Ажырасқандардың 40 пайызы құмар ойынға салынған – Елнұр Бейсенбаев

737
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «ұзақ талқыланып, көптен күткен» заң жобасын 1,5 жыл күткенін айтады.

«Осы кезең ішінде қаншама талқылау, қаншама пысықтау болды. Қоғам дертіне айналған бұл мәселе жөнінде қөптеген депутаттық сауал жолданып, арнайы отырыстар ұйымдастырылды. Осыған жауапты мемлекеттік мекемелер өкілдерін шақырып, тыңдау да өткіздік. Ең бастысы, Мәжілістегі барлық фракция өкілдері осы заңға бастамашы болып отыр.

Сонымен бірге, Президент жанындағы жастар кеңесінің өкілдерімен, Ұлттық Құрылтай мүшелерімен де бірге талқыладық. Қоғам белсенділері мен сарапшылардың қатысуымен қарастырдық. Қысқасы, заң жобасына Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз» – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, ойын бизнесінде үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен.
«Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Сондықтан осынау заң жобасы өте өзекті әрі қоғам үшін маңызды екені анық. Тіпті бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет көтеріп, нақты тапсырма берді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық Құрылтайда бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер.

Шыны керек, қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы.

Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ажырасулардың пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания», – деді ол.

Пікірлер