Университет маманының қателігінен оқуға түсе алмай қалған шымкенттік түлекке грант берілетін болды

2331
Adyrna.kz Telegram

 Жасмин Тастан  есімді шымкенттік түлек ҰБТ-да 120 балл алған еді. Алайда қабылдау комиссиясының қателігінен тегін білім алу мүмкіндігінен айырылып қалды. Алайда, бұл мәселе шешілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Түлектің ата-анасы оқу орнының басшылығы мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне шағым түсіреді. Кейін бұл мәселе әлеуметтік желіде біршама резонанс тудырады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мәселені тез арада назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Оған өзі қалаған университеттен грант бөлінетін болды.

“Ғылым және жоғары білім министрлігі мамандары бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қателік түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады.

Ал, құжат қабылдауда қателік жіберген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына «сөгіс» берілді”, деп жазды ҚР   Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлер мен тестілеуге қатысушылардың құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер