Тәрбие мен санада шекара бола ма?

10132
Adyrna.kz Telegram

                              

                 І бөлім

 

Өзекті тақырып өзіміз үшін өрбімек. Қазіргі таңдағы көпшілік көңіл бөлмейтін, бірақ көңілсіздікке тап болып жатқан жағдай менің зерттеу жұмысыма айналмақ.

Бұқаралық ақпарат құралдарының, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың балалар аудиториясына, өміріне әсері орасан зор. Себебі, жасөспірімдердің барлық уақыты интернет, теледидар қараумен өтеді. Ақырында қанша кісі өлімі, қаншама қатыгездікті, қанша зорлық-зомбылықты бойына сіңіргенін де білмей қалады. Психолог ғалымдардың зерттеуінше, олар бәрін миларында іштей қайталап, ойын ойнағанда да оны ішкі жан дүниесімен сезіну арқылы беріліп кетеді екен. Балалардың бәрі мына шынайы өмір мен теледидар, интернет, компьютерлік ойындардан көргендерін ажыратып, ненің не екенін нақты түсінеді деу – өте жаңсақ пікір. Егер олар жақсы мен жаманды айыра білсе, сабақтан өте көп қалу, кітап оқымау, түн мен күнді ауыстырып алу, суицид, қоғамнан бөлектену, ата-анаға ашылып сыр бөліспеу, «ешкім мені түсінбейді» деген ойға келіп, жалғыздықты сезіну, теріс ағымдарға еліктеу және тағы басқа қауіптер орын алмас еді.

Осы турасында академик Ғарифолла Есім былай деген болатын: «... біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп те жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электронды пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде».

Ақпарат әлемінің біртұтас мемлекетке тигізер әсерінің таяқтың екі ұшы секілді пайдасымен қоса зияны да бар. Соның бірі теледидардан жарияланатын бағдарламалардың көтерген ерсі тақырыптары. Ата-ана балаларымен бірге отырып ақпарат алуға қысылатын заман болды. Оған қарапайым бір ғана мысал: «Жетінше арнадан» тікелей эфирде, күндізгі мезгілде көрсетілген «Өз ойым» бағдарламасын алайық. Ондағы тақырыптар «Қыздық перде қызықтыра ма?», «Жынысымды ауыстырғым келеді», «Трансқа түскен өмір», «Нәзік жігіттер», «Шала танысым 30 шақты рет зорлады», «Атақ па, шатақ па?, «Еркекшора қыздардың ерекшелігі», «Зорланған қыздың зор қайғысы», «Жалаңаштану – жарнама ма?», «Нағыз жігіт пе, нәзік жігіт пе?», «Жатырын жалға бергендер», «Қыздардың пәктігі маңызды ма?», «Жыныстық тәрбие беру тәрбиесіздік пе?», «Көңілдес болғым келеді», «Қыздығымды сатамын», «Жезөкшелік қашан заңдастырылады?», «Нашақордың күні», «Бала сатамын», «Еркекшоралық ерсілік пе?», «Балаға сексуалды тәрбие беру керек пе?», «Ар саудасы мен тән саудасы», «Атың шықпаса...», «Өзгеріске ұшыраған келбет» және тағы басқа. Бұл бағдарлама ел болашағын ойлаған азаматтардың жан-айқайы мен соттасуы арқылы жабылса да, осыған ұқсас бағдарламалар әлі эфирден алынған жоқ. Міне, осындай сорақылықтарды көрген балалар ата-анамен бұл мәселені талқылап та жатпайды. Бұрысты дұрыс деп түсініп, бағдарламадағы кейіпкерлердің істеріне, бейнелеріне еліктеулері мүмкін. Бұл зерттеу жұмысымның негізгі нысаны – осы балалардың ақпарат қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету. Балаға төнген қауіп – тұтас елге төнген қатер. Елде іріткі болмау үшін бала құқығын сақтап, қорғап қалу әр тұлғаның міндеті деп білемін.

 

 

 

                                 ІІ  бөлім

...Талданар жұмыстың тамыры тереңде болуы маңызды. Сүттің бетіндегі қаймақты ғана қылқытқандай болмай, түпкі қазығына да бүгін бас сұқпақпын. Ендеше ата мен әжені – Ipone мен Ipad-қа алмастырған бүкіләлемдік желі Интернет тақырыбына тоқталайын.

Қоғамның талабы дейміз, заманның дамуы дейміз, әйтеуір интернет әлемін қорғаштап шығатын сылтау табамыз. Иә, аз уақыт ішінде барлық керекті-керексіз ақпараттармен толыққанды қамтамасыз ете алатын да осы интернет әлемі. Солай бола тұра, интернеттің қайдан шыққанын, қалай пайда болғанын білуге ұмтылмайтынымыз да бар.

Интернет ұғымы ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, жүрдек пойыздың жылдамдығын еске салатындай жедел қарқынмен қанат жайып келеді. Әйгілі Ер Төстік ертегісінде Төстік жыл санап емес, ай санап, күн санап өсіпті дейтін жері болатын. Сол Ер Төстіктің ер жетуі сияқты дамып отырған бір сала болса, ол – бүкілғаламдық желі Интернет. Оның шығу тарихы да қызық. 1957 жылы Кеңестер Одағы жасанды жер серігін ғарышқа ұшырған соң, АҚШ Қорғаныс министрлігі «егер соғыс бола қалған жағдайда Америкаға сенімді ақпарат алмасу жүйесі керек болады» деп есептеген. Ондай жүйені АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметкерлері ойлап тапқан. ARPANET деп аталатын жоба 1969 жылы 29 қазанда төрт мекеменің компьютерлерін телефон арқылы байланыстырады.

Содан соң ARPANET дамып, оны түрлі сала ғалымдары пайдалана бастайды. 1983 жылы бұл атау «Интернет» деген ұғыммен алмастырылды. Бұл күнде интернетті тұрақты пайдаланушылар саны бүкіл әлем бойынша 1,5 млрд адамнан асыпты. Бұл – жер шарын мекендейтін халықтың төрттен бір бөлігі ғаламтор игілігін өз кәдесіне жаратуда деген сөз.

Қазақстанда интернеттің пайда болу күні қашан дегенге екі жауап бар. Біріншісі – 1991 жылдың сәуір айы. Сол жылы «Парасат» фирмасы базасында Relkom жүйесінің Қазақстандағы алғашқы аймақтық торабы ашылған болатын. Бұл торап UUCP бойынша электрондық пошта қызметін көрсететін. Ал екінші туған күні – Казнет дүниеге келген 1994 жылдың 19 қыркүйегі. Осы күні алғаш рет KZ домені тіркелген еді. Сол жылдың аяғында қазақстандық сайттардың саны 15-ке жеткен.

БАҚ-ты жаппай монополиялау науқаны қызған кезде «Караван», «Новое Поколение» газеттерінің, «РИК» радиосының, «КТК» телеарнасының басшылығы мәжбүрлі түрде ауыстырылған болатын. Ал осы процестің нәтижесінде науқаннан аластатылғандар өздерінің саяси және шығармашылық мүдделерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жария ете алмайтындықтан, ол мүмкіндіктерін виртуалды кеңістікте іске асыруға кірісті. Дәл осы кезең интернетте үкімет басында отырғандарды өткір сынға алған оппозициялық сайттардың пайда болуымен сипатталады.

С.Дуванов өзінің «WEB журналистика: опасные тенденции» атты мақаласында «Қазақстандағы интернет-журналистиканың қалыптасуына басты себеп болған 1996 жылғы негативті саяси процестер», – деп атап көрсетеді.

Алғашқы кезде интернетті пайдаланушылардың саны аз болғандықтан, сыналған шенеуніктер бұл үрдіске аса мән бере қойған жоқ. Аз уақыттан соң жүйедегі ақпарат қағазға шығарылып, ел арасында таратыла бастайды. Сөйтіп интернеттің аудиториясы көбейе түседі.

ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мəліметтері бойынша, интернетті мектепке дейінгі балаларды қоспағанда, ел тұрғындарының 3,1% қолдана алмайды, 18,4% «компьютерлік өнерді» енді ғана бастап үйреніп келеді, ал 11,6% азаматтар «тəжірибелі пайдаланушы» санатына жатады.

Тағы бір ескеретіні, интернеттен алынған ақпаратқа бастапқыдан сенімсіздікпен қарау үрдіске айналған болатын және жалған ақпараттардың көптеп таралуын ескерсек, мұндай іс-әрекет үлкен мәнге ие. Сонымен қатар, лицензия алған желілік басылымдар түрлі қоғамдық ұйымдармен және билік органдарының өкілдерімен қарым-қатынас құруда біршама басылымдықтарға ие. «Страна.ru» жобасының бас редакторы М.Литвиновичтің пікірінше, «лицензияның болуы – желілік БАҚ-тың берген мәліметтерінің шындыққа сай келуінің кепілі, себебі интернетте ақпарат тарату тәртібінің қатаюына, сол арқылы кәсіби деңгейінің жоғарылауына септігін тигізеді» деген болатын.

Қазақстан ғана емес, барлық елде интернет журналистика саласының бір түріне арналған. Яғни, басты құралдарының бірі. Қазір қарап отырсаңыз, барлық телеарнаның, барлық мекеме, ұйымдардың электронды нұсқасы пайда болды, мысалы, әлеуметтік желіде парақшасы, Youtube видеохостингтерде аккаунттары және арнайы сайттары бар.

Өздеріңізге белгілі «Әзіл Әлемі» театрының жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың әзілдері барша қазаққа майдай жағады. Тіпті, өзіміздің іс-әрекеттерімізді көрсеткенде қызармаймыз, тек мәз боламыз. Ұялы телефоннан бас алмайтын қазіргі заманның үлкенді-кішілі замандастарын ешкімде шаруасы жоқ өздерімен-өздері бүкшие жүретін маймылдарға теңеген болатын. Сырттан қарасаңыз, расында бұл теңеудің жаны бар делік. Ал біз оған аузымызды баса күлеміз, бірақ реттелмейміз. Кінәні біреуге тағуға болмайды, қай нәрсені де өзімізден бастау керек.

Адамзатты өзіне қаратқан Интернеттің басшысы жоқ. Ол – тәуелсіз, еркін. Сондықтан, адамдар да оның алдында тәуелсіз болғанын қалар едім.

Интернетті меңгеруіміз керек деп таңертеңнен қара кешке дейін заман техникасымен шұғылдана бергеніміздің адамзат өміріне тигізетін өзіндік пайдасы мен зияны баршылық екеніне көзіміз жетті. Әрқашан әр нәрсенің жақсысын үйреніп, жаманнан жиреніп, пайдасын көріп біліп, ал зиянынан сақтану керек. «Асыл тастан, өнер жастан» демекші қазіргі техника қарқынды дамыған заманда, дені сау, білімді ұрпақ интернеттен қажетті мағлұматтарды жинап, Қазақстанға өз үлесін қосады деп сенемін! Тек қана оны сауатты пайдалану керек.

Ал сіз интернет әлемін жүйелі пайдаланып жүрсіз бе? Қаншалықты уақытыңызды арнайсыз? Сізге келер пайдасы мен зияны қандай?!

Талқылар танымды тақырып әлі алда. Жалғасын күтіңіз...

 

 

                                                ІІІ  бөлім

Тәрбие мен сана шекарасына тікелей әсер ететін ол – ақпарат!

Жан-жақтан түсетін ақпаратты балалар үшін қауіпсіз деп айта аламыз ба? БАҚ-тағы жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заңнамалық тұжырымдар бар ма?! Әлемде қандай, Қазақстанда қандай?

Осы сауалдар төңірегінде ізденіп көрелік. Соңына дейін оқыңыз. Келіскен тұсыңыз, не айтар ақпаратыңыз болса, пікірге қалдыра кетіңіз!

Жастар – ел болашағы. Олардың алған білімдері мен хабардар болған ақпараттарына біртұтас ел болып жауап береді. Мемлекет мүшелерінің денсаулығына, адамгершілігіне, рухани дамуына кері әсерін тигізетін ақпараттардан қорғау шаралары сол кезеңдерде қабылданған барлық заңнамада көзделген. Соның ішінде бала мүддесі, бала денсаулығы, бала тәрбиесі басты тақырып болып тұрды. Сондықтан да, 1989 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында Балалар құқықтары туралы конвенция болып, мұнда балалардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени құқықтарымен қатар, саяси, азаматтық құқықтары да қаралды. Бұл конвенция алғашқы толыққанды жазылған халықаралық құжат деп есептеледі. Конвенцияның арқасында бала құқығы алғаш рет халықаралық құқықтық күшке ие болып, 2002 жылы бұл құжатты 191 ел ратификациялаған. Бұл мемлекеттер әр 5 жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымына балалар құқықтары жөнінде есеп беріп отырды. Бұқаралық ақпарат құралдары тарататын ақпараттарға басты назар аударылып, балалардың әлеуметтік, рухани, адамгершілік қасиеттеріне және әл-ауқатына, олардың психикалық ойлау жүйелері мен баланың дене салауатының жақсы қалыптасуына бағытталған материалдар мен ақпараттар тарату керек.

Сондықтан да барлық мемлекеттер мына жағдайларды қолдайды:

- Балаларға пайдалы әлеуметтік және мәдени тұрғыдан білім беретін, сапалы ақпараттар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарын қолдайды;

- Әр мемлекеттердің ұлттық, мәдени деректерін алып, ақпараттарды дайындау кезінде, оларды таратып, басқалармен алмасу кезінде халықаралық ынтымақтастықты сақтауды қолдайды;

- Жасөспірімдерге арналған әдеби шығармаларды көбейтуді қолдайды;

- Балалардың өміріне қауіп төндіретін ақпараттардың алдын алуды және сондай материалдардың таралуына жол бермейтін қағидаларды қолдайды.

Атап айтқанда, бұл конвенцияда балалардың дем алуына және бос уақыттарын тиімді өткізулеріне, ойындар ойнап, ойын-сауық шараларына қатысуларына рұқсат етілген. Тек мұнда қойылатын бір ғана талап, барлық іс-әрекет, барлық шаралар баланың жасына сәйкес болуы керек делінген.

ЖАРНАМА туралы баптарға тоқталайық. Өйткені, жарнамадан көргенін қайталайтын жастар да, жарнамада көрсетілген заттарға қызығып, сол дүниені алатын адамдардың қарасы да мол екені анық. 11-інші бапта былай делінген: «Балаларға арналып, балаларды пайдалану арқылы жасалған жарнама олардың мүдделеріне зиян тигізбеуі жəне олардың ерекше қабылдау қабілетін ескеруі тиіс».

Адам өміріне зиянды, бірақ қолданыста жүрген тауарлар туралы жарнамаларға көп елдер өте қатаң тыйым салған. Бұл ең дұрыс қабылданған шешім деп санаймын. Өйткені, темекі бұйымдары мен алкоголь ішімдіктері және тағы басқа зиянды тауарларды ешқашан насихаттауға болмайды. Олардан бала түгілі үлкендерді де аулақ ұстау қажет. Көптеген елдер мұндайға аса зор мән береді. 15 бапта темекі бұйымдарының жарнамасына тыйым салынады.

Бұл халықаралық деңгейдегі құжаттар. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясында «қоғамдық имандылық» деген сөз тіркестері көп кездеседі. Осы турасында Конституцияның 12 бабының 5 бөлімінде: «Адамның жəне азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс». Бұл тек Қазақстан Республикасында ғана емес, халықаралық деңгейдегі құқықтық құжаттарда да сөз еркіндігіне шектеулер қойылады. Өйткені ешкім ешкімнің ала жібін аттамай, ешкім ешкімді білмей жатып сөге жөнелмеу керек.

Бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеттерінің бірі де. Яғни, олар порнографияға, қатыгездік пен күш жұмсағанға, зорлыққа қарсы бағытталған заңнаманы басшылыққа ала отырып, қоғамдық адамгершілікті қорғайды. Атазаңда жоғарыда қысқаша айтып өткен 20 баптың 3 бөлігі де конституциядағы нормаларды күштеп өзгертуге, соғыс пен қатыгездікті, әлеуметтік, расалық, ұлттық, нәсілдік, діндік, жүздік, рулық басымдықтарды үгіттеуге қарсылық білдіреді.

«БАҚ туралы» заңда барлық мүдделер мен нормалар атап өтілген. 1 баптың 14 бөлігінде эротика ұғымы көрсетіліп, мән-мағынасы түсіндірілген. Яғни, эротикалық өнім дегеніміз – адамгершілік ар-ұяттан аттап өтетін, қазаққа ашық айтқандығы тән емес дүние болып табылатын, қызығушылық тудырып, үнемі алаңдатып тұратын баспалық басылым немесе теле-радиодағы бағдарлама. Бұл туралы Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңда 14 баптың 2 бөлігінде эротикалық сипаттағы материалдарды жариялап тарататын мерзімді басылымдарды стационарлық емес үй-жайларда және білім беретін ұйымдар, балаларға қатысты мекемелердің, ғибадат өткізілетін үйлердің жанында және сол аумақтарды сатуға тыйым салынған. Сонымен қатар, он сегізге толмаған жастағы балаларға бөлшек сауда жасауға тыйым салынады. Бұл эротикалық ақпараттарды тарату жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы стационарлық мекендерде жүргізілуі тиіс.

Порнографиялық және сексуалдық-эротикалық сипаттағы радиодағы, теледидардағы бағдарламалардың эфирге шығуына және сондай сипаттағы кинолар мен видеолардың таралуына, оларды көрсетуге, заң бойынша тыйым салынады. Сонымен қатар, қатыгездік пен зорлықты насихаттауға да өте қатаң тыйым салынған. Мұның барлығы балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне, олардың адами сана-сезімін ластаудан қорғауға бағытталған іс-шаралар.

2000 жылы 6 қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы балалар тақырыбында, яғни, баланы сату, балалардың жезөкшелікпен айналысуы немесе оған мәжбүрлеу, балалардың порнографиясына байланысты Балалар құқықтары туралы қабылданған конвенцияға факультативтік хаттамаға қол қойған болатын.

Наполеон Бонапарттың мына сөздері еріксіз еске оралады: «Саған қарсы бағытталған төрт жүз мылтықтан гөрі төрт баспасөздің қарсы тұрғаны әлдеқайда қауіпті» деген пікірінен-ақ баспасөздің құдіретін аңғаруға болады.

Сонымен қатар, 1973 жылы Чилиде болған төңкерісте Сальвадор Аьенде: «Менің қолымнан әскердің кетіп қалғаны түк емес еді. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой», – деп еңірегенде етегі жасқа толғаны тарихта жазылған. Сонда қарап отырсаңыз, бұқаралық ақпарат құралдарының міндеттері мен атқарып жатқан қызметтеріне бей-жай қарауға болмайды.

Баланың ақпараттық қауіпсіздігіне байланысты «Қазақстан Республикасының баланың құқығы туралы» заңды 2002 жылы 8 тамыз күні қабылдап, Баланың құқықтары жөніндегі конвенция ратификацияланды. Осы заңдардағы баптарға сүйенсек, баланың сөз бостандығы мен ар-ождан еркіндігін сақтап, ақпараттарды алуына рұқсат беріліп, қоғамдық өмірге араласу құқығына ие болатыны айтылған. Алайда мұның барлығы белгілі бір заң шеңберінде жүзеге асырылып, егер теріс дүние балаға әсер ететін болса, заңда бекітілген шеңберден асуға тыйым салынады.

Мемлекеттік құжаттарға арнайы тоқталғандықтан мына бапты да айта кеткен жөн. 34 бапта: «Порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты дəрiптейтiн, адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын, балаларға зиянды əсер ететiн жəне құқық бұзушылыққа ықпал ететiн бұқаралық ақпарат құралдарын, əдебиеттi, ойын-сауық жəне басқа iс-шараларды пайдалану» заңға қарсы болып табылады.

Сонымен қатар, баланы алкоголь өнімдері мен темекі өнімдерінің зиянды әсері туралы айтып, олардан қорғайтын заң ережелері де бекітілген.

Ең сорақы қылмыстардың бірі – баланы жезөкшелікке итермелеу. Бұл мәселеге мемлекет ешқашан да бей-жай қараған емес. Балаларды жезөкшелік және порнографиядан қорғау үшін заңға 40 бапты енгізген: «Баланы жезөкшелiкпен айналысуға тартқандарға, балаға порнографиялық материалдарды немесе заттарды, баспа басылымдарын, кино немесе бейнематериалдарды, порнографиялық сипаттағы жəне эротикалық мазмұндағы өзгеде нəрселердi таратқандарға, жарнамалағандарға немесе сатқандарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тəртіппен жауаптылық белгiленедi». Халықаралық құжаттармен салыстырғанда Қазақстан Республикасының заңнамасы балалардың ақпараттық қауіпсіздігі турасында халықаралық стандарттарға әлі де алыстау екені байқалады.

Әлеуметтік желіде сұрау жүргізгенде 13 жастан басталған ересек балалардың 54 %-ы теледидар көретіндігін айтса, 60 пайызы бейнені, яғни, видеоларды көп қарайтындығын, 53 %-ы компьютерлік ойындарда ойнаса, 51 %-ы интернетте зорлық пен қатыгездікті көп көретіндерін айтып өтті. Ал 13 жастан асқан үлкен балалардың біразы эротикалық мазмұнды журналдардың қолжетімділігін айтқан болатын. Бұл жауаптарға қарап, көңілің толқып, болашақты ойлап қам жеуге болады. Қанша жерден шегелеп заң шығарып, нормаларын бекітсе де балалардың өз ауыздарынан естіп отырғанымыз мынау?! Істің тындырылуы бір адамға емес, бүткіл біртұтас халыққа байланысты екенін де ұмытуға болмас.

Көптеген педагогтар бүгінгі бала тақырыбында сөз қозғағанда, көпшілігінің ойлары бір жерден шығуда. «Біздің елде кез-келген бейне материалдарды жалға алатын дүкенге келіп, емін-еркін сауда жасай алады. Яғни, бала қалаған бейне өнімді ала алады және соны көреді. Бейне өнімді де, баланы да шектеп жатқан ешкім жоқ. Ең қызықтысы, сатушы да еш ойланбастан балаға немесе жасөспірімге сұраған тауарды еш уайымсыз бере салады!... » десе, біреулері «қазір сатушыларға бәрібір болып кеткендей. Олар тауардың ақшасы төленсе болды, бала болсын, жасөспірім болсын қуана-қуана балаларға тыйым салынған заттарды бере салады».

Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заң жобасының 29-бабы «Телебағдарламаларды тарату кезінде балалар мен жасөспірімдерді қорғау», 1-тармағында «Жергілікті уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде балалар мен жасөспірімдердің тәндік, психикалық, имандылық, моральдық және рухани дамуына зиян келтіруі мүмкін телебағдарламарды, сондай-ақ «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Е 18» индексімен индекстелген фильмдерді таратуға жол берілмейді» деп жазылған.

Жоғарыдағы заңды басшылыққа алсақ, мысалы, отандық «Жетінші арна» телеарнасынан көрсетілген «Өз ойым» бағдарламасы жергілікті уақыт бойынша күндізгі 15:00-де басталатын еді. Ал қазіргі таңда, осы секілді «Кел, татуласайық», «Қалаулым», «Бір болайық», «Қалауым LIVE» және тағы басқа бағдарламалардың көңілге қонымсыз тақырыптары мен айқай-ұрыстары, лас сөздері әлі күнге дейін телеарналардан көрсетілуде. Осыған орай, мұндай бағдарламалардың ісі заң бұзушылыққа жатады деп есептеймін.

 

                                                IV бөлім

Бала үшін зиянды ақпараттың таралуы және қорғау жолдары қандай?

Телеарналар мен газет-журналдардың жекеменшікке өтуі арнайы жолақты кесе берулеріне мүмкіндік жасағандай. Қазіргі таңда ақпараттың таратылуы, көрсетілуі орынды деп толыққанды айта алмаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары жағымсыз, қисынсыз, қатыгез, теріс, бұрыс ақпараттарды ашық та айқын тарататын болған. Кез-келген балаға сауалнама жүргізгенде бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылық, қатыгездік пен сатқындық емін-еркін көрсетілетінін білдік. Әсіресе, мұндайлар видео жүзінде көп таралады. Біреуі теледидардан көрсе, біразы интернеттегі арнадан, YouTube, VK, WhatsApp, telegram және тағы басқа әлеуметтік желілерден көретіндерін айтты. Сонымен қатар, мұның барлығы қарап отырсаңыз, өте қолжетімді және тегін. Оның орнына тіл үйрену, қызықты мәліметтер алу, қазақ ұлтының бүгінінің қадірін білу үшін тарихын насихаттайтын дүниелерді неге көрсетпеске?! Көрсетілмейді емес, әрине мұндай бағдарламалар, мақалалар, очерктер жетерлік. Бірақ соны баланың санасына тән қызықтыратын, құштарлығын арттыратын, тағы да білсем екен деп ұмтылатындай етіп жасау аз.

Бүгін де балалар арасвында ұялы телефондағы смс немесе неше түрлі видеоны бір-біріне «лақтырып» жіберу ең қауіптісі секілді. Балаларды да үнемі бақылауда ұстап отыру мүмкін емес. Оның ортасы қандай екенін де білмей қаламыз. Интернет арқылы көшедегі бұзақылардың төбелестерін көріп, қатыгездіктеріне таңдай қағып, қызық көріп, соны бір күні істеулері бек кәміл. Қазір барлық балада ұялы телефон, смартфон. Жоқ болса, басқалардан кем болатындай ата-анасынан алып беруді талап етеді. Қолқалап қоймаған соң, ата-ана қалайда алып береді. Соның кесірі өзіне де, өзге де тиіп кетуі мүмкін екенін бала ойланып та жатқан жоқ.

Ауылда өскен бала мен қалада өскен баланың айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ қазір ауылдың да жағдайы жақсарып, барлығында бірдей болмаса да, көптеген аймақта интернет ұстайды. Ауылда қайнаған тірлік болған соң ба, ауылдың балалары әлеуметтік желіні шектен тыс пайдаланбайды. Үлкендердің ортасында көп жүргендіктен бе, экранда көрсетілетін зорлық көріністерге қарсы және дұрыс деп санамайды. Ал қаладағы балалардың жағдайлары да, ойлары да керісінше. Көбіне қыздар жағы теріс пікірін білдірсе, ұлдардың басым көпшілігі «онда тұрған ештеңе жоқ» деп түсінеді.

Балалардың барлығы бірдей бұқаралық ақпарат құралдарын, аудио мен бейне көрсетілімдерін шектен тыс көп пайдалану зиян болатынын ұғына бермейді. Жобалап алғанда жасөспірімдер ең бастысы компьютерлік ойындарды ойнауды, интернетті көп пайдалануды, теледидар, видео қарауды зиянды деп есептейді екен. Осылардың ішінде ең қауіптісі ретінде компьютердік ойындар мен интернет деп санайды. Олардың ойнайтын ойындарында үнемі қантөгіс, аяусыздық орын алады. Барлық ойындар сондай, біреуді өлтіріп кету, қанатып кету, зорлық көрсету, әйтеуір өзің таңдап алған персонажды қалай болғанда да аман алып қалу керек. Алайда оның персонаж екенін ұмытып, сол ойынның ішіне кіріп кетеді. Бала түгілі үлкенді де сол ойынды ойнатып, «мынау сенсің, ал жеңуің керек» десе, дел-сал күйде мән бермей емес, керісінше білек сыбана кірісіп жеңуге ұмтылары анық нәрсе. Бұл компьютерлік ойындардың адам санасын улауының нақ көрінісі.

Адам кейде көрген фильмнің ішінде жүргендей сезінеді. Үнемі сол көрініс, сол бейне, сол адамдар, сол жер, сол қылықтар, әдеттер, сондағы сөздерді ойлап жүреді. Сондықтан да, шынайы өмірде түсінбеушіліктер болып, қарым-қатынаста кішігірім қиындықтар туындап жатады. Тіпті балалар ойынға беріліп кеткендері соншалық бір-бірімен тілдесуден де қалады. Бұрынғы қазақтың тепсе темір үзетін қара домалақ қара күш балалары күресіп, асық ойнап, ләңгі теуіп, атқа шауып, бір-бірімен арқа-жарқа болса, бүгінде ұялы телефон, компьютер ойындары баурап алып, бір-бірімен араласудан қалды.

Қазіргі заманның балалары бос уақыттарын «бос» өткізеді. Төрт қабырғада не теледидар көріп жатады, не компьютерден ойын ойнайды, одан қалса ұялы телефонға шұқшияды. Негізінен бұл алаңдататын жағдай. Далада көп уақытын өткізетін бала аз. Бірен-саран бала ғана футбол, волейбол ойнайды, ролик тебеді, скейтбордта сырғанайды. Үнемі спорт секцияларына баратын балалар саны да көп емес, табиғатқа шығатындары мүлдем сирек. Өмірді белсенді қозғалыста сүрудің өзі төмендеуімен қатар, балалардың жақын ағайындарымен қарым-қатынаста болуының өзі сиреп барады. Статистикаға сүйенсек, 21% балалар ғана қонаққа барады екен. Оларға көпшіліктің ортасында болғанға қарағанда, тыныш жерде интернетте отырғандары ұнайды.

Ал кітап оқу, қолөнермен айналысу, сурет салу, шеберлігін арттыру немесе шахмат үйрену, музыкамен шұғылдану дегендер мүлдем аз көрсеткіш көрсетеді. Балалар ұдайы интернетте «отырады». Шамамен алғанда біздің тіпті 4-5 жастағы балаларымыздың өзі интернетке құштар. 6 жас пен 9 жас аралығындағы балалар компьютерлік ойындарға өте қатты қызығады, олар үшін бұл ең қызықты дүние іспетті.

Жалпы айтқанда теледидар, бейне мен аудио, музыка, интернет, компьютердегі ойындар балалардың өмірлерінде аса үлкен рөл атқарып тұр. Әр елді мекенде байланыстың әртүрлілігін, яғни, теледидар мен интернеттің, компьютерлік ойындардың таралу жиілігі әртүрлі екендігін де ескере кеткен жөн. Соған байланысты да қарасақ, ауылдық жерде балалар көбіне теледидар қараса, қалалық жерлерде үнемі интернетте «отырады», компьютерлік ойындар ойнап, дисктерден немесе онлайн бейнежазбалар көргенді қалайды.

Ал теледидардан 10 жастан бастап, 18 жас аралығындағы балалар ең танымал, атақты комедия, мелодрама, сериал, ойын-сауық, музыкалық бағдарламаларды қарайды. Одан кейін балалардың 30 пайызы мультфильмдер мен спорт турасындағы хабарларды, боевиктерді қарағанды ұнатады. Әсіресе, ер балалар боевик, атыс-шабысқа үйір.

Ал 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалар мультфильмдер қарауды жақсы көреді, одан кейін барып өздерінің білім деңгейлерін көрсететін интеллектуалды бағдарламалар, хабарлар, тіл үйрететін, оқытатын, шеберлікке баулитын хабарларды, сирек кездесетін жануарлар мен адамдар көп бара бермейтін табиғат орындары мен ондағы тіршілікті көрсететін деректі фильмдерді, саяхаттарды көргенді ұнатады. Ал содан кейін барып, мелодрама мен комедия, драма көреді. Яғни, қаншалықты баланың жасы кіші болса соншалықты ол өз-өзіне қызықты дүниелер іздеп, танымын кеңейтіп, білгісі келетіні көбейіп, танымдық бағдарламаларға көп қызығады. Ал неғұрлым баланың жасы үлкен болса, соғұрлым ол жеңіл нәрсеге, күлкілі дүниеге, не ойын-сауық бағдарламаларға үйір болады екен.

Ендігі кезек сүйікті кейіпкерлер болмақ. Балалардың қызығатынын, фильм, мультфильмдегі сүйікті кейіпкерлерін, ол кейіпкерлерді неліктен ұнататындықтарын, қай қасиеттерін жақсы көретіндіктерін білу – адамгершілік құндылықтарын айқындауға негіз болады. Көпшілігін күлкілі, әзілқой кейіпкерлер қызықтырады. Ал өздерін бір кейіпкерге балайтын болса міндетті түрде ержүрек, қаһарман, батыр бейнелерді таңдайды. Ең керемет кейіпкерлерінің төбелескендегі қимылдарын, жеңіп шығатын тәсілдерін ерекше бағалап, ешкімге ұстатпайтын, ешқашан еңсесі түспейтін қасиеттерін ұнатады. Сүйікті кейіпкерлердің мына қасиеттерін көпшілік бала бірдей атап өтті: мейірімді болуы, достыққа адалдық, көмекке дер кезінде келуі, мақсатқа жетуі, әділдікті ту етуі, адамгершілігі мен шынайылық қасиеттері. Біреуіне Джеки Чаннның төбелескені ұнаса, екіншісіне күлкілі қылықтары үшін ұнайды. Ал кейбіреулеріне мейірімділігі мен аңғал да адал жүзі ұнайды. Біреуге «Сумерки» фильмінде басты рөлдегі Эдвард Калин бойындағы ерекше қасиетімен ұнаса, басқаларына сұлулығы үшін, қызға деген шын махаббаты үшін ұнайды. Яғни, жағымды кейіпкерлердің жағымды істері балаларды сүйсіндіреді.

Балалар қандай танымал бағдарламалар, хабарлар көреді? Олар мына бағдарламаларды қарайтын болып шықты: «Қалаулым», «Өз ойым», «Айтуға оңай», «Кел, келінім», «КТК-да Қабатов», «Келіндер бәйгесі», «Көңілді тапқырлар алаңы», «Түнгі студия», «Жайдарман» және т.б. Міне, осындай хабарларды көру арқылы адамдардың сана-сезімін оятатын, адам мүддесіне сай, баланың рухани дамуына әсер ететін және етпейтін, көңілді және қызықсыз бағдарламаларды да қарайды. Ал бала психологиясына аса мән беретін ірі тұлғалардың айтуынша, «Өз ойым», «Қалаулым», «Кел, келінім», «Бір болайық», «Қалауым LIVE», «Кел, татуласайық» секілді бағдарламалардан бала ешқандай пайдалы нәрсе алмайды. Тек қана зиянын тигізеді.

Өйткені қарапайым ғана мысал ретінде кезінде отандық арнада көрсетілген «Өз ойым» бағдарламасын алайық. Ондағы тақырыптар «Қыздық перде қызықтыра ма?», «Жынысымды ауыстырғым келеді», «Трансқа түскен өмір», «Нәзік жігіттер», «Шала танысым 30 шақты рет зорлады», «Атақ па, шатақ па?, «Еркекшора қыздардың ерекшелігі», «Зорланған қыздың зор қайғысы», «Жалаңаштану – жарнама ма?», «Нағыз жігіт пе, нәзік жігіт пе?», «Жатырын жалға бергендер», «Қыздардың пәктігі маңызды ма?», «Жыныстық тәрбие беру тәрбиесіздік пе?», «Көңілдес болғым келеді», «Қыздығымды сатамын», «Жезөкшелік қашан заңдастырылады?», «Нашақордың күні», «Бала сатамын», «Еркекшоралық ерсілік пе?», «Балаға сексуалды тәрбие беру керек пе?», «Ар саудасы мен тән саудасы», «Атың шықпаса...», «Өзгеріске ұшыраған келбет» және тағы басқа.

Танымал телеарнада күндізгі уақыт 15:00-де басталатын тікелей эфирден саналы адамның ойын адастыратын дүниенің көрсетілмеуі керек деп ойлаймын. Расында, мұндай арсыз дүниелерді балалар түгілі біз де білмеген болуымыз мүмкін. Өйткені қазақта ондай өрескелдік жоқтың қасы. Шешендер «біздің ұлттан жезөкше шықпаған!» жеп мақтанады. Ал біз өзіміздің қыздарымыздың арын, құндылығын саудалап, жезөкшелікке жол ашып беріп жатырмыз. Сонымен қоймай, тікелей эфир арқылы жарнамалап жатырмыз. Бұл бағдарламаны көретін 6-9 жастағы балапандардан бастап есейіп келе жатқан ұл-қыздарымыз не ойлайды? Қонақ болып отырған кейіпкерлерге қарап, істеп жүрген «істерін» дұрыс деп санайтындарын көріп, оларда да жеңіл ой, таяз білім, харам ниет қалыптаспай ма?! Бүгінгі таңда балаларымыздың не көріп, не тыңдап жүргеніне басты назар аудармасақ, ертеңгі күні қисық біткен ағашты түзетуіміз мүмкін болмас...

Йозеф Геббельс «Маған бұқаралық ақпарат құралдарын беріңіздер, сол кезде мен кез-келген халықты шошқаның тобырына айналдырамын» деген екен. Сондықтан да мұндай бассыздықты, халықты арсыз пиғылға итермелеуді, ой дүниесі енді қалыптасып келе жатқан періштедей пәк балапандардың миын улаудан сақтанайық, өз ұрпағымызды сақтайық!

Ал енді компьютерлік ойындарға тоқталайық. GTA, Counter-strike, Mafi ya II, Dota, Counter strike, FEAR 2, postal, NFS, Warcraft, Mortal Combat, Call of Duty және тағы басқа көптеген компьютерлік ойындар бүгінде балалардың басты қызығы.

Қазіргі таңда барлық қалалық жерде компьютерлік клубтар бар. Балалар уақыттарының басым көпшілігін сол жерлерде өткізеді. Компьютерлік клуб үйде ойнағанға қарағанда әсерлі, әрі ол жерде орта да қызып тұрады. Ойынның қызығына түсіп кеткен оқушылар қалайда бір-бірін жеңіп шығуға тырысады және аяқталмайынша тапжылмай отырады. Кейде ұтыс тігіп, жеңіс кімге бұйырса сол пайдаға келетін кездер де болады. Мұндай ойынға құштарланып алған баланың сабаққа деген ынтасы болмайды. Өмірге деген белсенділігі азаятыны сөзсіз.

Ал қазір балалар қаншалықты кітап оқиды? Әдебиет оқитын балалар саны аз екені түсінікті. Бүгінде кітапты қолға ұстап отырып оқу емес, электронды нұсқасын оқу жеңілірек секілді саналады. Газет пен журналдардың да балалар өмірінде өз орындары бар. Бірақ оларда осыған келгенде жалқаулық басым. Жалпы балалардың қызығушылығы арттыратын газет-журналдар мыналар: «Ұлан» балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық газет, «Айгөлек» республикалық балалар журналы, «Балдырған» балалар журналы, «Ақжелкен» журналы және тағы басқа. Балалардың атап көрсеткен басты газет-журналдары осылар болды.

Баланың жас шамасының да олардың қызығушылықтары мен таңдаулары кезінде өзіндік орны бар екендігі байқалады. Өйткені ересек балалар зұлымдық пен қатыгездік суреттелетін, зорлық әрекеттердің элементтері көрсетілетін ойындарға көбірек әуес. Қан төгіс пен атыс-шабыс – олардың жан рахатын тыныштандырады. Ал бұл жастағы балалар ойын-сауық, шоу бағдарламаларды ұнатады. Сонымен қатар, олар өздерінің сүйікті кейіпкерлерін жеке дара қасиеттері үшін, адамгершілігіне қарап таңдайды.

Ал мұндай ойын-сауыққа арналған, көңіл көтеретін хабарларды 6 және 9 жастағы балалар аса қатты ұната бермейді, ал 16 жастан бастап 18 жастағы балалардың көпшілігіне бұл тақырып жақсы таныс. Соған орай да жасы үлкен балалар қатыгездік сипаттағы ойындарға әуес болып келеді.

Бала тағдыры – ұлттың болашағы. Бала жаныңның арашасы. Қазіргі таңда бала тақырыбында көтеріліп жүрген мәселелер жетерлік. Ғаламның соншалықты дамығанының салдарынан баладан бөлек, ата-ана, аталар мен әжелерге дейін ұялы телефонның, компьютердің, планшеттің ішінде отыратын болды. Емін-еркін, арқа-жарқа отырып әңгіме айтудан қалып барамыз. Басқа жұртқа таңсық дүние болмас, бірақ қазаққа тән емес қылық. Шет елдіктер үшін ұл мен қыз ата-ананы бағуға міндетті емес, ал қазақ халқы ұрпағымен мақтанады. Тәлім де, тәрбие де бөлек. Сол себепті адам санасын улайтын дүниелерді баладан сақтаған абзал. Қазір екінің бірі ұялы телефон шұқылап, өзімен-өзі ақырып, не шошынып секіріп, не томаға тұйықталып, не ашулы кейіпке еніп отыратыны, адамдармен қарым-қатынаста дәл сол эмоциядан шыға алмай тұратыны анық байқалады.

Осындай ойын салдарынан болған оқиғаны айтып өтейін. Маңғыстаудың ауылдық жерінде мектеп оқушысы ұялы телефоннан қорқынышты ойын жүктеп алған. Мұның алдында да бірнеше ойындарды ойнап жүргендіктен әдетінше бұған да қызыққан. Вк әлеуметтік желісінде осы ойынның арнайы группасына тіркеліп, сол жерде көрсетілген шарттар арқылы ойынды ойнаған. Айтылған тапсырмаларды орындап, қалай құнығып кеткендігін және қалай одан шығуға болатынын білмеген. Бірнеше күндерден кейін ол балада өзгерістер, қатулы қабақ, мұңлы жанар, ашуға толы мінез, ешкімді көргісі келмейтін сәттер орын алған. Бір күні мектепке сабаққа барған оны баспалдаққа асылып қалған күйінде тауып алған. Артынша анықталған мәліметтер бойынша, не өзің, не ата-ананы өлтіру тапсырылған. Аялы алақанда, ыстық махаббатқа бөленіп өскен бала ата-анасын шексіз сүйетіні белгілі. Сол себептен де қойылған тапсырмадан асып та кете алмай, не оны орындай да алмай миы уланған ол өз-өзіне қол жұмсаған. Міне, баланы қадағаламаудың, дұрыс ақпарат алмауының салдарынан қиылған өмір... Мұндай жағдайлар еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатыр. Мен Маңғыстаудағы болған оқиғаны мысал еттім. Өкінішке орай, ата-анасының өтінішімен ауылдың аты мен баланың есімін атамадым.

 

                                                                                                     

                                                V бөлім

Балаларға қазіргі ақпараттық технологиялардың теріс әсері.

Бүгінгі ғасырдың жаңалықтары күннен-күнге ғаламат өзгеріспен дамуда. ХХ ғасырда-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында да даму процестері жүріп, жаңа технологиямен қамтамасыз етілді. Оған балалардың қолдары тез жете бастады. Өйткені сол жылдары-ақ ақпарат көздерінің қатары көбейіп интернет те қосылып, барлық жерде пайда болған болатын. Ақпарат алмасудың жаңа түрі көбейіп, интерактивті компьютерлік бағдарламаларды, әртүрлі ойындарды, бейне-аудио жазбаларды, әндерді, комикстер мен кітаптарды, баспасөз басылымдарды балалар еркін түрде қолдана алатын дәрежеге жетті.

Ал коммерциялық теледидар 1941 жылы шыққан болатын. Бұл кезде жаңа ақпараттың енді-енді елге келу кезеңі болатын. Алайда қанша жерден коммерциялыққа айналу үдерісі болса да, оның тигізіп жатқан өзіндік пайдасы да болды. Атап айтқанда, балаларға білім беру туралы бағдарламалар жасалып, олардың бала үшін орасан зор әсері тиді.

Қазіргі балалар тым ақылды.

Біріншіден, олар тумысынан бөлек, сана-сезімдері, қабылдау жүйелері өзге. Мектепте аузы аңқиған бұрыңғының балаларын көру қиын. Қазіргі таңда мектеп жалғыз ақпарат көзі емес, ұстаздардың да маңызы басқаша. Ежіктеп бәрін үйретіп, балаларды әр тақырып сайын жаңалық ашқандай қызықтыратын жүйе бүгінде қатты өзгеріске ұшыраған. Жаңа тақырыпқа мұғалім көп ізденіп дайындалу керек. Өйткені балалар барлығын біледі және оларға қажетті емес ақпаратпен білімдерін таяздауға болмайды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының балаларға әсер етуі анағұрлым басымдылыққа ие. Бұл біріншіден ата-аналарды, одан кейін медицина қызметкерлері мен ұстаздарды алаңдатып, жиі талқылауға түсетін тақырып болып тұр. Тек Қазақстанда ғана емес, әлемде басты назардағы мәселе. Мысалы, Америка Педиатрия академиясының өкілдері ақпарат көздерінің күрделенуі балалардың аудиториясының да ұлғаюына тікелей әсер етіп жатыр деп санайды. Мұның оң және теріс екі жағы бар. Оң әсері, балалар жаңа дүниені үйренуге, білімге құштар, көптеген талқылауға қатысуға мүмкіндік алады, ән әлемі, ойын-сауықтар арқылы бойдағы өнерлерін де дамытуға үйір болады. Ал теріс жағы, балалар көрген нәрсесін қайталап істеуі мүмкін. Мысалы, зорлық-зомбылық, қатыгез іс-әрекеттер мен эротикалық сипаттағы ақпараттарға тап болуы мүмкін. Нақты емес дене формасын көрсетумен қатар, зиянды әдеттерге жататын темекі тарту, ішімдік ішу сынды нәрселерді дұрыс деп қабылдаулары мүмкін. Мұндай теріс мақсаттағы ақпараттар балалардың аудиториясына бағыттала отырып, басты қауіп төндіреді.

Бәрімізге белгілі америкалық ғалым, әрі әдістемеші Реен Хоббс компьютерлік сауаттылық түсінігіне тоқталып, екі факторды атады.

Ол компьютерді және интернетті қолдануды компьютерлік сауаттылыққа жатқызуға болмайтындығын айта отырып, керекті ақпаратты қарау, тыңдау, көру, оқу арқылы сараптап та, талдап та білу керектігі маңызды деп көрсетті. Бұл бірінші фактор. Ал екінші факторда ата-аналар мәселесі қарастырылған. Яғни, ата-ана баланың интернетті пайдалану шегін бақылауда ұстауы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарында сан алуан ақпараттар тарауы мүмкін, мүмкін ғана емес, рас. Сондықтан да, фантазия мен шындықтың ара-жігін ажыратып, адаспайтын жол сілтеу – ата-ананың басты міндеті. Ата-ананың тікелей баламен қарым-қатынасы олардың да ақпаратқа сыни көзбен қарауларына әсер етеді.

Мектеп психологының айтуы бойынша: «Негізінен барлық жағдай ата-анаға байланысты. Ата-ана баланың күн тәртібін бақылауда ұстаса, бәрі өз режимімен жүреді. Ал егер ата-ана баланың күн тәртібінен бейхабар болса, бала да бетімен кетеді. Күні бойы теледидар қарайды, смартфоннан шықпайды. Бұл ең бірінші денсаулыққа зиян. Көз жанарының көру қабілетін нашарлатып қана қоймай, психиканы да бұзады. Өйткені адам миы күнделікті демалып отыруы керек».

3 сағаттан астам уақыт теледидар көру балаларға зиян. Ескере кететін нәрсе, бала өз жасына лайықты дүниені қарауы тиіс. Сабаққа керекті ақпарат беретін бағдарламалар, ой өрісті дамытатын, жануарлар әлемі мен қоршаған орта туралы, ғарыш пен жер шары туралы білім беретін бағдарламаларды көру балаларға өте пайдалы. Теледидарды түбегейлі жаман деп, біржолата көрсетпей қою да дұрыс емес. Өйткені, балалар көптеген мәліметтерді теледидардан алады. Әрине, кез-келген нәрсенің жақсы-жаман жағы болады. Теледидар да сондай. Егер көгілдір экраннан теріс бағыттағы дүниелер көрсетіліп жатса, ата-ана баламен бірге қарап, оны талдай отырып түсіндіру қажет. Ол баланың ақпаратты қалай болса солай емес, дұрысты дұрыс, бұрыс бұрыс деп қабылдауына өз септігін тигізеді. Барлық нәрсе өз орнымен болуы үшін, барлығының өз шекарасы болу керек. Теледидарды қарау уақыты да шектеулі болғаны жөн.

Ал интернет ересек адамдар түгілі бала өміріне де өз ізін салып үлгерген. Қазіргі балалар интернетсіз өмірлерін елестете алмайды. Ата-ана интернетті де теледидар сияқты 5 балдық жүйеден 3,1 баллмен бағалайды. Яғни, интернеттің оң және теріс әсер етуі орташа. Ақпараттық арналар баланың ой-өрісін кеңейтеді, өз бетімен шешім қабылдауға үйретеді. Ал интернеттің теріс әсері: баланың жеке дамуына мүмкіндік бермейді және ақыл-ой зейінін нашарлатады, нақты өмірден алшақтатып, сексуалды еркіндікке жол береді деген пікірлер басымдылыққа ие болды.

Бұдан шығатын қорытынды теледидар да, интернетте балалардың дамуына тең дережеде оң және теріс әсер етеді. Сондықтан да тек бір жақты шешім қабылданбайды, тек қаншалықты оң әсер ететінін және теріс әсер ететінін бағалай аламыз. Оң әсер ету сипаттамасына мыналар жатады: бала ақыл-ойы кеңейеді, өз бетімен ойлауы дамиды. Ал теріс әсері: баланың жеке адам боп дамуына кедергі болады және моральдық жағынан бұзылуына, сексуалдық еркіндікке септігін тигізуі ықтимал.

Әлемдік зерттеулерде нақтыланғандай бұқаралық ақпарат құралдарының балаларға тигізетін теріс әсері 6 факторға негізделген болатын. Олар: бірінші, бұқаралық ақпарат құралдарындағы зорлық-зомбылық тақырыбы; екінші, эротика элементтерінің насихатталуы; үшінші, қалыпты емес дене пішінінің стереотиптерін тарату; төртінші, балалардың денсаулығының нашарлауы. Ал, бесіншісі, балалардың психикасының бұзылуы; алтыншы, балалардың әлеуметтік ортадағы қарым-қатынасының бұзылуы.

Бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты насихаттау – ең ауқымды мәселе. 1970 жылдардан бері бұл тақырып зерттеліп, жазылып келеді. Сол зерттеулердің нәтижесінде ақпараттық кеңістікте зорлық туралы айтылған ақпараттардың өте көп көрсетілуі балаларға агрессия әкеледі екен. Сонымен қатар, балалар тұйықталып, қорқыныш не мұңаю сезімдерімен бөлісуді жөн көрмей, қоршаған ортадан алыстап, қорқуға әкеліп соқтыруы мүмкін. Педиатрдың да жауабы дәл осыған кеп саяды. Ол: «Жүйке ауруын емдейтін дәрігерге дәл осындай балалар келеді. Яғни, қорқынышты, қатыгездік бейнеленген фильмдерді көрген балалар, соның әсерінен шыға алмағай, агрессияға толы компьютердегі ойындарды ойнаған балалар өз тәртіптерінің қалай бұзылғандарын байқамағандықтан, бара-бар бұл асқынып бара жатқандықтан келеді» деген болатын.

Мәселен: компьютерлік клубтар (ойын автоматтары) және кафелердегі Wi-Fi желісі 24 сағат бойы жұмыс жасайды. Күні-түні компьютерлік ойындардан бас көтермейтін балалардың көпшілігі зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық ортасына түседі. Олар ең алдымен интернеттен соғыс туралы фильмдерді, қорқынышты киноларды және эротиканы іздейді, және көреді. Олар киноға беріліп кеткендігі сондай, әр сахнаның жасалуына да мән беріп, қызығушылық танытады. Олардың ойынша қатыгездікті сомдайтын рөльдері бар фильмдер іш пыстырмайтын, қызықты туындылар болып табылады. Сол ойындардың 99 пайызы қатыгездік десек те болады.

Ал, балалар өздері көрген зорлық-зомбылық, қатыгездік видеоларды таратуға әуес келеді. Эротикаға тым қызығушылық та таныта бастайды, еті үйренгендері соншалық, экранда көрсетілген қатыгездікке жылы шырай да танытпайды, анығырақ айтқанда, олар үшін зорлық әдеттегі жәй ғана оқиға болып кетеді.

Егер балалар бос уақыттарын әдебиетке қызығып, кітап оқуға жұмсаса, әр баланың тәрбиесіне әсер етіп, инабатты-ибалы көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізер еді.

Жалпы эротика элементтері – заңда да басты қаралған ауқымды тақырып. Эротика бала санасын бұзатын тым ашық сахналар.

Ал, кейбір балалар көрген ақпараттарын ата-аналарымен бөлісіп, жаман мен жақсының ара-жігін ажыратып алады. Мұндай талқылауда балалардың алған әсері шектен аспайды. 48% балалар эротикалық мазмұндағы журналдарды қолжемді деп белгілеген. Соның арасында 10 мен 18 жас аралығындағы ересек балалардың шамамен 3%-ы ғана мазмұны бар деректі кадрларды көргенді ұнататын болып шықты. Эротиканың кең сипат алуының нәтижесі жақсылыққа апармайтынын корреляциялық талдаудан байқауға болады. Оның қорытындысы бойынша эротика сипатындағы ақпараттарды емін-еркін қарайтын балалардың көпшілігі делік компьютердегі арнайы ойындарды көп ойнағандықтан, әлеуметтік желіде шамадан тыс көп уақыт өткізетін және ойын клубтарында көп болып, сабаққа уақытында бармай, сабақты көп босататындар. Мұндай балалар ата-аналары өздерінің жан-дүниесін, мәселелерін, ниеттерін түсінбейді деп есептейді. Зиянды әрекеттер мен әдеттерге үйір болады, яғни, темекі тартып, сыра, ішімдік ішуден бас тарпайды, ақшаға бәстесіп ойындар ойнайды. Мұның барлығы құмарлық, зина жасау, қате бағытқа кету. Естен айыратын осындай есірткілерге жолаған балалар ерте жастан жыныстық қатынасқа да түседі. Бұл әрекетке ерте түскен балалар өзге балаларға қарағанда түн мезгіліне әуес болады.

Балалардың 3-4 сағат емес, тым ұзақ уақыты ойынға кетеді. Олар фильмдердегі қатыгездік пен зорлық-зомбылық бейнелері сол фильмді қызықты етіп қана қоймай, адамды өмір сүруге үйретеді, ақыл-ойдың шымыр болуына көмектеседі деп санайды. Сондықтан да олар зорлыққа оң көзқарас танытады. Ал білім жайына қалып, мектепке уақытылы барып, сабақтарына қатысуға «уақыты жетпейді-мыс». Ата-ана балаларының теледидар алдында не көріп жатқанын, компьютермен қандай сипаттағы ойындар ойнап жатқандығын және қаншалықты уақыттарын соған жұмсайтындарын мүлдем бақыламайды. Әдетте дәл осындай тәртіптегі балалар зиянды жұқпалы дүниенің бәріне үйір келеді. Мысалы, спиртті ішімдіктерді әуелі татып көреді, кейіннен сырамен жалғасып ішкіш болып кетеді. Темекіні түтіндетуге қызығады, содан кейін күніне үздіксіз темекі тартатын халге жетеді. Ақшаға ойын ойнап, алғашында жеңіске жетеді, содан бастап құмар ойындарына кіріге береді, қарызға белшеден бір-ақ батады.

Бұл талдаудан ұққанымыз мынау. Ата-ананың қарауынан қалған, бақылауда болмаған балалар ақпарат көздерінен алдын ала сақтау шаралары жасалмағандықтан, олардың неше түрлі жағымсыз әдеттері мен дағдылары қалыптасады. Әрекетсіздіктің әсерінен, балалар теріс бағытқа түсіп кетуі де мүмкін және балалардың денсаулығы мен сабақ оқуына едәуір кедергісін келтіретіні сөзсіз..

                                                                  

 

 

                  VI бөлім

  Ақпараттық технология бала санасына ғана емес, тәрбиесіне де, денсаулығына да әсер етуде. Мысалы, жарнама, фильм, клипте көрсетілген тамаша дүниелер шын мәнінде сапалы ма, жоқ па, ата-анамен санаспай, сатып алуды талап ететін балалар да көбейді.

Оған қоса, көгілдір экрнадағы жарнама мен мінсіз келбет те психологияға әсер етеді. Кез-келген жарнама, бейнероликтер мен суреттердегі адамдардың дене пішіні мінсіз, әрі келісті. Шынайы өмірдегі адам бейнесіне сәйкес келе бермейді, өйткені, монтаждау, эффект беру жұмыстары жүргізіліп, тым ерекше, көзге көрікті етіп көрсетіледі. Ал балалар сол мінсіз әлем мен келбетке еліктеуі мүмкін. Тек қыз балалар ғана емес, ұлдарда да болатын жағдай. Жарнамалар мен бейнежазбалардан көрген келісті денелі жігіттерге ұқсауға тырысып, неше түрлі қауіпке баруы ықтимал.

Қыз балалар болса, қыпша белді арудың келісті келбетіне қызығып, дұрыс тамақтанудан бас тартып, денсаулықтарын нашарлатып алуда. Ауруханаға табалдырығын тоздырған емделушілер жайлы дәрігерлер де «көптеген аурудың түпкі бастау көзі – дұрыс тамақтанбауда, ағзаға қажетті азықпен қамтамасыз етпегендікте» деген болатын.

Салауатты өмірдің үш формуласы – дұрыс тамақтану, үнемі қозғалыста, жақсы көңіл-күйде болу жеткілікті. Ал бұл әрекеттерді қазір балалар арасында азаюда. Интернет бар төрт қабырғадан шыққысы келмейді. Бұл балалардың артық салмақ жинап, семіздікке бейімделуін арттырады. Оған қоса, фаст-фуд өнімдерінің де жарнамалары еріксіз еліртіп, өзіне тәуелді етеді. Ал негізінен, ең зиянды тағам түрлерінің бірі – осы фас-фуд өнімдері. Ол іш-құрылыстың жұмысын нашарлатпаса, пайдасы жоқ. Қаншалықты артық салмағы бар адамның өміріне соншалықты қауіп төніп тұрғандығы баршаға түсінікті.

Денсаулық – зор байлық. Ал дені сау баланың – ақыл-ойы түзу, өмірге құштарлығы басым болады. Сондықтан да, жарнамада, экрандағы басқа көрсетілімдерде де тым қатты астамшылық пен әсіреушілікті қолданбаған жөн секілді.

Ресей ғалымдары Н.Н. Авдеева мен Н.А. Фомин зерттеуі бойынша, балалар ортасына ең көп тарағаны ішімдіктер мен тамақ өнімдерінің, ойыншықтардың жарнамалары әр баланың зиянды әдет қалыптастыруына себепкер болуы мүмкін. Біздің елімізде ата-аналар үнемі бейқам халде жүреді. Олар жарнамалардың бала өміріне, оның денсаулығына қауіп төндіретінін сезінбейді.

Баланың мектеп үлгерімінің нашарлауы, сабаққа баруы да ауқымды мәселеге айналып отыр. Мектеп үлгерімдері үшін ұстаз ата-анаға шағымданса, ата-ана балаға сөгіс айтады. Мұндай мәселелер бүгінгі күні өте жиі туындайды. Өздігінен үй тапсырмасын орындайтын балалар кемде-кем. Жағымсыз әрекеттерге әуес болғандықтан, үй жұмысын орындауға уақытты аз бөледі, кейде тіпті орындамай да барады. Ал бұл баланың өз ортасынан бөлектенуіне, үнемі ыңғайсыздық тудырып, қысылып жүруіне әкеледі.

Сонымен қатар, балалар интернет-клубтарға интерактивті ойындарды ойнауға жиі барады. Онда уақыт туралы ұмытып, денесін түзу ұстау, компьютер алдында ұзақ уақыт отырғандықтан көздің көру жүйесі нашарлайтындығы жайында ойланбайды. Ал ертесіне ұйқысы қанбаған күйінде, көз тамырлары шаршаған, қызарған қалпында, басы ауырып әрең деп сабаққа барады. Ал мұндай халдегі балада қайдағы зейін, оқуға деген қайдағы ынта болсын?! Сондықтан да, мұның өзі бала аудиториясына толықтай теріс әсер етуші фактор.

Өз-өзіне қол салу – суицид. Бүгінгі таңда балалар арасында өте көп кездесіп жатқан ең ауыр оқиғалардың бірі. Өмірін қиюға шешім қабылдау баланың психикасының шырмауыққа түскенін білдіреді. Суицид жасаудан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орын алып тұр. Бұл зобалаңның біздің елде кең тарағанын осыдан-ақ білуге болады. Статистикаға жүгінсек, 100 мың тұрғынға 26,9 өз еркімен өлуге шешім қабылдайды екен.

Өз-өзін өлтіру солтүстік аймақтардағы қалаларға қарағанда, оңтүстіктегі жерлерде жоғары көрсеткішке ие болып тұр. Шамамен айтқанда, Алматы қаласында 100 мың тұрғынға 5,1 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Ал Нұрсұлтан қаласында 100 мың тұрғыннан 14 адам суицидке барады. Аталған көрсеткіштер жыл өткен сайын ұлғаюда. Міне, осыған қарап-ақ жергілікті халықтың психикалық денсаулықтарының төмен деңгейде екендігін білуге болады. Медицина қызметкерлері мұны жас болғандықтан психиканың тез бүлінетіндігінен деп түсіндіреді. Ал кейбір пікірлер мектептегі психологтарды кінәлайды. Мектеп психологтарының дайындығының аздығынан, балалар үшін, ересектер үшін олардың психикасын қадағалап, сауатты жастарды тәрбиелеуде аз жұмыс жасайтындығынан деп те санайды. Әрине, мектепте тұйықталып, өз-өздігімен бөлектеніп жүрген бала қаншама. Өле салуды жеңіл көретін жасөспірімдер осындайдан шығады.

Қолайсыздық, жайсыз сезіну – психиканың ең күрделі жағдайы. Зерттеу нәтижесі бойынша: 5% балалар өздерін «жалғызбын» деп сезінетіндіктерін білдірсе, 27%-ы кейде солай сезінетіндіктерін, 16%-ы ондайды сирек ойлайтындықтарын, 52%-ы ешқашан олай санамағандықтарын көрсетті. Осы балалардың ішінде 14 пайызы түнде шошып оянып, бастырылып, үрейден қорқады екен. Ал 27 пайызы біреуден немесе бір нәрседен сескенеді. Байқағанымыздай, балалар арасында психиканың қолайсыздыққа ұшырауы асқынып барады. Өздерін жалғыз санайтын балалар сол сезіммен қатар қорқынышты күйді де басынан өткереді. Бұл баланың кінәсі емес, тікелей ата-анаға байланысты, олардың баладан алшақтығының салдары. Балалар өн бойындағы үрейді, қорқынышты азапты телеэкраннан, интернеттегі нешетүрлі бейнелерден, компьютердегі теріс бағыттағы ойындарды ойнағандықтан осындай халге түседі. Ең сорақысы, балалар «қалай әдемі өлуге болады» деп те ойланатындары бар екен. Фильм, кино, ойын болсын, барлығында жартастан құлап бара жатқан ақ көйлек киген қыздың, не өмірден батылдықпен бас тартқан ер жігіттің төмен қарай құлауы көптеп көрсетіледі. Оның бәрі түсірілім барысында монтажбен жасалатынын, бірнеше адамдардың ұстап, арқанмен тартып тұру арқылы болатынын балалар ойлана бермейді. Өйткені, олар өздігінен мұны ойлап таба алмайды. Жасөспірімдер тек сыртқы көріністі ғана көрді және соған қызықты. Сондықтан да олар үшін жартастан құлау – ең сәтті, әдемі өлу болып табылады екен. Әттең-ай...

Қосалқы мәдениет – қазіргі жастар талабы. Жастар социологиясында осы жастардың қосалқы мәдениеті бұрыннан маңызды болып келеді. Бейресми бірлестік ретінде дамып, саналуан болады. Оған қоғамдағы қарым-қатынаста болатын орта, әлеуметтік ортасы, сонымен қатар олардың иерархиясы. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша таралған жүйе. Біздің елімізге осы батыс пен шығыстан келіп, кірігіп жатыр десек те болады. Халықаралық деңгейде таралған жастар ағымы ретінде мыналарды атап өтуге болады: хип-хоп, рэппер, эмо, скейтер және рокерлер.

Эмо-кид – көбінесе депрессияға ұшырап отыратын адам. Ол топтың арасынан өзінің ашық алуан түсті түрімен ерекшеленіп көрінеді, өзімен пікірлері сай келетін, бірдей ойлайтын адамдарды іздейді. Эмоның əдеттегі шаш пішіні қиғаш қиылған, мұрынның ұшына дейін жететін, бір көзін жауып тұратын кекілінің болуы, ал артқы жағында əр жаққа қарай жалбырап тұратын қысқа қиылған шаш болып табылады. Жігіттер де, қыздар да еріндерін денесінің түсіне сай бояуы, тоналдық кремді пайдалануы мүмкін. Көздерін қарындашпен немесе тушпен қоюлап бояйды да, осыған байланысты ол көздер ашық бетіндегі түсті таңба болып көрінеді. Тырнақтарын қара лакпен бояйды. Эмо-кидтер екі түсті өрнектері мен стильдік белгілері бар қызғылт-қара түсті киім киеді. Киімдерінің негізгі түстері қара жəне қызғылт болып табылады, бірақ басқа да ерсі түстері бар киімдерді киюге де жол беріледі.

Бұл елімізде түбегейлі жоқ нәрсе деуге болмас. Түкпір-түкпірде осындай ағымдарды насихаттап, еліктеп жүрген жастарымыз өте көп. Алайда жастардың шағын мәдиениеттерге кірігуінің бәрі нашар бола бермейді. Әрбір адам жеке тұлға. Заманның талабына сай жастардың да қалауы мен көзқарасы өзгеріп отыратыны белгілі құбылыс. Олар қандай да бір мәдениеттің өкілі болғысы келіп, жаңашылдыққа ұмтылуы қалыпты жағдай. Мұндай әлеуметтік ахуал әр заманда әртүрлі орын алады. Жіптің екі ұшы бар демекші, мұндай әрекет, белгілі бір топқа мүше болу балаларға кері әсерін де тигізіп жатады. Оларды теріс әдеттерге үйретуі де мүмкін және соның әсерінен баланың дене денсаулығы мен психикалық денсаулығына зардап әкелуі ғажап емес. Ал жоғарыда атап өткен «Эмо» дегеніміз дәл осы атап өткеніміздей, зиянын тигізеді. Эмо дегеніміз – өз эмоцияларын адамдардың көзінше күлу, жылау арқылы, көңіл-күйі нашарлағанда тамырларын кесу, тіпті өз-өзін өлтіру сияқты теріс дағдыларды насихаттаушылар. Мұндайға шошына қараған балалар, ұқсағысы келіп қызыға да қарайды. Сондықтан балаларға бұдан басқа да шағын мәдениеттердің атрибуттарының теріс бағыты мен оң жағын ұқтыра білдіретін ересектердің ақылы мен көмегі керек.

                                                                                                     

 

 

 

                                                VII бөлім

 Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі қаншалықты ескеріледі? Ата-аналардың мүмкіндігі қандай?

 

Ақпараттың ара-жігін ажыратып білуде, бала ата-анаға жиі еліктейді. Олардың таным-түсінігіне көп көңіл аударады. Ата-ана жаман ойға жақын болса, не болса соны жамандаса бұл әрекеті балаға да әсер етеді.

Психолог мамандардың пікірі бойынша: «ата-ананың тәрбиесіне барлығы байланысты. Балаларының режимін қадағалап, бос уақыттарын да тиімді жұмсауы керк. Ал ата-ана тарапынан бақылау болмаса, ол балалар өз білгендерін істейді, тіпті күні бойы теледидар көріп отыра береді».

Қазіргі кезде ересек адамдардың өзі көп қателесіп, балаға дұрыс ақпарат бермек түгілі, өздері жалған ақпаратты шын деп қабылдайды. Сондықтан ересек қауымға да ақпараттық ортаны қабылдауда ара-жігін ажыратып білу мәдениетін қалыптастыру керек секілді. Бұл турасында көптеген журналистер де өз пікірлерін білдіріп келеді. Ақпараттың шынайы немесе жалған екендігін саралай білетін және көрген, естіген ақпаратты дұрыс жағынан пайдалана білуге үйреткен абзал. Ақпарат ағынының теріс әсерінен балалар түгілі ересек қауымын да сақтау үшін, оларды сол тақырыпта жасалатын арнайы сабақтарға да жіберіп отыру керек секілді.

Ата-ана балаға көп уақытын арнамайды, шамамен 4-5 сағатқа ғана бірге болуы мүмкін. Сол себепті балалардың ойы да екіге бөлінген, кейбірі әке-шешелері армандарын айтқызбай-ақ біледі десе, кейбірі «ата-анамыз бізді түсінбейді» деп санайды. Өйткені, ата-ананың баламен қарым-қатынасында күнделікті бір ғана тақырып қозғалады: сабаққа баруы және тамақтануы. Ал олардың қандай ақпаратты көріп, не қабылдап жатқанын, интернетте қанша сағат отырғандығын, қандай ойындар ойнап жатқандығынан бейхабар.

Әрине, ата-ана баласына жамандық тілемес. Алайда баласының бос уақытында немен айналысып жүргенін, қандай істерге қызығатынын, мектепте қандай жетістікке жеткенін, не бүлдіргенін білмейтін, қызықпайтын, сұрамайтын, баласымен байланыста болмайтын ата-аналар барлығынан хабарсыз болады.

Балалардың жас айырмашылығы мен жынысы да өзіндік маңызы бар факторлар. Өйткені, баланың жасы өскен сайын ата-анаға көп нәрсе айта бермейді. Ақпараттық кеңістіктен нені қабылдап, нені көріп жатқанын ежіктеп айту, талқылау болмайды. Оған ересек балалар да, ата-ана да аса қатты ниетті емес. Пайызбен көрсеткенде де бұл жағдайлар анық байқалады. Мысалы, 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 76 %-ы теледидардағы көрген хабарларын ата-анасымен бірге талқылайды. Ал 16 мен 18 жастағы ересек балалардың тек 53 %-ы ата-анамен көрген хабарларын бөліседі. Олардың ішінде қыздар басымдыққа ие болып отыр. Ұлдар аз көрсеткіш көрсетуде. Яғни, ер балалар ата-анасына көп ақпараттарды айта бермейді, талқылаудан да қашыңқырайды.

Статистика мәліметінше де, ата-аналар ұл балаға қарағанда қыз балаға көп назар аударады екен. Қыздардың үй жұмысы, шараларға қатысуы сияқты мектептегі қызығушылықтарына ата-аналардың 73 пайызы көңіл бөледі. Ал ұлдарға ата-аналардың 63 пайызы ғана қызығушылық танытады. Сонымен қатар, ата-ана қыздарының не істегені, бос уақытын қайда өткізгеніне толыққанды мән берсе, ұл балаларға аз қызығушылық танытады. Міне, бұл теңсіздік ата-ананың қыз бала мен ер баланың ақпараттық сауатын білу кезінде де анық байқалады.

Негізінен қыздарға қарағанда ер балалар неше түрлі көріністерге, компьютерлік ойындарға, экрандағы бейнелерге әуес келеді. Оларды интерактивті ойындар мен қатыгездік, зорлық істер қызықтыратыны да анықталған. Сондықтан да, ата-ана баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, олардың мәселелерін ашық сұрап, өз алдарында қысылмай еркін болуына жағдай жасаса, бала да ата-ана алдында ақтарылып сала береді. Өз ойларындағы мазасыз жайтты айтып, мәселелерін талқылап, ата-ана көрсеткен жолмен, айтқан ақылмен жүруге үйренеді.

Ата-ана балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы жадынамаларды білген абзал. Ақпараттық қауіпсіздікті арттыру – балаға зиянды ақпараттарды, әсіресе, интернеттегі таратылатын мәліметтерді алу баланың денсаулығына, оның ойлау қабілеті мен оның физикалық, рухани, психикалық, адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруінің алдын алу және жою. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ата-аналардың мойнында. Сондықтан да ата-ана міндеті – баласының интернетті пайдалану мәдениетін қалыптастырып, оның қалай қолданып жатқандығын өз бақылауында ұстау.

Интернеттің қауіпті екеніне мына мәліметтер арқылы тағы да көз жеткізуге болады. Ең порнография жайлы, зорлық әрекеттер мен есірткі, заң бойынша тыйым салынған нәрселерді жариялайтын сайттар балаға ең қауіпті болып табылады. Сонымен қатар, ойындар, құмар ойындар, форумдар мен әлеуметтік желілер де баланың дене саулығы мен ой саулығына да қауіп төндіріп тұр. Интернетте алаяқтар өте көп. Олар балаларды алдап кетіп, сана-сөзіміне ауыр соққы жасауы мүмкін. Шынайы өмірде алданып қалған балалар тәуекел етуден, болашаққа еркін қадам жасаудан тартыншақтанып тұратын болады.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында қарапайым ғана нәрселерге назар аударылмайды. Мына жеті ережені ата-аналар есте сақтаулары қажет.

Біріншіден, балалардың интернетті не үшін қолданатыны, қай мақсатта қарайтынынан хабардар болу.

Екінші кеңес, баланың қандай чат мен топтарға тіркелгенін, кіммен араласатынын сұрап, біліп отыру. Ата-ана баласына пайдалы чатта отыруына рұқсат бергенмен, спорт пен музыка, басқа да сабақтар бойынша достарымен тек қана ортақ чатта араласуын талап еткен жөн.

Үшіншіден балаға ескертетін жайт, мобильді телефон нөмері мен үйдің мекенжайын, қай мектепте оқитыны жайлы бөгде адамға ақпарат бермеуді үйрету керек. Отбасының, өзінің суреттерін барлық жерге жүктемеу керектігін ескертіп отыру қажет.

Төртінші ереже, бала өзіне немесе ата-анасына белгісіз біреулерден келген файлдарды ашуға болмайтынын түсіндіру керек. Өйткені мұндай файлдар әдейі мақсатпен жіберіліп, онда вирустар, агрессивті суреттер мен видеолар, зиянды ақпараттар болуы мүмкін.

Ал бесінші кеңес, балаға интернетте басқа адамның атын жамылып жалған ақпарат таратындардыңкөп екендігін айтып, алданудың алдын-алу керек. Жалғыз өзі, ата-ана рұқсатынсыз интернетте тілдескен адаммен шынайы өмірде танысуға ешқашан бармау керектігін түсіндіріп, әр ата-ана өз баласымен жұмыс жасау қажет.

Алтыншы ереже, интернетте біреу ауыр сөз айтса, ренжіссе, агрессивті энергия берсе, кінәлап, балағаттайтын жағдай жасамай, іс-әрекетін қадағалауға үйрету керек. Мұндай сәтте ата-ана баласымен бірге екенін ұқтырып, бала ата-анаға барлығын айтуға бейім болуы керек.

Ал соңғы кеңес: интернет қауіпсіздігі саласында қызмет жасайтын мамандармен байланысып, компьютерде сүзгілеу программаларын орнатыңыз. Бала интернетке кіріп ақпарат іздегенде экран қапталындағы неше түрлі ұятты жарнамалар мен бейнелер көрсетілмеудің алдын алады. Бұл аса маңызды. Өйткені, интернетте бұл көріністер іздемесе де еріксіз шығып, көрер көзге бақырайып көрсетіліп тұратын теріс ақпараттар.

70 % ата-ана өз баласын әртүрлі ақпараттардан қорғап жүрміз деп санайды. Назар аударатын нәрсе, ата-аналар мен балалар екі түрлі жауап қатады. Ата-ана балаларын бақылауда ұстайтындықтарын айтса, балалар ата-аналарының көп нәрседен бейхабар екендігін айтты. Бұл ата-ананың баланы қадағалап жүрміз деп ойлап, алдануы. Мысалы, 9% ата-ана баласының қандай компьютерлік ойындар ойнайтынын, компьютерлік клубтар мен интернет кафелердің қайсысына баратыны, не істейтіндіктерін бақыламаймыз немесе бұл жағын сирек қадағалаймыз десе, балалардың жауабы бойынша 22 %-ы бақылаусыз жіберіледі екен

Техникалық құралдарды қолдануда да айырмашылық бар. Мысалы, үлкендердің басым көпшілігі қарапайым смартфонды қалай қолдану керектігін жасөспірім балалардан үйреніп жатады. Сондықтан да, көп ата-ана баласының интернетті қалай қолданып отырғандығын да, не болмаса ондағы нәрселердің бәрін қалай жасалып жатқанын да ұға бермейді, білмейді. Бұдан шығатын қорытынды, ата-аналардың өздеріне балалардың болашағы мен ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, зиянды аудио-видео, әлеуметтік желі, компьютердегі ойындардың зиянды тұстары мен ақпараттары туралы мәліметтер берілу керек. Ата-ана бәрін білуі керек, қауіптің қалай төніп тұрғанын көру керек.

Мұғалімдер мен оқушылардың ақпараттық технология саласындағы білімдерін салыстырғанда балалар алға шығып кетеді. Өйткені олар тез үйренуге, ойлап табуға бейім. Олардың милары жаңа, жаңа әлем, жаңа технология. Сондықтан да балаларды тек мұғалімдер түзей алмайды, оларға қоршаған қоғам да өз әсерін береді. Араласатын достары мен жақын туыстарының да өзіндік пайдасы мен кесірі тиіп жататыны рас.

Жалпы баланың ақпараттық кеңістіктегі құқығын мектеп қана қорғауы тиіс деу қате ұғым. Баланың жақсы тәрбие алуы мектеп мұғалімдерінен бөлек, ата-ана, туыстар мен баланың араласатын ортасы, теледидардағы пайдалы хабарларға тікелей байланысты.

Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі үшін денсаулық сақтау органдары мен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекциялар барынша жұмыс істейді екен. Ал ата-аналардың пікірінше, жергілікті, облыстық деңгейдегі Білім департаменттері, өкімет органдары, үкіметтік емес ұйымдар бұл мәселеге салмақты түрде қарамайды екен. Ал бизнес құрылымдары мүлде қызығушылық тудырмайды.

Сондықтан да, кейбір ірі қалаларда тұратын ата-аналар дәрігер, психолог мамандарына сенім білдіріп, олардың қабылдауларына қатысып, өздері бала үшін жұмыстанады екен. Ал ауылды жердегі тұрғындардың оған баруға, біріншіден, уақыты тапшы, екіншіден, қаржы мәселесі кедергі жасайды.

Егер де ата-ана тарапынан баланың өміріне деген қызығушылық мол болса, олармен ақпараттардың теріс, бұрысын емін-еркін отырып талқыласа көптеген жағымсыз әдеттердің алдын алған болар еді. Мысалы, балалар теледидарды аз қарап, компьютерлік ойындарды азайтар еді. Интернеттегі эротика мазмұнындағы нәрселер мен видеоларды шектен тыс қарау зиянды екенін ұғынады. Экрандағы зорлық-зомбылықты дұрыс деп санайтын балалар саны азайып, ондай сипаттағы көріністерді басқа балаларға таратуға әуес болмас еді. Өйткені бала да ақылды, түсіндіріп айтсаң, үйренуге бейім келеді. Сондықтан да, олар дұрыс емес нәрсені білуі керек, сонда қатыгездікке толы ойындарды ойнаудан алшақтап, өз өмірлерін бағалай бастайды.

Ата-ана балалардың жақсы не жаман жол таңдауында үлкен рөл атқарады. Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін сақтау – ата-ана ретінде борышы. Сондықтан да, ата-аналар балаға орынды тыйым да сала біліп, бақылау да ұстаған жөн. Бұл өз нәтижесін беретін жақсы тәрбие болмақ.

 

                                                                                       

 

 

                                                VIII бөлім

 Әлем елдері балалардың ақапараттық қауіпсіздігін қалай қорғайды? Олардағы тың технология мен заңмен бекітілген тыйымдар қандай? Ал Қазақстанда ше?

Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі тек бір ғана отбасында, бір ғана елде емес, бүткіл әлем бойынша талқыға түскен және түсе беретін тақырып. Сондықтан да, әлемдегі демократиялық елдерде арнайы заң қарастырылған:

  • Жасөспірімдердің адамгершілік қасиеттері мен аман-саулығына қарсылық әкелетін ақпараттардың таралуына және таратылуына заң бойынша қатаң тыйым салынады.
  • Балалардың дене денсаулығына және ой-санасының дамуына зиян келетін болса, ол ақпараттарды сараптаудан өткізіп, қарастырады.
  • Балаға теріс дағдыларды үйрететін ақпараттық өнімдердің арнайы тізімі жасалады.
  • Зиянды ақпараттардан балаларды қорғау мақсатында бақылайтын, қадағалауда ұстайтын органдар құрылған.
  • Ал егер заңда белгіленген талаптарға сай емес заңсыз таратылатын ақпараттық өнімдер болса, оған қатаң түрде шара қолданылып, жауапкершілікке тартылады.

Балаларды қорғау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына шектеу қойылғанымен, бұл шет мемлекеттердің барлығына ақпараттарды жеткізу кезінде кедергі келтірмейді. Бұл шет елдерде жасалған тәжірибеден алынған қорытындылар болатын.

Еуропа елдерінің тәжірибесінде жан-жақты барлығы қарастырылған. Мысалы, ондағы телевизия саласында бекітілген заңды берік ұстанып, арналардан көрсетілетін бағдарламаларда балалардың рухани ойына, физикалық және адамгершілік санасына кері әсерін тигізетін көріністер мен ақпараттар көрсетілмейді. Күш жұмсау мен зорлықты насихаттайтын бағдарламалардың экранға шығуына тыйым салынған. Телеарналардан бөлек, балалар үнемі қолданатын интернетті де заң жүзінде қолға алынған. Интернетте балаларға жақсы көрініп, бірақ заңға қайшы материалдарды жариялайтындарды анықтап алуға болады. Осындай ауқымды жұмыстарды атқару үшін жасөспірімдерді қорғай алатын арнайы органдар құрылып, олар заңда көрсетілген талаптардың орындалмағанын байқаса, заңда белгіленген көлемде айыппұл салады.

Сонымен қатар, балалар қарауға болмайтын бағдарлама басталғанда ескертпе ретінде дыбыстық сигналдар немесе ескерту шаралары, белгілері көрсетілуі керек. Ата-аналар жасөспірімдердің көріп отырған бағдарламасын реттеу үшін, жаңа модельді қолдану арқылы, ондағы артық ақпараттарды, вирустарды тазалап, сүзгіден өткізіп аласыз. Бұл компьютерге де байланысты, өйткені бала компьютерді де көп қолданады. Мұндай сүзгілеуді орнатып алу үшін арнайы программамен айналысатын ақпарат құралдары қызметкерлеріне жүгінуге болады.

Канада мен АҚШ-та 2000 жылдан бері керексіз көрсетілімдерді бұғаттап, код қойылмайтын теледидарларды сатуға тыйым салынған. Бұл ата-ананың балқылауына үлкен көмек. Мұндай кодтау программасының өзі балаларды олардың санасын улайтын, адамгершілік қасиеттеріне нұқсан келтіретін телебағдарламалардан қорғау мақсатында ойлап табылған болатын. Елдің болашағы өсіп келе жатқан жасөспірімдер болғандықтан, қаржыны аямау керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттары 2004 жылдары барлық оқу орындарында контентті сүзігілер бар программаларды енгізуге 9 млн. доллар бөлген болатын. Оған қоса, мемлекет мектептерге техникалық тұрғыдан қолдау мен көмек көрсетуге кепілдік берген еді.

Телефон шалу кезінде қалай ақы төленетін болса, дәл сол секілді бұл ұсынылатын қызмет үшін де ақы төленеді. Ол программаның аты «pay-percall» деп аталады. Онда «ереже 900» деген қызмет түрі бар. Бұл телефонмен байланысу кезінде қолданылады. Қазіргі кезде неше түрлі қоңыраулар алғанда ұялы телефондағы бірліктің барлығы жойылып, ақша ұрлаушылардың істері көбейіп кетті. Ондай мақсаттағы қоңыраулар 900 санынан басталады екен. Ата-аналарға көмек ретінде, бұл программа 900 санынан басталатын нөмерлерден келген қоңырауларды өздігінен дереу өшіріп тастап отырады. Сонымен қатар, балалар өзара телефонмен ұзақ сөйлессе де, қалжыңдасса да өз еркілерінде, оған ақша төлемейді және оларды зиянды ақпараттардан үнемі қорғап отырады.

Америка Құрама Штаттары мен Канада елдеріндегі кодтайтын құрылғысы жоқ теледидарларды сатылымға шығармау, тыйым салу басқа мемлекеттерге де үлгі болды. Мемлекеттің құзырында тұрғандықтан, сатылымды үнемі тексерісте ұстайды.

Тағы бір қызығатын дүние, АҚШ-та ақпарат таратуға да ерекше көңіл бөледі. Оларда жаңалықтарында ешқандай жауыздық пен қатыгездік оқиғаларын көре алмайсыз. Және Қазақстандағы жекеменшік телеарналар секілді «адам қанын» олар экранға шығармайды, көрсетпейді. Өйткені, заң бойынша тыйым салынған. Мұның барлығы мемлекеттік реттеу болып табылады және ол өз нәтижесін беруде.

Ал Жапония елінде эротика немесе зорлық-зомбылық көрсетілетін болса, титр арқылы, не болмаса сол бағдарламаны жарыққа шығар алдында интернетте және бұқаралық ақпарат құралдары алдында ескерту жасалып, алдын алады. Тек бұл мемлекеттер ғана емес, Франция да, Италия да бұл жағдайға бей-жәй қарамайды. Қандайда бір хабар тарататындардың баланың психикасына, адамгершілік арына, рухани дамуына зиян тигізетін болса, оларды қатыгездікке баулып, әдепсіздікке бейімдейтін және нәсілдік, сексуалдық, дін мен ұлттық сипаттағы бағдарламаларды көрсетуге ешқандай құқықтары жоқ.

Европалық Одақ пен Америка Құрама Штаттары арнайы жасалған бағдарламаларды қаржыландырып отырады. Соның бірі, «Қауіпсіз Интернет». Мұндай әлеуметтік бағыттағы бағдарламаны жасөспірімді қорғау мақсатында ұлттық орталықтар құра алады.

Ұлттық орталықтар ереже бойынша төрт бағытта қарастырылады.

Бірінші, заңға сәйкес келмейтін материалдарды іздеп табатын арнайы қауырт желі құрып, оның жақсы әрекет жасауын қамтамасыз ету.

Екінші, ата-аналар мен жасөспірімдерді интернеттің оларға әкелетін пайдасынан бөлек, төндіретін қауіп-қатер жайлы да түсіндіру керек.

Үшінші, балаларға жеке кеңес беретін «қауырт желі» деп аталатын желі құру.

Төртінші, интернеттегі контентті реттеп отыратын сүзгілеуді құру керек.

Дамыған мемлекеттердің өздері балаларға ақпараттың теріс әсер етуінен сескеніп, алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып келеді. Олардың мұндай ұсыныстарына біздің еліміз де құлақ түріп, әрекетке кіріссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Заманауи бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарының жасөспірімдер аудиториясына агрессия мен әдепсіз дағдыларды әкелетіндігіне батыс елдері бұрынғы заманда-ақ ұшырасқан. Сондықтан да, ол мемлекеттерде балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жасөспірімдердің құқықтарының тапталмай, қорғау саласын жақсарту үшін, арнайы мемлекеттік реттеу жүргізілген. Қазіргі таңда сол мемлекеттік реттеу одан сайын жоғары деңгейге жан-жақты қарастырылып, даму үстінде.

Қоғамдық шаралар – балалардың ақпарат кеңістігінде қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Мұндай сала бойынша ірі акциялар жасалып, зерттеулер жүргізіп және оның қорытындысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тиімді.

Америка Құрама Штаттарының қолдауымен жарыққа шыққан бағдарламалардың он жылдық есеп беру қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шығу арқылы, барлық елдерге еркін тарады. Американдық телеарналар қауіпсіз мемлекетте өмір сүріп, бекітілген талап пен шарттарды бұзбайтындықтарын мойындаған болатын. Егер қалай болғанда да шарт бұзылуы мүмкін жағдай болса, оның басқа да жолдары қарастырылады. Оған арналған арнайы ұйымдар ашылған, олар барлық нәрсені зерттеп, қадағалап бақылауда ұстайды. Ең қызығы Америкада әжелерден қорқады. Яғни, американдық әжелер теледидардан көрсетілетін барлық бағдарламаларды қарап отырады. Сол әжелер ассоциациясы жыл сайын қай арна бірінші орында тұрғанын хабарлайды. Ал балалардың құқығына қауіп төндірген телеарналар жарнамалық қаржысынан айырылады. Міне, осындай хабарларды әжелер жеткізіп отыратындықтан, америкада телеарна ұжымдары аналар мен әжелерден сескенеді.

 

 

 

                                                IX бөлім

Әлемдегі бес маңызды интернет компания бала қауіпсіздігі үшін коалиция, меморандумдар мен келісімдер құрып барынша әрекет жасауда.

 

Ол компаниялар «NCMEC» деп аталатын тастанды және жапа шеуші балалар ұлттық орталығымен бірігеді. Сондай-ақ, AOL, Yahoo!, Microsoft, EarthLink және United Online балаларға зиянды әрекеттерді жоятын технологияларды күшейтіп, NCMEC ұлттық орталығымен бірге технологиялық коалицияны қаржыландырады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірлесіп істеген жұмыс қашан да өз нәтижесін көрсетеді.

Бұл коалиция негізгі төрт мақсаттан тұрады.

Бірінші мақсат: балаларды сексуалдық тұрғыдағы анайы әдеттермен бала тәрбиесін бұзатын ақпараттарды тауып, мүлдем жою жіберетін технологияларды дамыту.

Екінші, индустрияда ақпараттың таралу жиілігін жақсарту жүзеге асырылады. Порнография, эротика сипаттағы материалдарды толығымен тоқтату үшін желі операторларына шектеу қою керек.

Үшінші, негізгі міндет, балалар дистрибьютерлері мен олардың порнографиясы нақты белгілеген заң жобасын жетілдіру.

Төртінші, интернет-провайдер. Олар тыйым салынған фото немесе ақпараттарды іздемейді, идентификациялайды. Оған мысал ретінде ағылшын тілінде «British Telecommunications» деп аталатын Британ телекоммуникациясы интернеттен балалар тек бақылау қорының ақпараттарын пайдалана алатын интернеттік трафик ұсынған еді. Балалар теріс ағымдағы ақпараттарды іздесе де, «URL бет табылған жоқ» деген хабарлама шығатын болады.

Америка Құрама Штаттарында виртуалды қауіпсіздік үшін ашылған арнайы топ барша ата-анаға мынадай ақпараттар берді:

- «Балалар компьютерлік ойындарды ойнағанда, интернет арқылы қандай да бір материалды іздегенде немесе хат жазу кезінде қасында болу. Виртуалды Қауіпсіздік Тобының мамандары виртуалды кеңістікте балаларын тек бақылап қана қоймай, балалар арасында компьютер мен интернетті дұрыс қолдана білу мəдениеттілігіне тəрбиелейді деп санайды.

- Екіншіден, компьютерді отбасы мүшелері көп жүретін жерге орнату керек, себебі ол баланың тосын тəртібін бірден байқауға мүмкіндік береді.

-Үшіншіден, виртуалды кеңістіктен келетін қауіпті балалардан жасырмау керек, керісінше ата-ана баласына шектеулер мен тыйымдар неліктен қойылғандығын түсіндіріп, айтып берген жөн деп санайды мамандар. Алайда, балаларды қорқытпай, тек оларды құлағдар еткен жөн деп кеңес береді. Осының барлығы балалардың Интернетті қолдана отырып достарымен сөйлесуге, басқа да жұмыстармен айналысуға, яғни толыққанды тіршілік етуі үшін жасалады.

-Төртіншіден, Виртуалды Қауіпсіздік Тобының мамандары компьютерді бірнеше қолданушы үшін бөліп қою керек деп санайды. Көптеген операциялық жүйелер, оның ішінде Windows XP, Mac OS X жəне Linux жүйелері балалар мен ата-аналар үшін жеке аккаунт құруға мүмкіндік береді. Егер ата-ана баласының байқаусызда қандайда бір файлды жойып алады деп қорықса, онда операциялық жүйенің негізгі қолданушысы ретінде белгілі-бір тыйымдарды орната алады немесе екінші дəрежелі қолданушының, яғни, баланың əрекетіне шектеу қоя алады.

-Виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздікке келетін болсақ, ата-ана веб-браузерлерде, Internet Explorer, Mozilla Firefox, Google Chrome навигация жүйелерінде ата-аналық бақылау функциясын қолдана алады. Мысалы, Internet Explorer веб-браузерінде виртуалды сайттарға ата-ана орнатқан пароль арқылы ғана кіруге болатын функция бар».

Бұл айтылған кеңестерді әрбір ата-ана өз өмірлерінде қолданатын болса, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбектері өз нәтижесін берер еді.

Ең беделді деп таныған компаниялардың бірі «Microsoft» компаниясының өзі балалармен үнемі тығыз байланыста болу керектігін айтады. Интернет жайында ашық сөйлесіп, интернетті қолдану кезінде бақылаусыз қалдырса қандай қауіпке тап болатынын түсіну ата-анаға да, балаға үшін де маңызды.

Ата-ананың бәрін жаман деуге болмайды. Олар өз балаларын жанұшыра қорғауға әрдайым дайын тұрады. Және солай істеп жүрміз деп есептейді. Бірақ балалардың виртуалды әлемде тәртіптерін ұдайы бақылауда ұстай алмайды. Сол себепті де кейбір ұйымдар барлық күштерін тікелей балаларға арнап отыр.

Оған мысал ретінде Ресей Федерациясындағы Төтенше оқиғаларды басқарудың федералды агенттігінің бекіткен ережелерін атай аламыз. Ол агенттіктің виртуалды сайтында балалар интернетті қолдану кезінде мына ережелерді бұзбауға міндетті деп көрсетілген:

1) Мен ата-анамның рұқсатынсыз өзімнің мекен-жайым, телефон номерлері, ата-анамның жұмыс орнын/жұмыс телефондары, мектептің атауы немесе оның орналасқан жері туралы ақпаратты бермеймін.

2) Мені абыржытқан кез-келген ақпарат туралы өз ата-анама бірден хабарлаймын.

3) Мен ата-анамның рұқсатынсыз ешкіммен кездесуге келісім бермеймін. Егер ата-анам рұқсат берсе ғана мен тек қоғамдық орындарда, адам көп жерлерде кездесуге барамын немесе кездесуге анам не əкеммен бірге барамын.

4) Мен басқа адамдарға ешқашан ата-анамның рұқсатынсыз фотосуреттерімді немесе басқа нəрселерді жібермеймін.

5) Мені алаңдатқан хабарламаларға жауап бермеймін. Мұндай хабарламаларды алғаныма мен кінəлі емеспін. Егер осындай жағдай туындаса, ата-анам қажет мекемеге шағым түсіру үшін мен бірден оларға хабарлаймын.

6) Мен виртуалды кеңістікті қолдану туралы ережелерді ата-анаммен талқылауға тырысамын. Біз бірлесе отырып, менің компьютерде қанша уақыт отыратынымды, қандай сайттарға кіре алатыным туралы ақылдасып шешеміз. Мен ата-анамның рұқсатынсыз басқа қадамдарға бармаймын».

Бұл Ресей елінде бекітілген ереже болғанымен, барлық елге қажетті тәртіп. Егер әр бала дәл осы міндеттерін өз-өздеріне қайталап, талап қоятын болса, олар қалай болғанда да ата-анаға жақын қалыптасады.

Англияда балаларға сексуалды зорлық-зомбылық көрсетілсе, оған қарсы шараны балаларды эксплуатациялау мен Виртуалды қауіпсіздік орталығы атқарады. Бұл орталық халықаралық ұйымдармен біріге отырып, көптеген қызметтер жасайды. Педофильдерге қарсы күрес кезінде құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып күрес жүргізіледі. Оларды іздестіру кезінде чаттарды, мобильдік хаттар мен әлеуметтік желілерді, яғни, facebook, vkontakte, instagram, twitter және тағы басқаларын да тексерістен өткізеді. Виртуалды қауіпсіздік орталығы мұғалімдер мен ата-аналарға виртуалды бағдарлама мен арнайы сабақтар топтамасын құрып шықты. Бұл арқылы балалардың жаман адамдармен байланысу кезінде хабарлап отырады.

Бірақ біздің қоғам бұл тақырыпта мәселесін кең түрде талқылап көрген жоқ. Қазақстанға да жоғарыда атап кеткен елдердегідей ақпараттық компаниялар мен ақпараттық кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қорғайтын азаматтық бағыт кеңінен насихатталуы қажет.

Агрессияны таратуға бейім бұқаралық ақпарат құралдары бүткіл біртұтас қоғамға зиянын тигізеді. Мұны мемлекеттік органдар мен ақпарат тарататын компаниялар анық түсінуі қажет. Қоғам назарын аударту тек қана жоғарыдағы билікте емес, қарапайым халықтың да қолында тұр. Егер ата-аналар мен мектеп мұғалімдері, қоғамдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдар балаларға назар салып, оларға көмек көрсете алса, қоғам да ойлана бастайды.

Қоғамдық шараларға мына қызметтер жатады: бұқаралық ақпарат құралдары туралы халықаралық тәжірибелер сараптамасы. Сонымен қатар, агрессияға толы БАҚ пен мемлекеттік органдардағы конференциялар, дөңгелек столдардағы мәселелерді шешу деңгейіндегі ағартушылық қызмет. Заңсыз жолмен аудио-видео, баспа өнімдерін таратумен айналысатын заңсыз контентті интеграциялау арқылы қарсы тұратын желілерді қалыптастыру. Ата-аналармен қоса, мектеп ұжымдарына да балаларды қадағалай алуы үшін интернетті қолдану мәдениетін арттыратын сабақтар өткізілу, білім беру. Интернет қызметті қолдануда ата-аналар балаларының тарапынан болатын шапшаңдықты арттыратын әлеуметтік жарнама қызметі. Жеке балаларға арналған телеарналар мен интернеттік ресурс желілерін жасау.

Қазіргі кезде жас ұрпақтың білім деңгейі мен олардың оқуларының сапасы, қоғамда өзін-өзі ұстай алатын сауаттылығының болуы тікелей медиа білімге де байланысты. Мектеп оқушыларының ақпараттық қауіпсіздік жағынан да дамуы ең тиімді жолдар болмақ. Әйтсе де, педагогтар балаларды тек бұқаралық ақпарат құралдары тарататын өнімдермен таныстырып қана қоймай, барлық жағынан толыққанды ақпараттарды білу керек. Сабақ кезінде де, оқудан тыс уақытта да медиа мәдинетті қалыптастырған абзал. Сондықтан да педагогтар балалардан көп білу үшін, медиа білім беруде де шеберлікке ие болып, асып түсетін деңгейге жеткен жөн. Еліміздің енді дамып келе жатқандығынан, көп нәрсені шет елдерден көріп білуге тура келеді. Ресей елінде және басқа да шет мемлекеттерде медиалық білім беру оң нәтижесін көрсетіп келе жатыр. Тәжірибе мен теория ұштасқан әлемде, медиалық білім беру жүйесі бүгінгі қоғамның прогрессивті тенденциясын көрсетті. Медиалық білім беру туралы ақпараттық материалдар да бар. Сондықтан зерттеу жасалғанда бұларға ашылып ешкім тоқтала бермейді. Өйткені, сол туралы жеке еңбектерден қарап шығуға мүмкіндік бар. Қазақстан бойынша да медиалық білім беретін мектептер ашылған болатын. Атап айтсақ, №31 мектеп-гимназия және тағы басқа да мектептер бар. Бұл бастаманы көптеген зерттеушілер қолдаған, олардың пікірінше де мұны ары қарай дамыту керек.

Балалармен жеке жұмыс жасайтын ұйымдардағы мамандардың да жұмыстары еленіп келеді. Бұрындары ересек балаларды көшедегі қауіптен қорғайтын болсақ, қазір үйде отырған баланы кибер кеңістіктен қорғауға міндеттіміз. Әйтпесе, бала денсаулығына қай жағынан қарасақ та зиян келуі мүмкін. Олардың қауіпсіздігіне алаңдамас үшін ең бірінші осы кибер кеңістіктің қыр-сырын үлкендер жақсы меңгеру қажет. Осы мәселеде ұстаздардың да ақпараттық әлем туралы білім дәрежесі кішкене балақайларға қарағанда едеуір заман талабына сай емес, артта қалыңқырағанын олардың өздері де мойындаған болатын. Сол себепті де алдымен ұстаздар қауымының білім деңгейін арттыру маңызды болып отыр.

Мұғалімдер сабақ беру кезінде ақпараттық технологияларды шамадан тыс көп қолданбау қажет. Өйткені оқушы балаларға келетін зиян көбірек болады. Сондықтан да мұндай қауіп-қатерлердің алдын алған жөн. Тәрбие сағаттары қойылғанда да мектеп оқушыларының ақпаратты тарату, үйрену, оқу мәдениеті назар аудару керек. Сонымен қатар, медиалық білім беруді де дамытқан жөн. Медиалық білім беру сабақтарында ақпараттық әлемде қауіпсіздікті сақтау жолдарын көрсете алу керек. Балаларды толықтай қорғай алу – ата-ананың қолында екендігі барлық зерттеу жұмыстарында қорытындыланды. Осыған орай ата-аналармен мектеппен тікелей байланыста болғаны жөн. Мектепке телекоммуникация ұйымдарынан мамандар шақырып, ақпараттан баланы қорғаудың жолдарын үйренетін тренингтер ұйымдастыру. Бұл ата-анамен қоса, мектептегі мұғалімдерге де өз пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, баланы қорғау шаралары жайлы талқыланатын жиналыстар жасау. Бала өз мүддесінің бар екендігін ешқашан ұмытпауы қажет. Оларды қорғайтын учаскелік дәрігерлер мен іскі істер департаменті, байланыс департаменті мектептерге келіп, балаларға зиянды әрекеттерден аулақ болуды тапсырып, жиындар өткізіп кету керек. Жалпы ұйымдар мен елдегі ведомстволар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқаны жөн.

Бұқаралық ақпарат құралдарына балаларды қорғау мақсатында жасалған ұсыныстар реті мынадай: телеарналардан көрсетілетін хабарлар мен бағдарламалар, баспасөз өнімдерін де қайта қарап шығу. Сонымен қатар, ересектерге арналған бағдарламаларды кешкі уақытқа қойып, ол бағдарламаларды кодтау қажет. Осы мәселеге бей-жай қарамай, көретін көрермендеріне сай уақыттарын қою керек. Балалар біліммен сусындап, сапалы білім мен рухани азық алатын бағдарламаларды көп көрсеткен абзал. Табиғат пен жалпы адами құндылықтар – бала зәру тақырыптар.

Ұстаздың да бала үшін орны бөлек. Органдарға мектеп оқытушыларына байланысты мынадай ұсыныстар бар. Ең бірінші, мұғалімнің беделін арттыру. Ұшан-теңіз еткен еңбектеріне сай жалақыларын арттыру. Педагогика саласына балаларды өз қалаулары бойынша жіберу керек. Телеарнадан шығатын бағдарламаларды қадағалап отыратын органдар оның позитив сыйлатын сипатына аса мән беру керек.

Кәсібилік қашан да шыңға шығаратын өнер. Мектептен сауатты түлек шығу үшін де ұстаз кәсіби болу керек. Сондықтан да, олардың кәсібиліктерін тексеріп тұрған жөн.

Сонымен қатар, «Қауырт желіні» енгізіп қана қоймай, интернеттегі желілерді бақылауда ұстап отыру аса маңызды. Отбасы құндылығы – тәрбие мен мәдениет. Әлеуметтену үрдісі бойынша баланың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету олардың адами қасиеттерін қалыптастыруға көмектеспейді. Отбасылық орта мен әлеуметтік қоршаған ортаның өзіндік айырмашылықтары бар. Алайда екеуіне ортақ қасиет – этика. Орнымен тұрып, орнымен жүрген бала еш жаманшылыққа ұшырамайды.

Ел үшін, әлем үшін ауқымды тақырыпқа пікір білдіріп, өз үлесіңізді қосыңыз!

 

        Қорытынды бөлім

  «ТӘРБИЕ МЕН САНАДА ШЕКАРА БОЛА МА?!»

     

Осы зерттеу жұмысымның әр бөлімінде ақпараттық ортаның жасөспірімдердің дамуына кедергі келтіретін зиянды мәліметтерге де бай екендігін айтып келемін. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы басқа елдерге қарағанда, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау бойынша халықаралық стандарттарға әлі де сай емес екендігі анықталып отыр. Сондықтан дамыған елдер қолданған ұсыныстарды да бізге де пайдаланып, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін зиянды мәліметтерден сақтап қалудың маңызы зор.

Қазіргі таңда балалар өте көп ақпараттық ресурстарды біледі және оларды белсенді түрде пайдаланады. Дербес компьютер барлық баланың үйінде бар. Басым көпшілігі интернетті қолданады. Сонымен қатар, өздерінің жеке DVD плеері, бейнеплеер, бейнемагнитофон және әрине жеке ұялы телефондары да бар. Ата-ана баласының ешкімнен кем болғанын қаламайды да, сұраған дүниесін алып беруге тырысады. Кейде мұның да зиян шектіретін тұстарының бар екендігін көріп жатады.

Қалалық жердегі бала мен ауылдық жердегі баланың айырмашылығы кімнің қаншалықты қауіпті ақпараттармен миларының уланып жатқандығы. Бұл жұртшылықтың назарын өзіне аударып отыр. Қалада тұратын балалар түнгі мезгілде де компьютерлік ойын клубтарында жиі болса, ауылдағы балалар мұндай «әуестікті» көп көре бермейді. Иә, әрине барлығында да ұялы телефон бар. Неше түрлі ойындарды сол арқылы да ойнап жатады, бірақ көп емес, оның да шегі бар. Шектен шыққаның санасында да шекара болмайтыны белгілі. Сол себептен, ата-анаға бағынбайтын «тіл алмау», «тыңдамау» секілді қасиеттер пайда бола бастайды.

Бұрынғыға қарағанда балалардың көпшілігінің дінге құмарлық танытуы көбейіп барады. Өйткені тура жолға барар тұста адастырар нешетүрлі ағымның бар екенін де біле бермейді. «Сақтансаң сақтармын» деген сөзді есте ұстап, ата-аналар иман тақырыбына қызыққан балаларды қадағалап, тиісті нұсқаулар берсе құба-құп болар еді. Өйткені, үйге діни әдебиеттер тарататын әртүрлі оқиғаларға да куә болдық. Оған, «Жас Қазақ» газетінде 25 қаңтар күні жарияланған «Интернатта қайдан жүр?» деген мақала негіз бола алады. Бұл мақалада Библия кітабының оқушыларға сыйлық ретінде берілгендігі туралы айтылған. Осы тұста Інжілдің қазақ шаңырағында жатуына ешкім бей-жәй қарамау керек деп санаймыз.

Спорт секцияларына, үйірмелерге баратын, қолөнер, шеберлік жұмыстарымен айналысатын балалар реті көп емес. Өйткені балалар бос уақыттарының барлығын теледидар алдында немесе компьютерде өткізеді. Ата-ана бақылауында болмаған, күні-бойы интернетте отыруға олар да әбден үйреніп алған. Үйде интернет болса болғаны, әлеуметтік желіні ақтарып жата береді. Тіпті бұрынғы қазақтың етекке оралып қонақтан қалмайтын балаларын да көрмейміз. Көпшілікті, адамдармен қарым-қатынасты қазіргі таңда балалар жақтыра бермейтін болған.

  ОСЫ ЖҰМЫСЫМДЫ ЖАЗУ БАРЫСЫНДА ТҮЙГЕН ОЙЫМДЫ МЫНАДАЙ ҰСЫНЫСТАРМЕН ӨРБІТПЕКПІН:

Әсіресе балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне арналған халықаралық деңгейде қолданыс тапқан әдіс-тәсілдерді біздің елде де қарастыру қажет. Бүгінгі баланың болашағы – біртұтас қазақ елінің ертеңі екені белгілі. Сондықтан да, әлемдік дамыған мемлекеттер секілді шектеу де көп қойылу қажет-ақ. Атап айтқанда, күндіз тікелей эфирден көрсетілетін бағдарламалардың тақырыптары мен айтатын әңгімелерінің заңда бекітілгендей жасөспірімдерге сәйкес келмейтіндерін жаптыру керек немесе түнгі мезгілде ғана жіберілуін талап еткен абзал. Мысал ретінде бір ғана «Өз ойым» бағдарламасының бір ғана тақырыбын алайық. «Пәктігімді сатамын» дегендей атаулар қойып, жалған кейіпкерлерді пайдаланып, халықты соның ішінде кішкентай халықтың санасын ашықтан-ашық улауға жол берілмеу қажет. Кейін бұл кейіпкердің рөл ойнағандығы анықталды. Ал Қытай сияқты мемлекеттер осы тақырыпқа қатысты хабар жүргізіп, әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударды. Әлем елдерінің алдында қазақ қыздарының абыройы тапталды. Осындай қазақ қыздарының тәрбиесіне жат нәрсені насихаттау – оның мемлекеттің түп тамырына балта шабумен тең. Жас қыздар теледидардан сондай кейіпкерлердің жәйбарақат отырғандарын көріп, «солай істесек ештеңе етпейді екен ғой» деген ойда қалулары мүмкін. Қазақ балаларына жаман мен жақсыны ажыратып, ашық сахналарды көрсетпей-ақ, осы заманға дейін тәрбиелеп келген. Сондықтан да, мұндай көрсетілімдер мен жарияланымдарға бей жай қарауға болмайды.

Сонымен қатар, әлемнің алпауыт мемлекеттері өз елінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданатын бағдарламаларды «сүзгіден өткізу» жүйесіне Қазақстан да енгізілсе, теледидардан, әр үйдегі компьютерден балалардың психикалық, рухани, дене денсаулығына зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктің теріс әсерінен сақтап қалар еді.

Сатылымға шыққан теледидарлардың өзіне, код енгізіліп, фильтр салыну Жапония секілді елдерде заң бойынша қадағаланады. Арнайы сүзгісі жоқ теледидарлар сатылмайды, оған мүлде рұқсат жоқ. Қандай керемет! Бұл күндіз-түні жұмыста жүретін ата-аналардың балалардың ақпараттық қауіпсіздігін сақтауына да үлкен көмек болады. Өйткені, Жапонияда мұндай теледидарларда эротика мазмұнындағы бағдарламалар, сексуалды бейнелер және тағы басқа зиянды мәліметтер автоматты түрде бұғатталып, көрсетілмейді. Технология барлығын өзі реттеп отырады. Арнайы цифрлау кодтары бар. Міне, бұл біздің елімізде де қолданылса, ата-ана бақылауы болмаса да, балалардың ақпараттық қауіпсіздігі қамтамасыз етілер еді.

Қазіргі таңда орыс, ағылшын немесе басқа тілді мультфильмдер де кішкентай ғана балақайларға едәуір әсер етуде. Атап өтетін болсақ, Спанч Боб – Санди, Мадагаскар – Арыстан, Скубиду, Шрек, Мамонт, Гарри Поттер, Том мен Джерри және тағы басқа мультипликациялық кейіпкерлерді ұнатып, олардың ерекше образдарына сүйсінеді. Тіпті еліктеп, қызығатын да бейнелер бар, мысалы, Бен Тен, Человек-Паук, Бетман, Наруто, Аватар. Көздеріне мінсіз боп көрінген бұл шетел кейіпкерлеріне қазақ балаларының құрметі тым жоғары. Оның бір дәлелі, қандай мереке болсын, шара болсын, баланың бәрі осы «қолдан жасалған» кейіпкерлердің бейнесінде болғандарын қалайды. Оны ата-аналар да жақсы біледі. Ал біздің елімізде «қолдан жасамай-ақ» қызығатын, сүйсінетін, еліктейтін бейнелер, тұлғалар жетерлік. Мысалы, Бекзат Саттархановтың бейнесін насихаттап, сапалы түрде көрсете білсе, қазақ баласы «қазақ батыры» атануға қызығатын шығар? «Ер Төстіктің» бейнесін жоғары деңгейде көрсете алсақ, «мен Человек-паук боламын» деген сөздер «мен Төстік боламын» деп өзгерер ме еді?! Сондықтан да, бұқаралық ақпарат құралдары насихаттайтын, көрсететін, жазатын, жариялайтын дүниелері жасөспірімдер мен ересек балаларға бірдей қазақылықты дәріптеп, зиянды ақпараттардан алыс болса игі.

Зерттеу жұмысымызды қорытындылай келе, ата-ананың ықпалы да өз туған баласының болашағы үшін маңызы зор екенін айтқым келеді. Барлық адамзатқа бұл түсінікті болғанымен, байыбына барып, жауапкершілікті толықтай сезінетіндер аз. Сезінсе де, бар ынта-жігерін сарп етіп кірісетіндер де көп емес. Адамды бұзатын да, түзейтін де үш негіз бар. Ол – қоршаған орта, араласатын достары, қызығатын істері. Әрбір ата-ана осы үшеуін бақылауда ұстаса, баласының кіммен достасып жүргенін біліп, жақын таныса келе олармен араласауына рұқсат беру керек. Бұл теріс бағыттағы адамдардың етегінде кетудің алдын алады. Көп ата-ананың жіберетін қателігі – ашық сөйлеспеу. Қазір тек материалдық тұрғыдан толықтырып тұрса ғана, балаға барлық керекті бердік деп санау қалыптасып кеткен. Ата-ананың баламен қатынасы «тамақ іштің ба?», «сабақ оқыдың ба?», «ақшаң бар ма?» деген сұрақтардан ары аспайды. Бұл бала тәрбиелеу емес, кәдімгі төрт түлік малды қарағандай, уақытылы жемін салып тойдырып қойса болғаны...

Артық кетіп айыпты болмайық!

Қысқасы, ата-ана баланың сабақта не істегенін, кіммен күнделікті уақытын өткізетінін, неге қызығатынын, компьютерде қандай ойын ойнап жатқанын, қанша уақыт интернетте отыратынын, мектепке баруға неліктен құштар емес екенін және тағы басқаларын біліп, бақылауда ұстайтын болса, барлық қауіптің алдын алған болар еді. Бұл зерттеу жұмысының да мақсаты осы. Осы мақсат іске асып жатса, зерттеу барысындағы еңбектің зая кетпегені деп білемін.

 

 

 Абылова Шалқар Абылқызы,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер