Астанаға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан көлік министрлері келді

6839
Adyrna.kz Telegram

XXVI халықаралық «Көлік және логистика» көрмесі және New Silk Way VI халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы елордасы Астана қаласында қазақстандық көлік апталығы аясында өз жұмысын бастады

Елімізге ауқымды іс-шараға қатысу үшін Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның 25 елінен делегаттар, бизнес өкілдері, министрліктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Сонымен қатар Астанаға ЕЭК, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан көлік министрлері мен Әзірбайжан, Болгария, Грузия және Латвия министрліктері басшыларының орынбасарлары келді. Іс-шаралардың ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев қатысты.

«Ұйымдастырылып отырған көрме мен форум жұмысы Еуразия құрлығының көлік-коммуникациялық кешенін дамыту перспективаларына арналған. Аталған іс-шаралар өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешудің практикалық жолдарын іздеу, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің диалогы үшін ең тиімді алаң болып саналды. Сондай-ақ көлік саласын дамыту саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға және қазіргі экономикалық жағдайда одан әрі тиімді даму жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Республикасының көлік министрі.

Марат Қарабаев Қазақстан материктің маңызды көлік желілерінің торабында орналасып, Азия мен Еуропа арасындағы сенімді серіктес және транзиттік көпір екенін еске салды. Ол сондай-ақ «Көлік және логистика» көрмесі іс-шараға қатысушылар мен қонақтардың ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарын нығайту үшін пайдалы болатынына сенім білдірді. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық көлік апталығы аясында алуан түрлі іскерлік бағдарлама жоспарланған. Бағдарлама барысында New Silk Way VI Халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы және «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы», «Каспий теңізіндегі порттарды, терминалдарды және кеме қатынасын дамыту» және «Көлік және логистика нарығы» конференцияларын өткізу көзделіп отыр.

Бизнес-форумда сарапшылар мен қатысушылар көлік жүйелерінің ынтымақтастығы мен интеграциясы, орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдау саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар, жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізу жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылайды. Іскерлік бағдарламадан басқа салалық министрліктер, ведомстволар, қауымдастықтар мен халықаралық компаниялар басшылығының қатысуымен екіжақты кездесулер мен келіссөздер жоспарланған.

ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Пікірлер