"Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық": DALA DAUYSY республикалық конкурсы жарияланды

1967
Adyrna.kz Telegram

Елімізде «DALA DAUYSY» республикалық конкурсы жарияланды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің фейсбук парақшасында хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Қай дәуірді алып қарамайық, өзінің үнін, бейнесін, шежіресін міндетті түрде тарих жылнамаларына жазып қалдырады. Әр халық өзінің өнері мен тілін, ұлттық музыкасы мен әдебиетін өркендету арқылы жас ұрпаққа жол нұсқайды. Бұл қадам қазіргідей жаһандану жағдайында тіпті ерекше мәнге ие", - деп хабарлады Дәурен Абаев. 

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жаңа өнер туындылары авторларын қолдауға бағытталған «DALA DAUYSY» республикалық конкурсын жарияладық. 

"Жалпы қоры 46 млн теңгені құрайтын конкурс негізгі үлкен 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтиды. Оның ішіндегі, «25 қазан – Республика күні» ұлттық мерекесін өнерпаздарымыз шығармашылықтарына арқау ету үшін арнайы тағайындалған «Республика әні» (эстрада жанры бойынша патриоттық әндер) номинациясын ерекше атап кетуімізге болады", - деп жазды министр. 

Сонымен:
«Үздік фольклорлық музыка»;
«Үздік классикалық музыка»;
«Үздік драматургиялық туынды»;
«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы»;
«Республика әні» (Эстрада жанры);
Мәдениет және спорт министрлігінің 2 арнайы жүлдесі.

"Жаңа авторды елге танытуға, тың туындылардың көпшікке таралуына, патриоттық әндердің кеңінен насихатталуына серпін беретін конкурс шығармашылық иелерін бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. Өнерпаздарымыз бәйгеге аттарын қосып, бақтарын сынайтын, жеңімпаздар қомақты жүлдемен марапатталатын жаңа жобаны бірге қолдайық!", - дейді Абаев.

Конкурс туралы толық ақпарат Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының www.kaztheatre.kz сайтында көрсетілген. Өтінімдер 15 қазан мен 15 қараша аралығында қабылданып, сыйлықты тапсыру кезеңі желтоқсан айына жоспарланып отыр. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер