Ауыл баласы оқудан неге шығарылды?

2482
Adyrna.kz Telegram

Екібастұз медицина колледжінің 4-курс студенті Айдана Темірболатова дипломын қолына алатын шақта оқудан шығарылды. Оның Екібастұз қалалық орталық ауруханасында жатқан анасы Светлана әрі аурумен арпалысып, әрі қызының болашағына алаңдап шарқ ұруда. Айдананың оқудан шеттетілу себебін білмек болып, мұғалімдеріне хабарластық.

Медколледж мұғалімдерінің айтуынша, Айдананың денсаулығы соңғы уақытта мәз болмаған. Ковид дертіне қарсы вакцинаның 1-кезеңі оған теріс әсер етіп, ауруханада дерматиттен емделуге мәжбүр болған. Одан кейін көп ұзамай денсаулығынан тағы ақау шығып, бұл жолы оның өкпесі сырқаттанғаны анықталып, тағы да ауруханаға жатып шыққан. Осылайша, төрт жыл бойы ауыл мен қаланың ортасында сабылып жүрген студент сәуір айында №1 емханаға практикаға барған. Айдана практика құжаттамаларын қорғауға кесілген мерзімде келе алмапты. Өйткені анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Светлана Сыздықованың денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскен. Толық емес отбасында 11 жасар Ақботаға қарайлайтын адам болмағандықтан, Айдана ауылда сіңлісіне қамқор болып, анасына керек-жарағын апарып тұрған. Отбасының ауыр халі колледж басшылығы мен мұғалімдерінің назарынан тыс қалған.

Әрине, біз колледж мұғалімдерін біржақты кінәлай алмаймыз. Себебі Айдана практика құжаттарын уақытылы тапсырмағанына өзі кінәлі. Бірақ құжаттамалардың уақытылы толтырылып, ретімен жүргізілуін сонау сәуір айынан бері практика жетекшісі неліктен қадағаламағаны белгісіз. Біз Айданадан сабақ үлгерімі жайлы сұрадық. «Кілең беске оқыдым деп айта алмаймын. Алған бағаларым – «үш» пен «төрт» аралас. Бірақ хирургия пәнінен неше алғанымды білмеймін, өйткені бізде бұл пән дұрыс жүргізілген жоқ, тіпті толыққанды жүргізілмеді деуге болады. «Зачеткамызды» ешқашан қолымызға алып көрген жоқпыз, ол оқу бөлімінде жиналып тұрды. Ал электронды күнделік дегенді естіген де емеспіз, медициналық колледж ондай ұғымнан алыс», - деді.

Айдананың анасы Светлана Клара Қабышқызы атты зейнеткер мұғалімге де өкпелі екен. Біз аталған мұғалімге ата-ананың неге ренішті екенін зерттеп жатпадық, тек бар болғаны «Жұмыссыз жастар үйіріліп отырғанда зейнеткер мұғалімдерді ұстау қашанғы жалғаспақ?» - деп сұрағымыз келеді.

23 маусымда бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар басталады. Өкінішке қарай, Айдана емтиханға жіберілген жоқ. Басшылықтың оны оқудан шығару туралы бұйрығы шығып қойыпты. Анасының ауыр халде жатқанына, сіңлісінің қараусыз отырғанына қарамастан...

Төрт жыл Арқаның қысында аязға тоңып ауыл мен екі ортаны тоздырған еңбегі далаға кеткен қазақ қызы мемлекеттік емтиханнан құлап жатса, өзі кінәлі дейсің ғой. Ал ол болса шын мәнінде сәуір мен маусым арасында – бақандай үш ай бойы тәжірибеге қатысқанын емханадан берілген мінездемесі айғақтап тұр...

Егер студент практика құжаттамасын уақытылы қорғай алмаса, колледждегі практика жетекшісі қайда қараған? Хирургия пәні неге толық жүргізілмеді? Ауыл баласының тағдырына неге осынша немқұрайды болдық?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын Екібастұз медицина колледжіне жабылу қаупі төніп, мәселеге жергілікті қазақ журналистері араласқан болатын. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» деуші еді қазақ. Аталған жайттың бәрінен колледж басшылығы қорытынды шығарса керек-ті...

Айтпақшы, Екібастұзда медицина мамандары тапшы. Бұл тапшылық, әсіресе, ковид індеті асқынып тұрған шақта қатты байқалды. Алайда бұл жайт та колледж басшылығының қаперінен тыс қалған...

Жанаргүл Қадырова,

Павлодар облысы

Пікірлер