Дәулет және "Ер-Дәулет"

4312
Adyrna.kz Telegram

Белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы кеңес одағының палуаны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыхановты елеулі елу сегіз жасымен құттықтады. Жүрек жарды жазбасын өз Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әйгілі балуан. Ардақты азамат. Майталман маман. Әлемдік деңгейдегі күрес спорты құрылымдары басшыларының бірі. Атақ-даңқы жер жарады. Солай екен деп, кеуде кергенін көрмеппіз. Көркем мінезді. Кішіпейіл. Қайырымды. Сөйлесе қалсаң да, сапарлас болсаң да, соған көзің жетеді.

Басқа да өнегелі істері баршылық.

Тоқсаныншы жылдардың басында белгілі кәсіпкер Еркін Қалиевпен бірлесіп жекеменшік ақпарат мекемесін ашты.

Танымал екі жігіттің есімдерінен құралған "Ер-Дәулет" ақпарат агенттігінің тілшілері әлем құлақ түрген оқиғалардың ортасына барып, дүниенің түкпір-түкпірінен хабар таратқаны жұртшылықтың есінде болар.

Агенттік өкілдері мемлекет басшыларының ресми сапарларына да бірге аттанды. Жан алысып, жан беріскен айтулы спорт сайыстарынан тікелей репортаж берді.

Алаш туы желбіреген олимпиадалардың төрінде де "Ер-Дәулеттің" сайыпқыран сарбаздары жасын ойнатты. Осының бәрі жекеменшік ақпарат құралын құрып, оның тізгінін белгілі де беделді журналист, қайраткер-қаламгер Қыдырбек Рысбековке сеніп тапсырған Дәулет балуанның арқасы еді. Қаршадайын тау қопарып, тас жарып үйренген Қыдыр дос басты сосын қамшыны... Аз жылда агенттіктің атын қалың елге танытты. "Ер-Дәулет" - өз заманында өз міндетін орындай білген ақпарат құрылымы.

Қазақ жырының ерен жүйрігі Мұрат Мөңкеұлының:

Балуан, байлық, батырлық,

Үшеуі қолдан келмей жүр, -

деген өлең жолдары бар.

Мұрат ақын атап көрсеткен осы үш ұғымды жүрегімен сезініп, жөнімен қадірлеген, қанасынан аспаған, кемерінен таспаған қарапайым қазақтың бірі, еліміздің парасатты перзенті Дәулет Тұрлыханов бүгін елу сегіз жасқа толды.

Туған күніңіз құтты болсын, Дәуке! Амандық тілейміз!

Дәулет Болатұлы Тұрлыханов 1963 жылы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Туризм және спорт академиясын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Палуан, грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Қазақстанның және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, және жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және күміс жүлдегері, қола жүлдегері, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы, 24-25-ші Олимпиадалық ойындарының күміс, қола жүлдегері болған.

“Адырна” ұлттық порталының ұжымы да туған күніңізбен шын жүректен құттықтайды!

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер