Жастарды жұмыспен қамту – ерекше назарда

1420
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімдігінде өткен жедел кеңесте өңір басшысы Ғали Есқалиев өңірде жұмыспен қамту деңгейінің төмендігін, жастармен жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жиын барысында коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

БҚО жастар саясаты басқармасының басшысы Дулат Имашевтың айтуынша, қазіргі таңда «Болашағың өз қолында» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламаларды нақтылау жұмыстары жүргізілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 700-ге жуық жас маманға көтерме жәрдемақы ретінде 213,3 миллион теңге, 307 маманға жалпы сомасы 1 386,9 миллион теңгеге тұрғын үй алуға несие беріліпті. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 1175 адам жұмысқа орналасса, «Студенттік құрылыс жасақтары» жобасы бойынша небәрі 460 квота игерілген, өз кезегінде 8 мыңға жуық жас маман кеңес алып, жұмыспен қамту орталықтарына жіберілген. Сондай-ақ жоба аясында биылғы жылдың соңына дейін 500 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жазда кәсіпкерлер мен жас мамандардың кездесулері ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда «Модисал» жиһаз фабрикасымен колледж студенттерін өндірістік тәжірибеден өткеннен кейін жұмысқа орналастыру үшін келісімшарт жасалған. Оқуын аяқтаған аспаздар мен даяшыларды жұмысқа алу үшін мейрамхана иелерімен келіссөздер жүргізілуде екен.
Өз кезегінде облыс әкімі ресурстық орталықтың жұмысына қатысты бірқатар ескертулер жасап, БҚО әкімдігі аппаратының басшысы Абат Шыныбековке басқарма жұмысын жандандыруды тапсырды.

– Бүгінгі таңда жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Алғашқы жұмыс», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары көп. Бұл бағдарламалар бойынша кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ қысқа мерзімді курстар бар, талап етілмеген мамандықтар бойынша мамандарды оқытудың қажеті жоқ, еңбек нарығына назар аудару қажет, – деді Ғали Есқалиев.

Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Фарида Раджапова облыстағы 1204 нысанның 334-ін кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлік басқаруға беруге болатынын атап өтті. Соңғы төрт жылда нысандарды жалға беруден түскен кіріс шамамен 500 миллион теңгені құрады. Ал қала әкімі Миржан Сатқанов соңғы екі жылда сатып алу құқығы жоқ 10 нысанның қала әкімшілігіне берілгенін айтты. Осы уақыт ішінде бюджетке 12 млн. түсім түскен.

– Биыл 32 нысан жалға берілді.Өткен сегіз айда бюджетке 18 млн. теңгеге жуық қаржы түсті. Жыл соңына дейін тағы үш нысанды сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырмыз, – деді М.Сатқанов.

Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыс жолдарында 205 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 67 адам қаза тауып, 251-і жарақат алған. Бұл туралы жиында БҚО ДП басшысының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин баяндады.

– Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жылдамдықты арттыру, көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі және көлік жүргізу кезінде алкогольді ішімдік ішу. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бері маневр жасау ережесін бұзған 4144 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жылдамдықты арттыру салдарынан 31 адам қаза тауып, 166 жүргізушіге қарсы жолаққа шығып кеткені үшін айыппұл салынды Көбінесе үй жануарлары да жол-көлік оқиғасына кінәлі болады. Өйткені, түнде жолда жануарларды байқау өте қиын. Ағымдағы жылдың басынан бері 1899 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 265-іне ескерту жасалып, жалпы айыппұл сомасы 8 млн. 151 мың 183 теңгені құрап отыр.Бұл фактілер мал бағудың бақылаусыз болуына байланысты, – деді Ж.Жаншин.

Облыс әкімі аудан әкімдері мен ветеринария органдарына барлық ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына автожолдардағы билбордтарды жаңарту бойынша ұсыныстар берілді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер