін енгізілген болатын. Кейіннен  ол ұстаздардың сынына ұшырады. Ел бойынша мұғалімдер жыл сайынғы тестілер психологиялық қысым туғызатынын және педагогтердің оқушылармен жұмыс істеуге жұмсайтын уақытын алатынын бірнеше рет айтқан.

Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжат тапсыру мерзімдерінің қайта қаралатынын хабарлаған болатын.

Пікірлер