"Қазақтар, өздеріңді сыйласаңдар "Динара" кафесіне мүлде бармаңдар!.." - ақын Танагөз Толқынқызы

3954
Adyrna.kz Telegram

"Динара" кафесінің әкімшілігі қазақша мәзір сұраған азаматтарды шеттетіп, "нацист, фашист" деп айыптады. Қазақ тілділерге сарқынын төгіп, тұтас қазақты айыптаған Рамиль Мухоряпов Facebook пен Инстапарағындағы кешірім сұраған видеоларын өшіріп тастады. "Адырна" ұлттық порталы қазақ тілі мен алаштілділердің шеттетілгеніне қатысты белсенділергдің, журналистер мен шығармашыл азаматтардың ой-пікірін топтастырды.  

Бэлла Орынбетова, журналист:

АҚШ-та өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін нәсілдік сегрегация болғанын білесіз ғой, қара нәсілділер кірмейтін кафе, дүкен, қоғамдық көліктер болды. Сол сияқты қазақ тілді тұтынушылар кірмеуі керек пе "Динара" сияқты кафелерге? Заңмен мұндай алалауға тыйым салынған. Барған белсенділер құқын, заң талаптарының орындалуын талап ету үшін барған.

Танагөз Толқынқызы, ақын:

Қазақтар, өздеріңді сыйласаңдар "Динара" кафесіне мүлде бармаңдар!.. Банкротқа ұшырасын! Егер елде заң жұмыс істемесе, онда тек Махатма Гандидің тәсілін қолдану керек. Әрбір қазақ тілін менсінбейтін бизнес объектісі [ошағы, нышаны] банкрот болуы керек.

Асан Анарбай, қоғам белсендісі: 
DINARA’дағы жанжал – жараның асқынғанына айғақ. Заңды құқығын талап еткен тұтынушыларға «кафеден шығыңдар, нацист, фашист, националиссіңдер, ұлтаралық тіл – орыс тілі, соған сүйенеміз» деп, қисынсыз уәж келтірген. Осылайша мемлекеттік тілде қызмет алғысы келген азаматтардың құқығы өрескел бұзылды. Бес жылдан аса мерзімде қазақстандықтардың қазақша ақпараттану хақы аяқасты етілген.
5 ақпандағы конфликтіде кафе әкімшілігі Тілдер туралы, Тұтынушылардың құқығы туралы, былтыр қаңтардың басында күшіне енген өзгерістер туралы нормаларды өрескел бұзып қана қоймай, тұтынушылардың жеке қадір-қасиетін қорлап, ауыр сөздер айтты. Тіпті ұлтараздық тудыру қылмысының сипаты байқалды.
Дина Имамбай, журналист:
Ұлттық идентификация жүргізілмеуінің салдары осылай болады. Әлемде Қазақстан ғана емес, барлық мемлекет көпұлтты. Бірақ олар біз құсап “көпұлттымыз” деп айқайламайды, мемлекетқұраушы ұлттың тілі мен ділін басты орынға қояды.
Зейнолла Салқынбаев, қоғам белсендісі: 
Осы бәрінің санасына сіңіп қалған дүние, ол - "русский язык межнационального общения" деген сөз. Немесе, орыс тілі - ресми тіл деген ұстаным. Бұл екеуі де жоқ заңда. 1995 жылғы ҚР Конституцияға дейін орыс тілі ұлтаралық тіл болған. Қазір, 28 жыл болды оны алып тастағалы. Қазақстанда ұлтаралық тіл деген жоқ, тек мемлекеттік тіл деген ғана бар. Конституция бойынша орыс тілі тек қана мемлекеттік мекемелерде ғана қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылады делінген. Орыс тіліне "ресми" мәртебе беріп жүрген өзіміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы, қаламгер:

"Тойған соң тоқтының еті топырақ татидының" кері ғой. Мұндайларға әлі күнге дейін қазақтың наны тәтті, тілі арам боп тұр. Жауапқа тартылуы керек!

Нұрбол Сейілбек, саясаттанушы:

Екі тарапты да тыңдап алмай жатып, автоматпен келіп, кафеден шығыңдар деп көтензорлыққа салуы артық енді. Полиция қызметкерлеріне құқықтық мәдениет қажет. Мемлекеттік тілдің мәртебесін шынайы көтермей, мұндай жағдай жалғаса береді. Себебі, мемлекеттік тіл қорланған жерде, мемлекет құраушы ұлт қорлана береді.

Руза Бейсенбай-тегі, қоғам белсендісі:

Кешірмейік қазақтар, қанша кешіруге болады Қазақ елінде Қазақ тілін болдырмайтын нағыз нацис-фашистерді!? Титтей болсын намысыңыз болса, "Динара" деген кафеге аяқ аттап баспаңыздар.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер