Абай облысында аяқ киімге тапсырыс берген әйелге бір қорап есірткі келген. Бұл туралы Polisia.kz жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«2 желтоқсанда Үржар полиция бөлімінің “102” жедел арнасына 59 жастағы әйелден хабарлама келіп түсті. Ол 30 қараша күні бір жұп аяқ киімге тапсырыс бергенін, алайда сол күні тапсырысты алған кезде аяқ киімнің орнында өсімдік тектес ерекше иісі бар жасыл түсті зат болғанын айтты. Кейінірек әйелге қораптың иесі хабарласып, курьердің сәлемдемелерді шатастырып алғанын мәлімдеген. Әйел онымен қораптарды ауыстыруға келіседі, ал тәртіп сақшылары белгісіз заттың иесін ұстау операциясына кіріскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері аудан орталығында 34 жастағы жұмыссыз ер адам ұсталды»,—делінген хабарламада.
Күдіктінің үйін тінту барысында өсімдік тектес және ерекше иісі бар скотчпен оралған 4 ұқсас қорап табылып, тәркіленеді. Сараптама көрсеткендей, зерттеуге ұсынылған зат салмағы 72 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды.
Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар сыбайластарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.