Алматы облысы Амал мерекесін кең ауқымда атап өтті - (фото-репортаж)

2240
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Амал мерекесі – Көрісу күнін кең ауқымда тойлап жатыр. Облыс аумағындағы әр аудан, әр қаланың орталық алаңдары ән мен күйге бөленуде. Бүгін сондай игі шараның бір парасы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында да өтті.

Алатаудың баурайындағы Есік қаласы ежелден-ақ сақ-үйсін бабаларымыз қоныс теуіп,  ханзадасын алтын киіммен кебіндеген қастерлі өңір. Сол қасиетті мекенде Наурыз мейрамының бастауы саналатын Көрісу күнінің шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Тұманбай Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінің алды той-думанға бөленіп, облыс тұрғындары қазақы жаңа жылдың лебін сезінді.

Ескі жылдан жаңа жылға аман-есен жеткен, көне реніші бар екі жігіттің бір-біріне кешірім  беруінен басталған қойылым екі ауылдың татуласуына ұласты. Содан кейін алаңдағы қойылым қойып жатқан Алматы облысына қарасты халық театрларының актерлары мен өнер саласының мамандарынан құрылған екі жүзден астам адам қалың көрермендермен көрісіп, Есік қаласының тұрғындарымен араласып кетті.

Театрландырылған қойылымды қоюшылардың бұл режиссерлік шешімі актерлерді былай қойып, қарапайым халықтың да «Көрісу күнінің» мәнін терең ұғынуға жол салып берді.

Көрермендер мен актерлардың бір-бірімен шынайы көрісіп, құшақтасып жатқанына қарап, мейірім мен шаттыққа толы Амал мейрамының бүкілхалықтық мерекеге айналып үлгергенін аңғаруға болады.

Театрландырылған қойылым соңы облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.

Бишілер мың бұрала би биледі.

Әжелер шашу шашты.

Сондай-ақ, облыстың Мәдениет басқармасы Есік қаласының тұрғындарына арнап арнайы көрме де ұйымдастырған. Ол көрмеге облыс аумағындағы музейлердің құнды жәдігерлері қойылған. Есік қаласының тұрғындары тек бір-бірімен ғана емес, қазақтың көне тарихымен де «көрісуге» мүмкіндік алды.

Көрмеге зергерлер қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары мен ер-тұрман, ат-әбзелдерін арнайы әкеліпті. Саусағынан өнер тамған ұсталарға жасаған бұйымдарын саудалауға да мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, сурет, кітап көрмелерінің де көрігі қызып жатты.

Шараға қазақтың ұлттық киімін киген халық өте көп жиналды. Олардың арасында тазы жетелеген мына Алтын бала да бар.

Қыран бүркітпен бірге суретке түскен сұлу қыздар да аз болмады.

Есік қаласында өткен Көрісу күні қазақ ұлты мен өзге диаспоралар арасындағы достық қарым-қатынастың да нығая түсуіне бастамашы болары сөзсіз.

Себебі, Алматы облысындағы Амал мерекесі тек қазақтың ғана емес, облыстағы барша диаспора өкілдерінің ортақ мейрамы ретінде аталып өтті.

Наурыз - жаңару мейрамы. Сол мейрамның Амал мерекесінен басталады. Халықтың бір-бірінің үйіне қонаққа барып, өкпе-реніштерін ұмытып, дұшпанына да жақсылық тілейтін мұндай мереке кеңпейіл қазақ халқының табиғатына ғана тән дүние секілді. Есікте өткен ән мен күйге тола «Көрісу күні» мейрамы бізге соны ұқтырды.

Түйін

Алматы облыстық Мәдениет басқармасы мұндай ауқымды шараларды әр аудан, әр қалада өткізуді қолға алған. Мәселен, бұған дейін мұндай шаралар Ұйғыр, Балқаш, Райымбек аудандарында ұйымдастырылған. Мәдениет басқармасы облыстық дәргейдегі шараны аудандарда өткізу арқылы орталық пен шалғайдағы ауылдардың арасындағы мәдени байланыстың нығаюына әсер етпек. Шалғайдағы аудандардың мәдени өміріне серпін беретін бұл бастама алдағы уақытта жалғасын таппақ.

Өз тілшіміз

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер