"Депутаттарға қазақ тілін үйретуге 27 миллион теңге жұмсалмақ" - Тіл жанашырлары не дейді?

11340
Adyrna.kz Telegram

Жақында БАҚ-та "Парламент депутаттарына қазақ тілін үйретуге 27 миллион теңге жұмсалмақ" деген ақпарат жарияланып, қызу талқыға түсті. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай өз Telegram-арнасында хабарлады. 

Осындай қысылтаяң шақта «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» деген мекеменің депутаттарға мемлекеттік тіл бойынша тренингтер өткізуге 27 млн-нан астам сома жұмсауы қай қисынға сыяды?! 30 жыл ішінде қазақ тілін меңгеруге еш құлшыныс білдірмегендерге ана тілін үйретуге мемлекет есебінен осындай қомақты қаражат бөлудің не мәні бар? 

«Adyrna.kz» тілшісі осы мәселеге қатысты тіл жанашырларының пікірін сұрап білді.

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

 

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры:

 

«ДЕПУТАТТАР АУЫЛҒА»

“Дипломмен ауылға” деген бағдарлама бар ғой. Сол сияқты дым қазақша білмейтін, “менің кінәм емес, тек орысша айтамын”, - деп өз-өздерін ақтап, “удобный” тілде ғана сөйлейтін депутаттарды “Депутаттар ауылға” деп бағдарлама жасап жіберіп, орысша сөйлемейтін, түпкір-түпкірдегі интернеті де, жолы да жоқ, қыс болса, шыға алмайтын, нағыз қазақы ауылдарға жіберу керек. Екі қоянды бір оқпен атамыз. Үкіметтің қаржысы да босқа шашылмайды. Ауылға барып жұмыс істеп, қара халықтың жай-күйін “ішімен” сезіп, қазақылықтың иісі шығып тұрған жерде қазақшаны да тез үйренеді. Ауылға да, өзіне де пайдасы тиеді. Ауылдың өмірі қандай болатынын көрсін. Мал ұстап, қораның иісін сезіп, шөп тасып, көмір кіргізіп, пеш жағып, сиыр сауып, май-құрт жинап, атқа мініп дегендей…»

Тұрар Сәттарқызының айтуынша, депутаттарымыз осының бәрін өз көздерімен көрген соң, ауылға деген «көзқарастары» өзгеріп, түбі ауылдарымыз да гүлденер...

«Ұлттық коды оянып, ана тілі, ұлттық құндылығын ұғынып, 62 тамырымен қазақ екенін сезінсін. Тіпті кереметі-тек өздері ғана емес, отбасы да қазақша үйреніп, балаларын қазақ мектептеріне береді. Сөйтіп қазақ тілінің мәртебесінің артуына атсалысады. Қазақша үйрену үшін орта керек ғой дегенім ғой. Енді “халық қалаулысымыз” деп жүр ғой, ауылдың өмірін көрмеген “халық қалаулысы” қалай болмақ? Ауыл -қазақтың алтын бесігі. Тіл де, діл де, қазақы болмыс та ауылда. Әйтпесе, қазақтың қазақша сөйлеуі үшін ақша бөлгеніміз, тіпті ұят екен…»

 

«ӨЗ ҚАЗАҒЫМЫЗҒА ҚАРАҒАНДА ӨЗГЕ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕДІ»

«Бүгін фейсбукте бір жазба оқыдым. Сол жазбада орыстың бір әйелі: «Біз өз мемлекеттік тілімізді үйренгіміз келеді. Бірақ, біздің елде барлығы ақылы. Ал ақылы түрде оқуға жағдайым жоқ. Сапалы тіл үйрететін орындар болса»,- деп жазыпты. Шынын айтқанда, қазір Украина мен Ресей мәселесіне тоқталсақ, осындай орыс тілді өзге этнос өкілдерінің біздің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы байқалып отыр. Тағы бір мысал, алдында бір балабақшаның ашылуына бардым. Сөйтсем, орысша екен. Сосын сөз алып: «Балаларыңызды қазақшаға беріңіздер, мемлекеттің тілін қолдаңыздар! Оны сіздер үйренуге тиіссіздер!, - деп едім. Сол кезде өзге этнос өкілдерінің әжелері орындарынан тұрып: «Дұрыс айтасыз. Біз балаларымызды да, өзіміз де қазақша үйренгіміз келеді. Немерелерімізге қазақ тілінде кітап сатып алып, үйретіп жүрміз», - деп біздің тілімізге шын ықылас, ниет білдіргендеріне өзім іштей қуанып қалдым»

Алайда сол орыстілді балабақшадағы өзіміздің қаракөз қазақтар «қазақша» білмейтіндеріне дым арланбайды екен...

«Балаларын орыстілді балабақшаға беріп, орысша оқытып жатқан өзіміздің қаракөз қыз-келіншектер бізге мүлде мән бермей, теріс қарап отырды. Осыған бола жан-жүрегім ауырды... Соған қарағанда көрші елдің қазіргі мүшкіл жағдайы келесі мүмкіндікке жол ашып отыр: Міне, мемлекеттік тілімізді нағыз қолға алатын, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, тұғырыққа қондыратын уақыт келді! Мен мұны сезіп тұрмын. Өз еліміздің азаматтары, өзге этнос өкілдері қазақша үйренеміз дейді.  Осындай сәтті пайдаланып неге тегін, сапалы қазақ тілі курстарын ұйымдастырмасқа, бастысы ниет бар екен. Тіл комитеті ойланыңыздар! Әлі дайын емеспіз деп қашанғы отырамыз. Мемлекеттік тіл мәселесін шешетін кез - дәл осы кез! Үйренемін деп жатқандар бар!»

 

«ДЕПУТАТТАР БӘРІБІР ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНБЕЙДІ, ӨЙТКЕНІ ОЛАРДА НИЕТ ЖОҚ!

 

«Осы уақытқа дейін тілге деп бәленбай ақша құрттық. Мемлекеттен бөлінген ақшаға депутаттар қазақ тілін үйренбейді. Өйткені, оларда ниет жоқ. Одан да мына ниеті бар халыққа өтіріктен өтірік тілге бөлеміз деп емес, қайта бюджеттен еш қаржы жұмсамай қарапайым халықты үйрететін әр кітапхананың, әр мекеменің, әр әкімдіктің жанында тіл үйренемін дегендерге курстар ұйымдастыру керек. Нұр отан, құр отан деп жалаулатпай, ақырындап осылай ана тілімізді тегін үйрете берсек нәтиже шығады. Осыған қатысты жобаларымды да, идеяларымды да тіл басқармасына талай рет ұсынғым да келіп еді. Бірақ, олар қабылдамады. Аралас мектептерді, орыс тілді мектептердің өзін алайықшы... Ол жақтарда қазақ тілі өз деңгейінде оқытылмайды. Қаншама балалар қазақ тілінен мақұрым болып, дым түсінбеуде... Бұл біз үшін сын! Осындай мәселелердің бәрі де уақытылы шешілуі керек, дәл қазір қолға алуымыз тиіс. Ал дәл депутаттарды ақша бөліп оқыту деген мүлдем миға сыймайды! Оған қарсымын. Неге? Себебі, ол халықтың қалтасынан шығатын ақша. Адам үйренгісі келсе, өз ниетімен үйренуі керек»

 

Қанат ТАСЫБЕК, «Ситуативный казахский» кітабының авторы, тіл жанашыры:

 

БҰЛ ЖӘЙ ҒАНА «ШУ ШЫҚСЫҢ» ДЕП ОЙЛАСТЫРЫЛҒАН ИНФОПОВОД

«Біріншіден, бұл қоғам ішінде қызу талқыға түсіп, жәй ғана «шу шықсың» деп ойластырылған инфоповод деп ойлаймын. Былай қарасаңыз, 27 млн деген ақша шу көтеретіндей онша көп сома емес. Міне, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 33 жылдан асты. 1989 жылы осы мәртебеге ие болған еді. Содан бері жыл сайын «тіл мәртебесін көтереміз» деп миллиардтаған ақша бөлді ғой. Бізде бөлінген қаржы мемлекеттік тілді білмейтін жан басына шаққанда қанша екенін көрсететін нақты бір статистика жоқ.  Бірақ едәуір ақша жұмсалды. Сондықтан «27 млн» деген бер жағы ғана...»

 

«БІЗ 30 ЖЫЛ БОЙЫ ОСЫЛАЙ ШУЛАП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ»

«Әрине Парламентке тіл білмейтін депутаттар өткеннен кейін оларды үйрету керек. Мен оған қарсы емеспін. Тек қана мемлекеттік тілді білетін, қазақ тілінде еркін сөйлесетін депутаттарды сайлау керек десе, әрине... Дұрыс-ақ. Бірақ, соларды өздері сайлады ғой... Өзіміз де көріп отырмыз, ант бергенде де кейбіреулері  ежектеп оқи алмады. Сондай да болды. Бұл әңгіме қылатындай сома емес. Біз 30 жыл бойы осылай шулап келе жатырмыз. Қоғамды дүрліктіріп әдемі «инфоповод» беріп қояды да, ол әңгіме үлкен дауға айналып, қызу талқыға түседі. Кезінде «латынға көшеміз» деп Тұңғыш президентіміз айтқанда, бәрі бірінен соң бірі қалмай дүрлігіп шулады, кейін қоя салды. Одан кейін 10 жыл ештене жоқ. Бәрі үнсіз. Содан кейін тағы шулап шығамыз.. Осы үрдіс кете береді, кете береді... Барлығы осы сарында келе жатыр»

 

«ТІЛ КОМИТЕТІ ҰҚК-НЕН ЖОҒАРЫ КОМИТЕТ БОЛУЫ КЕРЕК»

«Тіл мәселесі арзан әңгімеге айналды. Қазақ елінде қазақ тілінің тағдырын шешетін кім? Тіл саясаты комитеті, тілдерді дамыту басқармасы! Енді бұл іс басында отырған басшы беделді, абыройлы адам болуы керек қой. Тіл саясаты комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетінен кем емес комитет болуы керек. Тек қана «инфоповод» болғанда тауықтар сияқты айтамыз, шулаймыз, сосын ұмытып қайта қоя қоямыз. Әрқайсысы әрі қарай дым болмағандай өз жемін шұқып жүре береді. Мұндай жарамайды. Бұл тіл саясатының кемшілігін көрсетеді, оның деңгейін жоғары көтеру керек. Тіл комитеті болса ҰҚК-нен жоғары комитет болуы керек»

 

Бибігүл ӘБДІҒАЛИ, тіл жанашыры:

 

«ОЛАРҒА 27 МЛН ТҮГІЛІ 27 ТИЫН БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ!»

«Бүгінгі күнге дейін тіл саясатын дамытуға 380 млн-нан астам қаражат бөлінген екен дейді. Енді сонда топас адам топас болып қалғаны ғой... Осы уақытқа дейін тіл үйренбегендерді үйретіп қажеті не?! Ең өкініштісі, мемлекеттің басында қазақ тілін білмейтіндер отыр. Қазақ тілін қолдаймын. Өзімнің ұлтымды сүйемін, өзімнің тілімді сүйемін. Кезінде қызметте істегенімде де облысқа барып таза қазақ тілінде сөйлейтін едім. Сол кезде орыстар «Мынаны түсінбедік» - деп айтпайтын. Түсінбей отырса да үндемейтін. Қайта өзіміздің қазақтар «кішкене орысша болғанда ғой» деп қалатын... Жоқ, қазақша сөйлеймін дейтінмін... Бәрі адамның тәрбиесінен екен. Оларға 27 млн түгілі 27 тиын беруге болмайды! Ішімнен әттең... Қазақ тіліміз түбі жеңіп, мемлекеттік тіліміз төрге шықса екен деп тілеймін!»

Бибігүл Әбдіғалидың айтуынша, елдің алға жылжып, өсіп-өркендеуі ел алдында жүрген азаматтарға тікелей байланысты... Олар қазақша сөйлесе, соңынан ерген халық та қазақша сөйлейді.

 

«БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ 31 ЖЫЛ КЕШІГІП ҚАЛДЫҚ»

«Қазақ тілінде сөйлемейтін қазақтарға жаным ашиды, не айтарыңды білмейсің... Балаларына дейін орысша сөйлейді, бетіңе қарап дым түсінбей тұрады. Бірдене десең, басын бәлеге қалады. Бұлданып, ренжіп шыға келеді... «Балық басынан шіриді»- деген осы. Ата-бабамыздың айтып кеткендерінің бәрі құнды, таң қаламын... Қандай керемет сөздерді айтып кетті екен деп қайраң қаламын... Елдің ел болып дамуы басшылардан деп ойлаймын. Президент халыққа айтып, жан-жағына түсіндіріп, мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айтса, әркім өзі үшін үйренеді. Міне, тәуелсіз мемлекет болғанымызға 31 жыл. Сол тәуелсіз мемлекетте бұл мәселені шешуге 31 жыл кешігіп қалдық. Тәуелсіздік алған жылдары әуел баста бәрі балаларын қазақ мектебіне бере бастады, орыстар да қазақ мектебіне беретін. Сол кезде бәрі қазақша сөйлейтін. Басты қателік - кейін бұл үрдісті босатып алдық. Жоғары жақтан орыстар ықпал етті ме, кейін тілімізге шектеу қойылды... Дей тұрғанмен түріктер, ұйғырлар бәрі де қазақша сөйлейтін...»

 

Темірғали АРШАБЕК, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының мүшесі:

 

«БІЗ ШЫНДЫҒЫНДА ОЛАРҒА ҚАРАЖАТ БӨЛУІМІЗ КЕРЕК ПЕ? ӘРИНЕ ЖОҚ»

«Иә, шынында қазір қоғамда үлкен өзгерістер болып жатыр. Әсіресе мынау 16 наурыздан кейін елдің алдында жаңа бір серпіліс пайда болды. Кейінгі кезеңде қазақ тіліне қоғам ішінен жақсы бір сұраныстар туындайын деп тұр. Осы кезекте ғаламторда өзіміздің «халық қалаулылары» мемлекеттік тілді үйренуі үшін оларға 27 млн ақша бөлінеді деген ақпарат шықты. Бұл бір жағынан жариялылық болуы керек. Екінші жағынан біз шындығында оларға қаражат бөлуіміз керек пе? Керек емес пе? Әрине керек емес. Өйткені, Парламент -  заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы болса, депутаттар заңды тұлғалар болып саналады. Сондықтан осы кезекте олар мемлекеттік тілді білуге міндетті. Мұның ешқандай қажеттілігі жоқ деп есептеймін»

 

Руза БЕЙСЕНБАЙ-ТЕГІ, тіл жанашыры:

 

«ЕСІ ДҰРЫС ЕЛДЕ ДЕПУТАТТАР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОНСЫЗ ДА БІЛУІ КЕРЕК ЕДІ...»

«Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат тағы «суға» сіңіп кете ме деген ойдамын. Есі дұрыс елде «депутаттар» априори тілді онсыз да білуі керек еді. Үшіншіден, олардың жауапкершілігі, жүрегінде осы елге, ұлтқа деген махаббаты болса, өздері де әрі кетсе 2-3 айда үйренер еді...»

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, қоғам белсендісі:

 

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕЙТІН ДЕПУТАТ ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫН БІЛМЕЙДІ»

«Мемлекеттік тілді білмейтін депутат халықтың мұң-мұқтажын біледі деу халықты алдау... Сондықтан, парламенттегі саяси партиялар мемлекеттік тілді білмейтін депутаттарын кері шақырып алуы тиіс... Ақша жұмсайтын жер таппасаңыздар айтыңыздар...»

 

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Осы ақпаратқа қатысты мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өзінің Facebook парақшасында алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, бюджеттен қазақ тілін меңгеруге қаржы бөлінуіне қарсы шықты.

 

Ерлан САИРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

"ДЕПУТАТТАРҒА БЮДЖЕТТЕН ҚАРЖЫ БӨЛУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!"

 "Мәжіліс депутаттарына мемлекеттік тілді меңгеруге бюджеттен қаражаттың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл - мемлекетіміздің басты символдарының бірі. Сондықтан, мемлекеттік тілде сөйлеу әрбір мәжіліс депутатының борышы. Депутаттардың басым көпшілігі қазақ тілін еркін меңгерген. Геннадий Шиповских, Снежанна Имашева, Наталья Дементьева, Ильяс Буларов қазақша бізден артық сөйлемесе, кем сөйлемейді. Бұл әріптестереміз мемлекеттік тілді басқаға кәсіби түрде үйрететін әлеуеті бар! Басқалары өздігінен үйренеді. Бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ"

30 наурыз күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа қазақ тілін үйренуге қатысты сауал жолдады.

 

"ТІЛ САЯСАТЫ ҚАЙТА ҚАРАУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ"

«Қазіргі өте күрделі геосаяси жағдай еліміздің ішкі саясатының көптеген аспектілерін қайта қарауды талап етеді. Осынау терең мәселенің бірі тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы. Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждахатты түрде бола отырып,  өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет. Мемлекеттік тіл қоғамның ынтымағының, бірлігінің символына айналуы өте маңызды!мемлекеттік тілді үйретудің бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу абзал!"

Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытуға баса назар аударылған!

 

"МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАРЖЫ ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛҒАНЫН АШЫҚ КӨРСЕТУ КЕРЕК!"

"Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалғандығы жөнінде ақпарат ашықтығын қамтамассыз ету маңызды! Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі жөнінде, қанша адам үйреніп шықты, қанша адам тілдік бірінші, екінші сатыға өткендігі жөнінде сараптама жасау қажет. Ерікті азаматтардың қазақ тілін үйренемін деушілерге әдістемелік тәсіл жағынан көмектесуге қабілетті бағдарламаларын мемлекеттік органдар қаншалықты тиімді қолдануда? Осы мәселелер бойынша Үкіметтің құзырлы органдарының қоғам алдында есеп беруі қажет».

Депутат мемлекеттік тілді дамытудың арғы жағында ел мен жер мәселесі тұрғанына баса назар аударды.

 

"МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДА - ЕЛ МЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ ТҰР!"

«Мемлекеттік тілді дамытудың арғы жағында - ел мен жер мәселесі тұр! Қазақстан Мемлекеті мығым болуы үшін ана тіліміз асқақтауы маңызды! Қазақ тілі қоғамның ынтымақ, бірлігінің уығы, елдің консолидацияның тірегі болуы  тиіс! Мәселе бойынша шешім қабылдап, нәтижелерін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауды сұраймыз»

 

Айдос САРЫМ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

"27 МЛН ТЕҢГЕ ДЕГЕН КӨП АҚША ЕМЕС"

«Менің ойымша, 27 миллион теңге деген көп ақша емес. Осында астанада жүрген біраз қазақ тілін оқытушы мұғалімдерге еңбек орны, жақсы мүмкіндік»

«ӨКІЛЕТТІЛІГІ ЖОҒАРЫ ҚЫЗМЕТКЕР КЕМ ДЕГЕНДЕ ҚАЗАҚША ТҮСІНІП, ӨЗ ОЙЫН ЖЕТКІЗЕ БІЛУІ КЕРЕК»

"Кем дегенде Президенттікке осындай міндеттеме қоятын болсақ, қоғамдық үлкен өкілетті органға барып жатқан азамат белгілі бір, енді оны керемет дәрежеде білмей-ақ қойсын. Бірақ енді адамдармен тілдесетін , сөйлеп жатқан баяндамашының сөзін түсінетін дәрежеде білгені дұрыс қой"

 

Наталья ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

«ДЕПУТАТТАРДЫҢ БӘРІ ӨЗ АҚШАСЫНА РЕПЕТИТОР ЖАЛДАП, ҚАЗАҚША ҮЙРЕНІП ЖҮР»

"Өз басым қазақша еркін сөйлеймін. Ал әріптестеріме келсек, біріншіден, барлығы өз қолдарында. Мұғалім ретінде айтар болсам, қазақ тілінде қарым-қатынас жасау, қазақ тілінде еркін сөйлеу, қарым-қатынасты білу бір бөлек. Ең алдымен, термин сөздерді білуіміз керек. Егер қазақ тілін оқыту методикасына назар аударар болсақ, бұл мүлде басқа әдістеме. Жалпы депутаттардың қазақ тіліне деген қатынасына назар салатын болсақ, олардың бәрі өз ақшасына репетитор жалдап үйреніп жүр"

 

"ОҢ НӘТИЖЕ ШЫҚПАСА, ПАРЛАМЕНТ БҰЛ ҚАРАЖАТТАН БАС ТАРТУЫ ТИІС "

"Мен нақты сол қаражат бойынша білмеймін. Бұл жерге басқа жағынан қарауымыз керек. Әрбір оқудың аяғында нәтиже болуы керек. Бұл - Парламенттің шешімі. Егер жыл соңына қарай біз осы нәтижені қарайтын болсақ, егер оң нәтиже шықса, онда ол жақсы. Ал егер нәтиже шықпайтын болса, онда Парламент бұл қаражаттан бас тартады деп ойлаймын"

 

Халық қалаулылары болып саналатын өзге депутаттар бұл маңызды мәселеге мән бермей, үнсіз қалуды жөн көрген сыңайлы... Дей тұрғанмен «Жаңа Қазақстанға» аяқ басқан елде «мемлекеттік тілді дамытамыз» деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржы бұрынғы үйреншікті «әдіспен» нәтижесіз жұмсалмаса екен деп тілейміз...

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер