"Басынан ұрған": соққыға жығылған сарбаздың ата-анасы дабыл қақты (ВИДЕО)

5236
Adyrna.kz Telegram

Атыраудағы ҰҚК шекара қызметіне қарасты №2016 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан 19 жастағы маңғыстаулық сарбазды ұрып-соққан, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, Медет Амангелді 11 шілде күні соққыға жығылған. Содан бері қарай денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Бірақ әскери бөлімдегілер  ата-анасына «Медеттің есі ауысып, ішіне жын кірген» деп хабарлаған.

Медеттің анасы Дина Мергенбаева ұлының әлсіреп қалғандықтан сөйлейтін жағдайда емес екенін айтып, «шаршатпашы»деп оған сұрақ қоймауымызды өтінді.

Ал өзі біздің сұрағымызға ұлы Медетпен 9 шілде күні ұялы телефонмен сөйлескенде, оның «Мама, уайымдама, менің жағдайым жақсы, қызметімді атқарып жүрмін» деп жауап бергенін жеткізді. Оның айтуынша, Атырауға соққыдан басынан зақым алған баласының денсаулығын толық тексертіп, оған не болғанын анықтау үшін келіп отыр. Ол «баламның басын ЭЭГ, МРТ-ға түсіру үшін келіп тұрмын, бірақ, бізге оны алып кетуге рұқсат бермей отыр» деді.

Медеттің әкесі Октябрь Төлемісов әскери бөлімге шақыртқан жедел жәрдем көлігінің ұлын әкетуге асықпағанын айтты. Біз әскери бөлімнің алдына келгенде бірнеше минут өткен соң әскерилер Медеттің жедел жәрдем көлігіне отыруына рұқсат берді. Оның қасына анасы бірге отырды, ал әскерилердің бірге баруына туыстары қарсы болып, көлікке кіргізбеді.

Осы кезде Медеттің әкесі әскерилерден ұлының соққы алғанына бір апта болса да бірде-бір рет ауруханаға неге апармағанын, басын МРТ-ға неге түсірмегенін және өздері түсірту үшін рұқсат неге бермей отырғанын сұрады. Ол «әскерилер дәрігерлермен келісіп, шынайы диагнозын жасыруы мүмкін» деген күдігін ашық білдірді.

Ал Медеттің әкесінің інісі Төре Төлемісов «бір сағаттан асты, әлі жүрмеді, себебі, әскерилер оны облыстық ауруханаға апарғысы келмей, өздерінің ауруханасына апарамыз деп, рұқсат бермей отыр» дейді:

- Олар өз ауруханасында өзара таныс дәрігерлерімен келісуі мүмкін. Әскерде таяқ жеген бала ауырып, өліп кетсе кім жауап береді? Қазір жасөспірімдер не үшін әскерге барғаннан қорқады? Міне, осындай заңсыздықтардан!

Медеттің туыстары әскери полицияның тергеу ісін ашқанын Атырауға келгенде білген. Төре Төлемісов әскери полицияға бара жатқанын, оған Медетті түсіріп алған екі видеоны тапсыратынын айтты. Медет бірінші видеода өзін кім, қашан, не үшін ұрғанын айтқан. Медеттің айтуынша, ол басқа сарбаздармен бірге 10 шілде күні туған күнін атап өткен. Ал келесі күні түскі үзілісте оны кеңсе бөлмесіне бір аға сержант-старшина шақырып, осы үшін ұрып-соққан. Бірақ Медет туған күнін атап өтетіні жайлы алдын ала ескертіп, рұқсат алғанын айтады. Екінші видеода Медет 12 шілдеде таңертең санитарлық бөлімге барғанын, 13 шілдеде таңертең көлікпен бір капитанмен қалаға шығып, оның өзіне «ішімде адам бар, жын бар, сөйлейді, үшінші қабат қауіпті сияқты маған, секіріп кетейін деп жүрмін деген әңгімелер айт. Солай айтсаң, сені мешітке жібереді» деп айтқызғанын, сол себепті «мешітке бару үшін бәрін айтқанын» айтады.

 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер