Оралдағы әділетсіздік: Қылмыс орнынан 130 шақырымда болған адамды қылмыскер деп соттаған

3834
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі адам құқығы мен сот әділдігіне күмән келтірушілер өте көп және оны негізсіз деуге де болмас. Тіпті «Қасіретті қаңтар» оқиғасында рұқсат етілмеген әдіспен ұсталғандардан жауап алу, оларды қинау әдістері қолданылғаны жайлы ресми билік мойындап, бүгінде бірнеше құқық қорғау орган өкілдерінің тұтқындалғаны рас. «Адырна» ұлттық порталына күнделікті әділдік іздеп, ақпараттық қолдау сұрайтын жандардың хаттары мен өтініштері келіп тұрады. Соның бірін назарларыңызға ұсынамыз.

2020 жылы Орал қаласында ақша айырбастау пунктіне шабуыл жасалды. Артынша қылмысқа қатысы бар деген екі азамат ұсталды. Олар Құтжанов пен Хасенов есімді азаматтар болатын. Олар қылмыс жасағанын бірден мойындайды. Алайда кейіннен белгілі болғандай, қорғаушылары оларға қатысты рұқсат етілмеген тергеу әдістері, ұрып-соғу мен қинау тәсілдері қолданылғанын айтады. Мысалы Хасеновты қақаған аязда жұқа киіммен сыртқа тұрғызып, дәретханаға баруға рұқсат етпеген деген сұмдықты қорғаушылары айтты. Сол сынды Құтжановқа да қысым көрсеткен. Міне, осы қысым көрсету барысында тағы бір «кінәлі» табылған. Ол Баянов Дархан есімді жігіт. «Оның бұл қылмысқа қатысы бар» деген мойындауды алу құқық қорғау органдарына топтық қылмыс (ОПГ) бабын ашу үшін керек болған дейді қорғаушылар. Үш адам болса, онда берілетін жаза да арта түседі. Сондықтан еш кінәсі жоқ, қылмысқа түк қатысы болмаған Дархан Баяновты іске қосып жібергенін Дарханның әкесі мәлімдеп, президент Тоқаевқа арнайы бейнеүндеу де жариялады.

Дархан Баяновтың қылмысқа қатысы барына нақты бірде бір дәлел жоқ. Тек қана Хасенов пен Құтжановтың мойындауы ғана бар. Алайда ол мойындаудың да қандай жолмен келгені белгілі дейді қорғаушылар. Хасеновтың денсаулығына зақым келген, ол аязда ұзақ тұруынан болса керек. Құтжановтың да бірінші байлығы сыр берген. Оларға қатысты прокурорға арнайы тексеру жүргізу тапсырылса да, істі жеңіл-желпі қарап, жылы жауып қойған. Ал Баяновқа тағылған негізсіз айып өте ауыр. «Адам ұрлау», «тонау» және «шабуыл жасау». Міне, осы баптармен ол 9 жылға сотталып кетті. Хасенов пен Құтжанов болса 8 жылға сотталған. Әкесі баласының кінәсіз екенін айтады, тіпті оның қылмыс болған сәтте қалада емес, Оралдан 130 шақырым жердегі Ақсайдан Оралға келе жатқаны биллинг арқылы дәлелденген. Баяновқа қатысты бірде бір бейнетүсірілім, куәгерлердің жауабы, оны таныған бірде бір куәгер жоқ. Қорғаушылар тіпті құжаттардағы қолдарды да қолдан жасап, өзгерткенін айтады. Алайда соған қарамастар сот осындай айыптау шешімін шығарған.

Баяновтың жақындары мен қорғаушысы ел президентінен араша сұрап, істің әділ шешілуін өтінеді. Әкесі бейнеүндеуді қобалжып жазғанын айтады. Бүгінде ұлын алаңдаған әкесінің денсаулығы да сыр берген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер