Сырымдағы дүбірлі той

1655
Adyrna.kz Telegram

Батыр, қолбасшы Сырым Датұлының туғанына 280 жыл және көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толуына орай Сырым елінде дүбірлі той апта бойы толастамады. Күллі алашқа ортақ тойға алыстан ат арылтып келген қонақтарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бастаған ел азаматтары күтіп алды. Меймандар алдымен батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Сырым шыққан төбеге» тағзым етті.

Бұдан әрі ұлан асыр той аламан айтысқа, дүбірлі бәйге мен тазы жарысына ұласты.
Даладағы дүбірлі додаға жиналғандар әуелі құмай тазылар жарысын тамашалады. Әр ауданнан қосылған тазылар әп дегенде суырыла алға шыққандарымен, Бәйтерек ауданынан келген Марат Мұхтаровтың тазысы 1 орынды иеленсе (50 000 т ) 2- 3 орынды Нұрлан Мұхтаровтың тазысы (30 000 - 20 000 тг) алды. Нұрлан Маратұлы Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылының тұрғыны. Оның құмай тазыларды баптаумен айналысқанына бес жылдан асқан. Атадан мұра кәсіпті жалғаған ол бірінші орынды әкесі баптаған тазының бермейтініне сенімді болғанын айтады. Бойындағы жеті қазынаның бірі саналатын қазақы тазыларға деген қызығушылығы ерекше екенін жасырмады. Қазір 5 құмай тазысы бар. Осы додада да Мұхтаровтардың тазылары алғашқы үш орынды да ешкімге бермеді.

Бұдан соң кең даланы дүбірлеткен,бапкерлерді толқытқан 2 айналымдық «тай жарысы» басталып, соңы 6 айналымдық «топ бәйге» және 8 айналымдық «аламан бәйгеге» ұласты. Үш түрлі бәйгенің нәтижесінде «Тай жарысында» 1 орынды Асылбек Жаңабаевтың «Қараторғайы» (Ақжайық ауданы, 250 000 теңге) иеленсе , екінші орын Қалдыбек Нұрпейісовтың «Тұмарына» (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, 150 000 теңге) бұйырды. Үшінші орынды Мейрамбек Умировтың «Самалы» (Қобда ауданы, 100 000 теңге) еншіледі. «Топ бәйгеде» Темір Кәкім баптаған «Тасқын» (Теректі ауданы, 800 000 теңге), «Аламан бәйгеде» Бекбол Байжарқыновтың «Месисі» (Ақтөбе облысы, 1 000 000 теңге) ешкімді шаңына ертпеді.
Ал айтыстың атасы, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман тізгіндеген «Сырым – айбарым, Жаһанша – байрағым» атты республикалық ақындар айтысына төл өнерге сусындағын халық көп жиылды.

Жыр додасында сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықи, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Мұрадым Мирланов, Бекарыс Шойбеков пен үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Сыр сүлейлерінің сынығы Нұрмат Мансұров пен Нарынның нар қызы Жансая Мусина сөз қағыстырып, үш сағатқа жуық халықты ұлттық өнермен сусындатты. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сегіз ақынның әрқайсысына елдің атынан ат мінгізіп, жүйріктерді баптаған Жүрсін Ерманға шапан жауып, құрмет көрсетсе, облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов Жүрсін Молдашұлына ат мінгізді.


Жүрсіннің жүйріктері қатысқан аламан айтыстан соңы гала концертке жалғасты. Өңірімізге танымал өнер иелері Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Тарас Жауынбаев, Камила Шайхиева, Қанат Төлепқали, Данабек Үмбетәлілер Сырымның аспанында сырлы әндерін қалықтатты. Қазіргі таңда тыңдармандарының жүрегін жаулаған жастардың сүйікті әншісі Садраддин Болат кештің шырайын кіргізді.

Пікірлер