Қайнар Олжай қайран қалды

1957
Adyrna.kz Telegram
Сейітқазы Бейсенғазыұлы бізге жас кезімізден үлгі еді. Ол 2-курс бітірген соң студенттік құрылыс отрядына командир болды. Біздер - 1 курс студенттері түгелге жуық сол отрядқа жазылып, жаздың үш айында Нарынқолда құрылыс салдық. Әрбіріміз кеңестің 1200 сомы мөлшерінде жалақы алып, бір жырғап қалғанбыз.
Қазаққа қиын заман туған 1986-88 жылдары Қарағанды облысында қатарласа еңбек еттік. Секең ең беделді ҚазТАГ тілшісі. Біз жастар газетінің тілшісі болдық. Артымызда аңду барын ескертіп, сақтандырып жүрді.
Осындай қиқу оның басына 2016 жылы күзде қайта оралды. Сол жылдың көктемінде біз Матаев тұлғасы туралы телебағдарламаға түсіруге құлшынғанбыз. "Қайнар-жан, қоя тұр, бір мәселелер шықты, солар біржақты болсын" деген. Бұл мәселенің бақандай алты жылға созыларын біз қайдан білейік.
Бүгін ақталыпты. Өзі де, ұлы Әсет те. Тергеу дұрыс жүрмеген депті. Оны барша халықтың іші сезетін. "Ал тергеу дұрыс жүрмей жатыр" деп жазуға оқталғанымызда, істі тергеп жүрген тергеуші "Матаев айналасындағы журналистерді өзін қорғауға тартып жатыр" деп байбалам салған. Оң ниетіміз теріске шығар деп тілімізді тістегенбіз.
Жоғарғы соттың жеті судиядан тұратын қылмыстық істер жөніндегі алқасы 2022 жылғы 19 шілдеде Сейітқазы мен Әсет Матаевтар ешқандай қылмыстық әрекет жасаған жоқ деп тұжырыпты. Әрі қылмыстық істі жүргізген органның заңсыз әрекеті кесірінен келтірілген шығынды қайта толтыруға хақылы депті. Иә, Алматының Фурманов даңғылындағы қирап жатқан Ұлттық баспасөз клубын жөндеттіруге болады.
Матаевтар оқиғасы - бірнеше жағынан ерекше. Алдымен - бұл асқан қайсарлық үлгісі. Өздерінің кінәсіз екенін білгендіктен, "жаздық-жаңылдық" деп жалынбай, аяғына дейін шыдады. Екіншіден, бұл сонау Рысқұл мен Тұрардан кейін әке мен баланың бірге түрмеде болуы. Үшіншіден, патша заманындағы озбырлықтың Назарбаев заманында қазаққа қайта оралуы еді. Одан да арылып жатқандаймыз.
Адалдықтың ақ туын желбіреткен Матаевтар әулетіне ризамыз.
Қайнар ОЛЖАЙ, 
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер