«Қазақстан – менің Жерұйығым». Желіде орыс қызының флешмобы қолдау табуда

2824
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше орыс қызы Қазақстанда тұратын өз ұлтының өкілдеріне арнап, "Қазақстан - менің Жерұйығым" атты флешмобты бастаған болатын. Бүгінде жан-жақтан қолдау тауып, ұлты орыс қазақстандықтар парақшаларына бейнеүндеулерін жариялап жатыр.

Бүгін Жастар ассамблеясының мүшесі, «Оберег» украиндар қоғамы жастар қанаты төрағасының орынбасары Юлия Лугаткина Facebook парақшасына қазақ тілінде бейнежазбасын жариялады.

“Сәлеметсіздер ме?! Менің есімім-Юлия Лагуткина. Тәуелсіз Қазақстанның жас азаматшасымын. Ұлтым орыс болса да, қазақ тілі, қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті және тарихы жүрегімде ерекше орын алады. Біз Қазақстан Республикасының біртұтас халқымыз. Сондықтан елімізде ешқандай этносаралық және ұлтаралық алауыздыққа жол бермейміз. Біз біргеміз!”, -деді бейнежазбада.

Сондай-ақ, жазбасы арқылы көпті сүйсіндіріп, желі қолданушыларының ықыласына бөленуде.

“Ұлты, діні, дәстүрі айырмашылығына қарамастан, бәрімізді бір Қазақстан халқы екеніміз біріктіреді! Міне, 30 жылдан бері орыстар, қазақтар, белорустар, украиндар, немістер, татарлар және басқа да ұлттар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Барша қазақстандықтарды арандатушылыққа мән бермеуге шақырамын. Біз ұлттық және ұлтаралық алауыздыққа жол бермейміз, өйткені басты байлығымыз – бірлік, күшіміз – сан алуандық!” ,-деді Юлия жазбасында.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер